Заңға сәйкес, ерлер 63 жасқа, әйелдер 61 жасқа толғанда зейнетақы төлемін алуға құқылы. Алайда төлем автоматты түрде тағайындала салмайды. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлем алу үшін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен базалық және ынтымақты зейнетақыны рәсімдеу мақсатында азаматтар тұрғылықты жері бойынша Азаматтарға арналған үкімет корпорациясына уақтылы жүгінуге тиіс. Мұны зейнет жасына толуға он күн қалғанда жасауға болады.
Зейнетақы төлемдерінің барлық түрі өтініш берілген күннен бастап есептеледі. Егер адам зейнет жасына толған соң барып жүгінсе, өтініш пен құжаттар ХҚКО-да тіркелген күн өтініш берілген күн деп саналады. Ал зейнет жасына дейін ертерек жүгінген жағдайда, зейнет жасына толған күн негізгі мерзім ретінде алынады. Осыны ескермей, кешігіп жүгінген азаматтарға өткізіп алған кезең үшін зейнетақы төлемі тағайындалмайды.
Мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақыны рәсімдеу де уақытты талап етеді. Себебі ұсынылған құжаттар бойынша еңбек өтілі тексеріледі. Сондықтан бұл істі кейінге қалдырмай, алдын ала қамданған жөн.
Айта кетерлігі, БЖЗҚ зейнет жасына жеткенімен, төлемге өтініш бермеген азаматтарды анықтау үшін жыл сайын мемлекеттік корпорациямен бірлесіп салыстырып тексеру жүргізеді. Егер азаматқа бюджет есебінен базалық немесе ынтымақты зейнетақы тағайындалғаны анықталса, қор кесте бойынша төлемдерді проактивті, яғни өтінішсіз-ақ жүзеге асырады. Бұл ретте бұрын ХҚКО-ға ұсынылған банк деректемелері пайдаланылады.
Ал бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз белгіленген азаматтар зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ бөлімшелеріне немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы enpf.kz сайтындағы, мобильді қосымшадағы жеке кабинетке жүгінеді. Мұндай азаматтар үшін көшпелі қызмет те қарастырылған. Яғни алдын ала кеңес алып, қызметті қашықтан алу мүмкіндігі тексеріледі.
Ерікті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер жалпыға ортақ зейнет жасына жетпей-ақ, 50 жастан бастап беріледі. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға бұл төлемдер жасына және мүгедектік мерзіміне қарамастан тағайындалады. Өтініш enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы онлайн беріледі, ал төлем кестесін салымшы өзі айқындайды. БЖЗҚ-дан төлемдер зейнетақы жинақтары толық таусылғанға дейін жүргізіледі.
Қажетті құжаттардың толық тізбесі, өтініш бланкілері мен оларды толтыру үлгілері қордың ресми сайтындағы «Қызметтер – Зейнетақы төлемдері – Кесте бойынша төлемдер» бөлімінде орналастырылған.
Сонымен бірге БЖЗҚ салымшыларды алаяқтықтан сақтандырады. Қор зейнетақы төлемдерін делдалсыз әрі комиссиясыз рәсімдейтінін еске салады. Қызмет көрсету үшін ақы алынбайды, барлық төлем тек заң аясында жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдардың немесе қор қызметкерлерінің атынан хабарласқан адамдар ешқашан телефон арқылы жеке деректерді, банк картасының мәліметтерін немесе SMS-кодтарды сұратпайды. Мұндай ақпаратты талап ету – алаяқтықтың айқын белгісі.
Ұлттық қордан 10 жыл ішінде жұмсалмаған қаржы зейнетақы шотына аударылады
Мамандар зейнет жасындағы азаматтарға ғана емес, олардың жақындарына да ақпараттық қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді ұсынады. Ресми дереккөзге ғана сүйеніп, сақтық шараларын алдын ала қабылдау – зейнетақы жинақтарының қауіпсіздігін сақтаудың басты кепілі.