Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына 40-тан аса жұмыс сапарымен келіп, оның ішінде Түркістан қаласына 13 рет ат басын бұрған екен. Мемлекет басшысының өңірге жұмыс сапарлары негізінде, облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша, «Сақ» киностудиясы «Тәуелсіздік – тұғырым» атты деректі фильм әзірлеген. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып жарық көрген «Тәуелсіздік тебіреністері» шығармалар жинағы мен «Тәуелсіздіктің 25 жұлдызды сәті» фотоальбомында, сондай-ақ, «Қазақстан жолы: Ұлт Көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» атты кітапта түрлі жанрда жазылған мақалаларда халықтың тұрмыс-тіршілігі, өңірдің ширек ғасырдағы жетістіктері Елбасы саясатымен байланыстырыла баяндалады.
Жоғарыда аталған кітаптар мен деректі фильмнің тұсаукесер рәсімі Шымкенттегі «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өтті. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғым екенін айтты. «Өйткені, еліміздегі қайбір жетістік те Елбасының, елдің ерен еңбегімен тікелей байланысты. Мұны сіздер мерейтойға орай облысымызда шығарылып отырған бүгінгі кітаптардан да айқын аңғара аласыздар. Үш кітап та өңіріміздің соңғы 25 жылда жеткен жарқын жетістіктері туралы мағлұматтармен танысуға мүмкіндік береді», деді облыс әкімі. Сондай-ақ, ол Қазақстанда Елбасының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көптеген игі іс атқарылғанын, құнды кітаптар шығарылғанын атап өтті. Жалпы, облыс басшысы рухани құндылықтарға, ғылымның дамуына ерекше мән беруде. Жастардың ғылыммен айналысып, ел дамуына үлес қосуға ықпал ететін жобаларды дайындауына барлық жағдайлар жасалған. Мысалы, жуырда М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да болған Жансейіт Түймебаев оқу орындарының облыс экономикасының дамуына өз үлесін қосуы керектігін атап айтты. Сол сияқты, осы университетте өткен «Қазақстан жолы: Ұлт Көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» тақырыбындағы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияда да шетелде, не болмаса, өзімізде білім алған білікті мамандар Отанымыздың, оның ішінде Оңтүстік өңірінің өркендеп, дамуына атсалысулары қажеттігі атап өтілді. Аталмыш конференция жұмысына 26 мемлекеттен 120-дан астам белгілі ғалымдар, сондай-ақ қазақстандық 30 университеттің ғалымдары қатысқан болатын. «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында тұсауы кесілген үш еңбектің бірі – «Қазақстан жолы: Ұлт Көшбасшысымен бірге 25 жыл бейбітшілік пен жасампаздық» атты кітапқа ОҚМУ-да өткен халықаралық ғылыми конференцияда баяндалған ғылыми мақалалар енгізілген. Сондай-ақ, конференция барысында дүниежүзілік ғылыми ортаға М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғалымдарының жаңадан ашқан ғылыми жаңалықтары таныстырылды.
Асылбек ДОСАЛЫ
ШЫМКЕНТ