16 Желтоқсан, 2016

Тұғырымыз – төрде!

178 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
emblema_united_nations_abali-ruҚазақта «Өзі жақсы кісіге бір адамдық орын бар» деген аталы сөз бар. Қазақстанымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайланғанын естігенде осы есті сөз еске түскен еді. Әлбетте, абырой-бедел деген – қасықтап жиналатын дүние. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан жылдар бойы достық пен бірлікті дәріптеп, бейбітшілік сүйгіш саясат жүргізіп, әлемдік қоғамдастық алдында зор беделге ие болды. Біздің елдегі ынтымақ ұя салған береке-бірлікті, шаңырағы шай­қалмаған тұрақтылықты көріп-біліп отырған алпауыт мем­лекеттердің Қазақстанға деген көз­қарасы дұрыс қалыптасып үлгерді. Қазақстан өзге түгілі өзінің мәселесін шеше алмай отырған ел болса, әлемнің 138 елі бір кісідей дауыс беріп, Қауіпсіздік Кеңесі сынды саяси маңызы зор ұйымға мүше етіп сайлар ма еді?! Тәуелсіздігін алғанына небәрі ширек ғасыр ғана өткен жас мемлекеттің осынша деңгейге жетіп, әлемнің озық елдері арасында өз орнын ойып алғанын өз басым Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланыстырар едім. Мұны біз ғана емес, күллі әлем айтып, мойындап отыр. Саясаты сан қырлы, ұстанымы айқын елдің енді жаһандық мәселелерді шешу істеріне араласуы – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия, Түркі дүниесі үшін де зор мәртебе. Мұның өзі біздердің отансүйгіш рухымызды асқақтатып, мерейімізді тасытатыны сөзсіз. Иә, әлемдік қоғамдастық Қазақ­станға зор сенім артты. Мұ­ның жауапкершілігін сезінудің өзі болашаққа деген қадамның нық болуына игі әсерін тигізеді деп есептеймін. Өйткені, өзінің ішкі шаруасын тап-тұйнақтай түген­деп отырған ел төрткүл дүниенің небір күрделі мәселелері алдында да тосырқамайды деп сенемін. Біз, жастар Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төра­ғасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тай Көшбасшының өнегесін көріп, әлем таныған Қазақ­стан сынды елде өмір сүріп жатқа­нымызды мақтан етеміз! Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы