Тамыздың 28-31-і аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың Нидерланды корольдігіне ресми сапары өтуде. Оның барысында Мемлекеттік хатшы «Ядролық диллемалар: бүгін және ертең» атты халықаралық конференцияға да қатысады деп күтілуде.
Нидерланды жеріндегі Мемлекеттік хатшының алғашқы жүздесуі Нидерланды Парламенті Сенатының Вице-президенті Х. Франкенмен болды. Оның барысында тараптар екі ел арасындағы байланыстарды тереңдету мәселелерін сөз етіп, қарым-қатынастардың серпінді болуының екі жаққа да тиімді болатынын атап өтті.
Мұнан соң Мемлекеттік хатшы негізі 1997 жылдың 29 сәуірінде қаланған халықаралық ұйым – Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының Бас директоры Ахмет Узюмджюмен кездесті. Бүгінгі күні бұл ұйымға 188 ел мүше болса, Египет, Сирия, Солтүстік Корея, Сомали мен Ангола ғана мүшелікке өтпеген екен.
Кездесу барысында тараптар адамзат баласының өміріне зақым келтіретін қандай да бір қару қолданудың жантүршігерлік жәйт екеніне тоқталып, химиялық қаруды мүлдем пайдаланбаудың өзектілігін сөз етті.
30 тамыз күні сапар жалғасын тауып, Қ.Саудабаев жоғарыда аталған конференцияға қатысып, Норвегия Парламентінің Вице-президенті М.Нюбакпен, Нидерланды сыртқы істер министрі У.Розентальмен кездесуі болады деп күтілуде.
Осы сапар жайындағы толық мақаланы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Гаагадан.