Атырауда Берік Уап деген жігіт тұрады. Оның есімі көпшілікке 2000 жылдан бері жақсы таныс. Сол кезде 7 жаста болатын. Бұл – теңіз төріндегі алғашқы әрі ең ірі кеніш – «Қашағаннан» «қара алтын» табылып, еліміздің экономикалық әлеуеті әлемге тағы бір рет кеңінен танылған кез. Шіліңгір шілденің бастапқы күндерінің бірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келіп, Каспий теңізіндегі «Қашағаннан» тұңғыш мұнайын көру үшін кен орнындағы «Сұңқар» бұрғылау қондырғысына барды. Сол бір тарихи сәтке тәуелсіз қазақ елінің мұнай-газ өнеркәсібін дамытушылардың бастауындағы танымал тұлға, «ҚазақОйл» ұлттық компаниясының президенті Нұрлан Балғымбаев және облыстың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге еркін елдің ертеңіне сенімі зор жеті жасар Берік Уап та куә болды.
– Мен үшін бәрі аяқ астынан болды. Ойын баласымын ғой, бүгін соның бәрін ой елегінен өткізсем, көрген түсім секілді көрінеді. 1994 жылдан бері Солтүстік Каспий жобасына атсалысқан әкем Сәрсенбай Жағипашов «Қашағанға» жұмысқа кетіп барамын деуші еді. Біз оның жұмыстан келуін күтіп жүреміз. Негізгі мамандығы – геодезист-картограф. Бір күні мені өзімен бірге Атыраудағы әуежайға алып барды. Сол жерде Нұрлан Балғымбаев, Қасым-Жомарт Тоқаев және Иманғали Тасмағамбетов ағаларыммен әңгімелестім. Олар менің бетімнен сүйіп, өздерінің ұлдарындай сөйлесті, – деп еске алады 16 жыл бұрынғы тарихи оқиғаға айналған сәтті Берік Уап.
Белгіленген күні, яғни, 4 шілдеде компанияның мамандарымен бірге Берік Уап «Қашағанға» тікұшақпен ұшып жетті. Көп ұзамай кен орнына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Компания мамандары «Қашаған» туралы техникалық мәліметтермен таныстыра бастаған. Елбасы ше- телдік, отандық мұнайшылар арасында тұрған кішкентай Берікті көріп, бірден қасына шақырыпты. Аты-жөнін, болашақта қандай мамандық иесі болатынын сұрапты.
– Президент арнайы ыдысқа құйылған мұнайды «Қазақстанның болашағы үшін!» деп бірінші менің бетіме жақты. Сол жерде маған «Тәуелсіз еліңнің болашағына адал қызмет ететін абыройлы азамат бол!» деген батасын берді, – дейді Берік Уап. – Сонан соң «Сұңқармен» танысу барысында мені қолымнан ұстап, өзімен бірге жетелеп жүрді. Бала болсам да Нұрсұлтан Әбішұлының алақанының ыстық табы бойыма айрықша бір күш бергенін сездім.
Осынау тарихи сәттен соң Берік Уаптың тағдыры «Қашағанмен» біте қайнасты деуге болады. Бәлкім, бұған Елбасының «Қашағанда» берген батасы да, геодезист-картограф мамандығын меңгерген әкесі Сәрсенбай мен жас ұрпақты білім нәрімен сусындатқан анасы Нұрияның тәрбиесі де әсер еткен болар. Қалай дегенде де Берік мектеп жасынан болашағын «Қашағанмен» байланыстыруды ұйғарды. Сөйтіп, 2010 жылы Атыраудағы қазақ-түрік лицейін «Үздік аттестатпен» бітірген соң, бірден шетелде білім алу үшін Ұлыбританияға жол тартты. Сол елдегі Манчестер университетінде төрт жыл «Мұнай-газ ісі» бойынша толыққанды білім алды. Кейін бір жыл Шотландияның астанасы – Эдинбургтегі университеттің магистратурасында оқыды.
Шетелде білім алғанда Берік өз тағдырына оң әсер еткен «Қашаған» кенішін ұдайы есінен шығармапты. «Нұрсұлтан Әбішұлының батасы да жадымда жүрді. Жоғары білім алып, елге ораламын деп өзіме серт те беріп қойдым. Өйткені, «Қашаған» кеніші тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін ашылды. Осы мақсат үшін Елбасынан бастап, мұнай-газ өнеркәсібінің танымал тұлғалары еңбек сіңірді. Бәрінің көздегені бір ғана ізгі мақсат – Қазақстанның экономикасын өркендету! Осы мақсатты іске асыруға мен де үлесімді қосуым қажет», деп толғанған Берік былтыр Атырауға оралды. Бір жылдан бері «Қашаған» жобасының операторы – NCOC компаниясында инженер болып жұмыс істейді.
– Нұрсұлтан Әбішұлы «Қашаған» жобасына байланысты кездесулерден мені қалдырған емес. 2013 жылы Ұлыбританияның Премьер-министрімен бірге «Қашаған» жобасының таныстырылымына келгенде де, мені жанына шақырып алды. Хал-жағдайымды, оқуымның барысын сұрады. «Біліміңді жетілдіре бер, осы жобада жұмыс істейтін мықты маман болуың қажет», деп батасын берді. Ал жақында ғана Атырауға келген сапарында да «2000 жылы «Қашағанның» алғашқы мұнайын «Бұл елеулі оқиға болады» деп, жеті жастағы жас баланың бетіне жағып едім. Қазір сол бала шетелде білім алып, мұнай саласында жұмыс істейді. Сол кезде де саған бата беріп едім, қазір де батамды беремін» деді. Мұны маған артылған үлкен сенім деп ұқтым, – дейді өзінің болашағына ақжолтай болған жобаға жұмысқа орналасқан жас мұнайшы.
Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінен үш рет бата алған еркін елдің перзенті көп емес. Бірі де бірегейі болған Берік Уаптың күн сайын ертелетіп жұмысына барар алдында жаңылмайтын бір дағдысы бар. Ол – 2000 жылы Елбасының атынан сыйға берілген компьютердің алдына бес минут отыру. «Бұл – мен үшін тарихи жәдігер. Елбасының сыйлығы ретінде оны көздің қарашығындай сақтап жүрмін. Өйткені, оны мектепте оқып жүргенде көп пайдаландым. Шотландияда мұнайшы мамандығын оқып жүрген інім Аухат та осы компьютерді қолданып еді», деген Беріктің еліміз келешегінің өркендеуіне сенімі мол.
Халқымызда «Баталы ұл арымас» деген нақыл бар. Әлбетте, дуалы ауызды адамның батасы қабыл болады. Соның дәлеліндей, бұдан он алты жыл бұрын Президенттен «Қашағанның» төрінде бата алған қаршадай ғана бала енді бәсекеге қабілетті жас маман ретінде осы жобаның ел игілігіне жаратылуына үлесін қосуға оң қадамын жасады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ