Бұрын «Отбасы банктегі» қарыздарды ішінара өтеу қалай жүзеге асырылды?
Банк клиенті enpf-otbasy.kz платформасына кіріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарыздың берешегін ішінара өтеу» мақсатын таңдайтын. Өтінім рәсімделген соң, зейнетақы қорындағы артық жинақтарды пайдалануға сұрау салынатын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өтінімді 5 жұмыс күні ішінде қарап, зейнетақы жинақтарының артығы болған жағдайда, біржолғы зейнетақы төлемі (БЗТ) сомасын «Отбасы банктегі» арнайы шотқа аударатын.
Қаражат түскеннен кейін клиент оны 20 жұмыс күні ішінде пайдалануы тиіс болған. Әдетте, қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеу рәсімі кезекті несие төлемі жасалатын күні іске қосылатын. Соның нәтижесінде қарыз бойынша ай сайынғы төлем өтелетін.
Тіс емдеу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалануға шектеу қойылды
Несие бойынша ай сайынғы төлем бірнеше бөліктен тұрады:
- негізгі қарыздан – бұл банктің тұрғын үй сатып алу үшін клиентке берген қаражаты;
- банктің сыйақысынан – тұрғын үй сатып алуға берілген қаражатты пайдаланғаны үшін есептелетін пайыздар;
- мүмкін болатын мерзімі өткен берешек пен өсімпұлдардан – төлем уақытында жасалмаған жағдайда есептеледі;
- кейінге қалдырылған төлемдерден – егер қарыз қайта құрылымдалған болса;
- депозиттегі жинақтардан – алдын ала қарыз берілген жағдайда.
Қандай өзгерістер енгізілді?
Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында «берешек» ұғымы «негізгі қарыз» ұғымымен алмастырылды.
Бұл дегеніміз, енді зейнетақы жинақтарының артығын пайдалана отырып, несие бойынша ішінара немесе толық мерзімінен бұрын өтеу кезінде тек негізгі қарызды ғана төлеуге болады. Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен ай сайынғы төлемді толық жабуға болмайды.
Зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алуға пайдалану тәртібі өзгертілді
Несие бойынша сыйақы (пайыздар) және ай сайынғы төлем құрамына кіретін басқа да ілеспе төлемдерді қарыз алушы өз қаражаты есебінен төлеуі тиіс.
Енді «Отбасы банктегі» қарыздарды ішінара және толық өтеу қалай жүзеге асырылады?
Жаңа талаптардың енгізілуіне байланысты «Отбасы банктегі» қарыздарды ішінара немесе толық өтеу процесін қайта бейімдеу қажет. Бұл белгілі бір уақытты талап етеді.
Алдағы уақытта бұл операция екі кезеңнен тұратын болады:
- алдымен несие бойынша сыйақы және басқа да ілеспе төлемдер қарыз алушының өз қаражаты есебінен төленеді;
- содан кейін негізгі қарыз зейнетақы жинақтарының артығы есебінен өтеледі.
Осыған байланысты «Отбасы банктегі» ағымдағы және арнайы шоттарда қажетті қаражаттың алдын ала болуын қамтамасыз ету қажет.
«Қашықтан көрсетілетін қызметтерді,мобильді қосымшаны және otbasybank.kz сайтындағы жеке кабинетті жаңа талаптарға бейімдеу мақсатында Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, қарыздарды ішінара немесе толық өтеуге арналған өтінімдерді қабылдауды уақытша тоқтатуға мәжбүр», деп түсіндірді банктің баспасөз қызметі.
Сондықтан enpf-otbasy.kz платформасында өтінімдерді қабылдау 2026 жылдың 30 қаңтарынан 31 қаңтарына қараған түннен бастап 2026 жылдың 2 наурызына дейін тоқтатылады.
Ал 2026 жылдың 30 қаңтарын қоса алғанға дейін берілген өтінімдер бұрынғы ережелерге сәйкес қаралады.
«Жаңа ережелерге сәйкес, клиент алдымен өз қаражаты есебінен ағымдағы шотта несие бойынша сыйақыны және депозитке міндетті жарнаны қамтамасыз етуі тиіс. Тек содан кейін ғана ол 200 000 теңге мөлшеріндегі біржолғы зейнетақы төлемі есебінен негізгі қарызды өтей алады», делінген банк таратқан хабарламада.