Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті бауырлар, қадірлі отандастар! Баршаларыңызды Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырға татыған 25 жылдық торқалы тойымен құттықтаймын!
Расында, біз кешегі аумалы-төкпелі заманда қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халықпыз. Сондықтан да, Тәуелсіздік – ұлтымыз үшін ұлы ұғым, қастерлі сөз.
Ата-бабаларымыздың асқақ арманы мен өр рухының, иманға берік мұсылмандығының арқасында келген Тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы һәм нығметі. Аллаға сансыз шүкірлер айтамыз. Егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтерді.
Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Дендеріңізге саулық, күш-қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Ел игілігі мен халқымыздың болашағы жолындағы жұмыстарыңыз берекелі болсын.
Тәуелсіздігіміз баянды, дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!
Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни
басқармасының төрағасы, Бас мүфти