Фото: Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі
Орташа мөлшер
Қазіргі таңда жиынтық зейнетақының орташа көлемі 157 843 теңгені құрайды. Оның ішінде:
-
ынтымақты зейнетақы – 103 931 теңге,
-
базалық зейнетақы – 53 912 теңге.
Бұл көрсеткіштер зейнетақы жүйесінің екі деңгейлі құрылымына негізделген.
Ұлттық қордан 10 жыл ішінде жұмсалмаған қаржы зейнетақы шотына аударылады
Базалық зейнетақы қалай есептеледі?
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әр азаматқа зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қарай жеке тағайындалады.
Еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйедегі жұмыс кезеңі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары аударылған уақыт кіреді.
Егер азаматтың жүйедегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық төлем ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %-ы мөлшерінде белгіленеді. 10 жылдан асқан әр жыл үшін төлем көлемі 2 %-ға ұлғаяды.
Мәселен:
-
20 жыл еңбек өтілі болса – 90%,
-
34 жыл және одан көп болса – күнкөріс деңгейінің 118%-ы төленеді.
Бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары бірнеше рет аударылса да, есептеу барысында ол бір айлық қатысу мерзімі ретінде саналады.
Сондықтан міндетті жарналар неғұрлым тұрақты әрі толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық төлем соғұрлым жоғары болады.
Ынтымақты зейнетақы неге байланысты?
Жасына байланысты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтіліне (кемінде 6 ай болуы шарт) және зейнетке шығар алдындағы орташа айлық табысқа қарай айқындалады.
Осылайша зейнетақы көлемі азаматтың еңбек жолы мен зейнетақы жарналарының жүйелілігіне тікелей байланысты. Әлеуметтік төлемдердің тұрақтылығы – мемлекет саясатының басым бағыты.