Өркенді өрлеу кезеңі
Биылғы жыл айрықша тарихи маңызды оқиғаларға толы болып отыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтуде. Бұл әр қазақстандықтың бойында патриоттық намысты оятып, мақтаныш сезіміне бөлейді. Ширек ғасырды артқа тастаған егемен еліміздің ертеңі жарқын болатындай ауқымды жұмыстар атқарылды. Мемлекет Басшысының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы кезеңде қол жеткен жетістіктерімізді дәйекті деректермен тарата баяндады. Қыран қанаты талатын дархан даламызда қаншама жаңа кәсіпорындар бой көтергеніне, қаншама әлеуметтік нысандар салынғанына тағы бір көзіміз жетті. Осы ширек ғасырда Қазақстан әлемнің озық елдерімен иық түйістіре алатындай қуатты елге айналды. Ішкі және сыртқы саясаттағы сәтті қадамдарымыз да айтуға тұрарлық. Шекарамызды шегендеп алдық, шетелдермен терезесі тең дәрежеде сөйлесетіндей қарым-қатынас орнаттық. Әлемде ядролық қарусыз бейбіт өмір сүруге бастама жасау арқылы аузын айға білеген мемлекеттердің өздерін мойындаттық. Дін және конфессияаралық татулықты, елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстар арасындағы бірлік пен ынтымақтастық туын жоғары көтерген қазақстандық даму жолының бастауында да Елбасы тұрғаны атар таңдай ақиқат. Егемендіктің өтпелі кезеңіндегі қиындықтарға қарамастан алға басушылықтың осыншалық серпінділігін қамтамасыз еткен Қазақстан 25 жылда экономикалық дамудың сара жолына түсті. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «1991-2016 жылдар аралығында қазақстандықтардың табысы 40 есе, ал елдің ішкі жалпы өнімі 20 есе артты. Шамамен 2 миллион жұмыс орны ашылды», деп атап өтті. Елбасы енді ауылды түлетудің қолға алынғанына тоқталды. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» және басқа бағдарламалар қазірдің өзінде саланы дамытуға серпін беруде. Биыл біздің серіктестік те Тәуелсіздіктің 25 жылдығына толағай тартумен келді. Шаруашылықтағы 30 мың гектар егін алқабының әр гектарынан 13 центнерден өнім жинадық. Мал саны да өсті. Халықтың тұрмысы түзеліп, өмір сапасы жақсарды. Осының барлығы тәуелсіздіктің нәтижесі, Елбасының сарабдал саясатының арқасы деу орынды. Ал, еліміздегі болашаққа бағытталған бағдарламалардың берері мол екеніне сенім мол. Президент алға қойған дамыған отыз елдің қатарына енуге деген алғышарт қазірдің өзінде жасалуда. Елу елдің қатарына белгіленген мерзімнен анағұрлым ерте қадам басқан Қазақстанның бұл бағыттағы жоспарлары дәйектілігімен көңілге қонады. Аманғос Төлеуов, «Степное» ЖШС директоры Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданыДамудың даңғыл жолы
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзін теледидардан ұйымдаса тыңдадық. Елбасы өз сөзінде бұдан ширек ғасыр бұрынғы ауыр жағдайды еске алып, «қазіргі жас ұрпақ үшін бұл алыстағы тарих сияқты, оларға біз үнемі осылай өмір сүрген сияқтымыз», дегенді айтты. Бұдан 25 жыл бұрынғы кезең көз алдымызда – тоқыраған экономика, қысқартулар мен жұмыссыздық, жайлы жер іздеп көшкен жерлестер, сөмке арқалап базар жағалаған аналар... мұның бәрі бүгінде ескінің ертегісіндей естілгенімен, бүгінгі аға буын бетпе-бет келген сол уақыттың шындығы болатын. Бірақ, бұл қиындық жанға жұмсақ тиді, бұл ауыртпалықтың дәмі ащы емес болатын. Себебі – сол кезең біздің халқымызды ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа жеткізді, бұл – азаттықтың алғашқы дәмі болатын. Қиындықты сезбеуіміздің бір себебі осы болса, екінші себебі – тағдыр бізге кемеңгер Елбасын тарту етті, мемлекетіміздің тізгіні сенімді қолда болды. Халық жақсы күнге сенді, жақсылыққа жұмылды. Асқақ рухтың, жігер мен сенімнің нәтижесі, міне, 25 жылда молынан аңғарылды. Қазақстан – әлем таныған, даму жолын таңдаған және сол жолда еркін адымдаған мемлекетке айналды. Елбасы республика жұртшылығы алдында жасаған баяндамадан мемлекетіміздің 25 жылдық ғұмыры – тәуелсіздіктің елең-алаң шағы мен одан бергі жүріп өткен жолдар, бүгінгі биіктігіміз, келешектегі келбетіміз көрініс берді. Мемлекет басшысы өзін әрдайым қолдап, тапсырмалары мен міндеттерін бұлжытпай орындап, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара білген отандастарына ризашылығын білдірді. Қай елді болмасын тек татулық, ауызбірлік, өзара ынтымақ-ымыра ғана дамытады, сан ұлттың өкіліне ортақ бесік болған еліміздің бірлігі бекем болсын деп тілеймін. Баяндамадан 2050 жылға қарай Қазақстанның қандай болатындығын біліп, мерейлене түстік. Қазақстанның жолы – Елбасы межелеген биіктік, Елбасы нұсқаған жол. Еліміз де, Елбасымыз да аман болып, даму даңғылымен алға аса берейік! Пәния САРМУРЗИНА, Маңғыстау облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасарыБүгінгі еңбегіміз – ертеңге инвестиция
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойымен құттықтаған сөзі мемлекетіміздің келешегі үшін алаңдайтын әрбір жанның жүрегіне жетті деп ойлаймын. – Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлік. Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды, – деді Президент. Шынында да, егемен еліміз ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктер ұшан-теңіз. Олардың бәрін тізіп жатуды газет беті көтермес. Біздің білетініміз, әлемдік маңдайалды сарапшылардың пікірінше, Қазақстан төрткүл дүниеге «экономикалық ғажайыптың» керемет үлгісін көрсете білді. Жүз отыздан артық ұлт пен ұлыстың өкілдері тұратын елімізде бейбітшілік пен келісім басты құндылық саналып келеді. Қазақстан халқы ассамблеясы барша отандастарымызды бір шаңырақтың астына біріктіріп отырғаны дүние жүзіне үлгі болатындай мысал. «Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық», деді өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Әбішұлының қарқынды дамып келе жатқан жаңа елорда – Астананың құрылуын басты табыстарымыздың бірі ретінде атап өткені де әбден орынды. Елордамыз тағы бір ширек ғасыр мұғдарында Еуразия кеңістігінің қақ ортасындағы 3 миллион шамалы халқы бар мегаполиске айналуы тиіс. Басқа қалаларымыз да соған қарап бой түзеп, ғылым мен технология салалары да қарыштай береді. Әлемдік тәжірибе солай. Автоматтандырылатын мемлекеттік қызметтердің баршасы электронды форматқа көшетін болады. Біздегі инженерлік, техникалық мамандықтарға оқытатын жоғары оқу орындары да осы міндеттерді алға қоя білуі тиіс. Еліміз экономикалық жетістіктер арқасында халықтың әл-ауқатын сатылай тұрақты өсіріп келеді. Мемлекет басшысы осы бір салтанат үстінде де Үкіметке 2017 жылы зейнетақы мөлшерін биылғы деңгейден 20 пайызға, сондай-ақ бала тууға байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін де 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға ұлғайтуды тапсырды. Қазақстан Президенті еліміздің халықаралық аренадағы табыстарына ерекше назар аударды. – Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті, мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді, – деді Мемлекет басшысы. Бізге жігер берген, ертеңіміз үшін ерен еңбектен аянбауға үндеген осы сөз. Тәуелсіздігіміз баянды, халқымыз бақуатты болсын! Арстан ҒАЗАЛИЕВ, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі ҚАРАҒАНДЫБүкіл халық шаттанатын күн
Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі бүкіл халық шаттанатын күн ғой. Астанадағы Елбасы қатысқан парасатты жиын да осындай ойдың айғағы. Салтанатты жиында Елбасы айтқан әрбір сөз Отаным, елім, жерім деген әрбір қазақстандықтың жүрегіне жетті деп ойлаймын. Кәсіпкерлер үшін арнап айтылған қолдаулары әрқашан бізді жетістіктерге жетелейді. Мысалы, біз бүгінде озық технологияларды пайдалану арқылы бие сүтінен қымыз дайындау үшін, барлық жұмысты автоматтандырылған жүйеге ауыстырдық. Шетелдік қондырғылар тәулігіне 1 тоннаға дейін, ал аптасына 5 тоннаға дейін қымыз өндіруге мүмкіндік береді. Еліміздегі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының көмегімен несие алып, өндірісті дамыта бастадым. Әрине, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауынсыз ешбір шаруашылық, кәсіпкерлік ісінің алға баспасы анық. Біз осы қолдауды, демеуді көріп келеміз. Елбасы кәсіпкерлерге, отандық тауар өндірушілерге үнемі қолдау көрсетеді. Елбасының Қазақстандағы бизнесмендердің миллионер әкелері болған жоқ, дегені де сол ғой, біздер әркім өзіміз өз еңбегімізбен осындай жарқын табыстарға қол жеткіздік. Жоқтан бар жасауға, елімізге қызмет жасауға ұмтылдық. Қымыз өндірісін іске қосу жеке кәсіпкерліктегі негізгі стратегиялық мақсатыма айналды. Кім өз тауарын арзан, сапалы етіп өндіре алса, халықаралық саудада жолы болады. Қазір «Сағып» қожалығында 400 бие бар, олардың 180-і сауылады. Еңбектің зейнеті бейнетті еңбекпен келеді. Ет жемейтін, қымыз ішпейтін қазақ жоқ. Қазір қымыз өндіру цехтарында 30-ға жуық білікті маман еңбек етуде. Полиэтилен құтыға қарағанда, қымыздың шыны шөлмекте жақсы сақталатынын мамандар да, тұтынушылар да жақсы біледі. Республикалық «Алтын сапа» байқауында жүлдегер атандық. Шаруашылық құрылған күннен бастап-ақ қымызды ТМД елдері мен Еуропаға экспорттау мақсатында жұмыс басталды. Белокурихадағы емдеу-сауықтыру орнынан шипалы сусынды жеткізіп тұру жөнінде ұсыныс түсіпті. Шаруашылықта қазы-қарта, шұжық, құрт, қоспа, сүзбе, қаймақ жасалды. Ферма аумағында қасапханасы да бар. Цех мамандары ет пен сүт өнімдерінен қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейді. Ұлттық бренд ретінде ТМД және Еуропа елдері нарығына шығаруды жоспарлап отырмыз. Әрине, әлемдік сауданың еркін нарығына қосылу, оған ілесіп кету кәсіпкерлерге үлкен талап, міндеттер жүктейді. Осы орайда Президент қазіргі кезде мұндай адамдар елімізде өмір сүріп жатқандықтан Қазақстан өзінің күш-қуатына сенімді екенін атап өтті. «Мемлекеттің саясатын пайдаланып, дәулетін арттырып, ауқатты болғаны өте жақсы. Ал енді сол кезде халыққа бет бұрып, елге көмектескені үшін барша іс адамдарына алғыс білдіремін», дегені, әрине, біздерге сенім білдіргені. Ол сөз кәсіпкерлерді шыңдай түседі. Төлеу ҚҰШМАНОВА, «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Павлодар облысы«Балдәурен» патриотизмге баулиды
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мерекелік құттықтауында қоғамның тарихи қысқа мерзімде қарыштап дамығанын, бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделінің қалыптасқанын жүйелеп көрсетті. «Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық», – деді Қазақстан Президенті. Бұл «Балалар арманының аралы» атанып кеткен Қазақстан Артегіне де қатысты айтылған баға деп санаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей бастамасымен бой көтерген шаттық мекені тәуелсіз мемлекетіміздің бүлдіршіндерге жасаған баға жетпес базарлығы десек жарасады. Бүгінгі күні «Балдәурен» ТМД елдері мен Орталық Азия аймағындағы балалардың демалысын ұйымдастыру, сауықтыру және жасөспірімдердің шы- ғармашылық қабілетін дамытуға қажетті барлық жағдайды жасаған бірден-бір мекеме саналады. Жыл бойы үздіксіз қызмет атқаратын орталық әр ауысым- да 300 баланы қабылдайды. Жалпы, он алты тақырыптық ауысымда еліміздің 4608 жасөспірімі мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі кластерлік тәрбие жүйесінен өтеді. Мұнда балалардың толыққанды демалысын ұйымдастыру, олардың бойында білім мен креативті ойлау қабілеттерімен қоса, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, азаматтық және адамгершілік ұстанымдарын қалыптастыру қарастырылған. Президенттің болашаққа бағытталған міндеттерінде жастар тәрбиесіне үлкен маңыз артылады. Орталығымызда жауапты іспен 82 педагог айналысады. Соңғы жылдары бізде отыздан астам оқу-әдістемелік құрал дайындалғаны мұғалімдер біліктілігінің жоғары екендігін айғақтайды. «Балдәурен» мектебіндегі мұғалім – ақпараттық-коммуникативтік, пәндік-модульдік оқыту технологияларын жетік меңгерген, уақытпен санаспайтын тәрбиеші, әмбебап ұйымдастырушы-ұстаз. Ал кітапхананың бай қоры білім көкжиегін кеңіте түсетіні белгілі. «Балдәуренді» заманауи ғылыми орда қатарына қосатын шаралар тізбегі де сан алуан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Балдәуренге» арнайы келіп, «Достықтың алтын көпірі» атты тақырыптық ашық сабаққа қатысуы ертеңгі болашағымызға, орталықтың қызметіне ерекше көңіл бөлетінінің айғағы. Болашаққа қызмет ететін орталықтың ұжымы Елбасының: «…Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ержетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады. Олар бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, гүлденген, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», деген сөздерін ту етіп, асқақ ұстайды. Мұхитдин ТӨЛЕПБАЙ, республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Ақмола облысы, Бурабай ауданыСенім нығая түсті
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері Мемлекет басшысының ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасаған баяндамасын тыңдап, онда айтылған мәселелерге қызу қолдау білдірді. Елбасының осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміздің бәріне ұлан-ғайыр қазақ даласындағы әрбір өңірдің айрықша үлес қосқанын атап өткенін жетісулықтар да қуана құптап, разы болды. Шет ел сарапшыларының Қазақстан жайлы айтқан пікірлерінен үзінді келтіре отырып, экономикамыздың қарқынды дамығанын, соның арқасында бүгінде әлемнің 119 еліне 2000-нан астам өнім түрін экспорттап отырғанымызды баса айтты. Әрине, бұл еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел болған жылдарда жүргізілген жүйелі жұмыстардың жемісі. Әсіресе, зейнетақы мен бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақының 20 пайызға өсетіні халықтың құлағына жылы тиді. Мемлекет басшысы біздің еліміздегі, жалпы әлемдік экономикадағы ең үлкен жаңалық – осы 50 жылдың ішінде «Қашаған» кен орнының табылуын атап өткенін әлем экономистері де құптап отырғаны анық. Бұл кен орны қазіргі таңда әлемдік экономикада өз орнын алып әрі ықпалын да тигізіп отырғаны мәлім. Бұл құндылық бір менің ғана емес, оқу орнындағы ұстаздар мен студенттердің де көңілдеріндегі көп ойды дөп басқаны анық аңғарылады. Ой елегінен өткізіп, екшей білсек, бұл бағалау – заңды құбылыс. Себебі, экономикада қара алтынның алатын орны ерекше. Мемлекет басшысы зейнетақыны, әлеуметтік төлемдердің пайызын көбейткені де үлкен жетістік деп ойлаймын. Экология, саясат, Тәуелсіздік жеткізген еліміздің деңгейі, мәдениетіміз, әдебиетіміз, шет елдермен байланыстарымыз барлық жағынан 7 тұғырнама бойынша жақсы айтылды. Біздің ғана емес барша қазақстандықтардың көңілінен шыққан баяндамада Елбасының келешек туралы ойлары өте жақсы болды. Салиқалы ой жастардың ғана емес орта, аға буын өкілдерінің жанарларын ұшқындата, үміттерін үкілеткендей әсер берді. Қорыта айтқанда, мұның барлығы елдің ертеңгі күнге деген сенімдерін бекітіп, тек жақсылыққа ұмтылтқанын баса айтқанымыз дұрыс. Қуат Баймырзаев, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, география ғылымының докторы, профессор Алматы облысыКәсіпкерлерге күш-қуат берді
Еліміздің тәуелсіздік алуымен экономиканың жаңа бір саласы қанат жайды. Бұл – шағын және орта кәсіпкерлік. Алайда, бастапқыда кәсіпкерлердің бәрі де өз істерін ашу үшін банктерден несие алатыны даусыз. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бірде- бір кәсіпкердің мұраға мүлік не қаржылық капитал қалдыратындай миллионер әкелері болған жоқ. Дегенмен, ел кәсіпкерлері үнемі Нұрсұлтан Әбішұлына арқа сүйеді. Ал Елбасы кәсіп ашуға ниет еткен кез келген кәсіпкерді қолтығынан демеді. Мемлекеттің тарапынан қолда- уын көрсетті. Кәсіпкерлердің алған несиелерінің бір бөлігіне мемлекеттік субсидия бергізді. Салықтық жеңілдіктер жасалды. Осының бәрі елімізде ісін шағын кәсіптен бастаған кәсіпкерлердің ірі кәсіпорындар ашып, бірнеше жүз адамды жұмыспен қамтуына жол ашты. – Бүгінде қалыптасқан бизнесмендеріміз өз күшімен суырылып шықты. Өзінің еңбегімен іскерлігін және елдің болашағын құрған еңбекқор адамдар реформалардың құндылығын арттырғанын үнемі айтып жүрмін, – деді Елбасы. Бұл күндері мемлекеттің қолдауын, Елбасының қамқорлығын сезінген кәсіпкерлер де елге қайырымдылық іс жасауға, көмек көрсетуге бет бұрды. Өзге өңірлер секілді Атырауда да өз ауылдарында балабақша, спорттық залдарын тұрғызуға қалталарынан қаржы шығарып, демеушілік танытып жүрген кәсіпкерлер қатары молая түсуде. Тіпті кей кәсіпкерлер мұқтаж жандарға тұрғын үйлер салып беруде. Мұның себебін олар «Кәсібімізді бастаған кезде мемлекеттің қолдауын сезіндік. Елбасының қамқорлығымен кәсібімізді өркендеттік. Енді біз де халықтың әл-ауқаты жақсаруына үлесімізді қосуымыз қажет», деп түсіндіреді. Жақында Атыраудағы іскер әйелдер кеңесі С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернатының 25 тәрбиеленушісін өз қамқорлығына алды. Мұндағы мақсат – ата-ана қамқорлығына зәру балалардың интеллектуалды дамуына, спортпен айналысуына қолдау білдіру, өз бетінше өмір сүруіне бейімдеу. Осынау ізгі мақсатты көздеген қайырымдылық қадамды іске асыру үшін облыстық білім басқармасының, сондай-ақ, мектеп-интернаттың басшыларымен ынтымақтастық меморандумы жасалды. Ел кәсіпкерлерінің осындай ізгілікті істері алдағы уақытта да жалғасарына сенемін. Өйткені, бастапқыда шағын және орта кәсіпкерліктен бастап, бүгінде ірі өндіріс орындарына иелік ететін кәсіпкерлер елдегі реформалардың жемісті боларына риясыз сенеді. Кәсіпкерлер өздеріне кәсіп ашуға күш-қуат берген Нұрсұлтан Әбішұлына тірек болуды көздейді. Өйткені, Елбасы тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін, халқы үшін қиын істерді атқаруға тәуекелдік танытты. Қазақстанымызды әлемге паш етті. Елдің экономикасын өркендетті. Халықтың тұрмысын жақсартты. Кәсіпкерлер буынын өсірді. Бәсекеге қабілетті отандық мамандар шоғырын қалыптастырды. Мұның бәрі мерейімізді өсіреді, отаншылдық рухымызды биіктетті. Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихат депутатыТәуелсіздікке әр құймамызбен үлес қостық
Елордамызда өткен маңызды жиынды Өскемен титан-магний комбинатының цех басшылары мен үздік еңбек бригадаларының жетекшілері бастаған еңбек ұжымы да көрді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекесіне арналған салтанатты жиында әр отандасымыздың жүрегіне жететін жетелі сөз айтты. Әсіресе, Тәуелсіздікті тұғырлы етуге қосқан өңірлердің үлесін ерекше атап өткені көңілімізді толқытты. Соның ішінде жерінің үсті де, асты да қазба байлыққа толы Кенді Алтайдың аталуы бекер емес. Барша қазақстандықтармен бірге біз – Өскемен титан-магний комбинатының еңбек ұжымы, Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміздің экономикасын нығайтуға, әлеуметін әлеуеттендіруге әр қорытпамызбен, әр құймамызбен өз үлесімізді қостық. Бұл – біз үшін зор мақтаныш! Өйткені, Елбасы айтқандай, еркін еліміздің шаңырағын көтерісуге, іргесін бекітуге нәтижелі еңбекпен қатысудың жөні бөлек. Елбасы 25 жылды еңсерген қазақстандықтар үшін енді жаңа 25 жылдық басталғанын айтты. Қазақстанның Тәуелсіздігіне 50 жыл толғандағы кемел мемлекеттің бейнесін суреттеді. Оған негіз жоқ емес. Алдағы жылдарда еліміздің экономикалық өсім бойынша әлемнің жетекші елдерінің қатарына қосылу мүмкіндігі бар. Бұл баршамыздың жүрегімізге сенім ұялатады. Салтанатты жиында Өскемен титан-магний комбинатының басшысы Әсем Мамутованың сөз сөйлеуі біздің жылдар бойы атқарған жұмысымыздың жемісті нәтижесі, оның мемлекет тарапынан бағалануы деп білеміз. Әрине, Президент сөздерінен пайымдаған, түйген ойымыз көп. Бұл жаңа тұрпатты мемлекеттің әр азаматына күш-жігер береді. Біз осы ширек ғасырдағы даму қарқынын әрі қарай үдете беруіміз, елімізді әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу жолында аянбай тер төгуіміз керек. Ұлық мерекеміз құтты болсын! Алға, Қазақстан! Қайрат АБДРАХМАНОВ, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ №12 цехының бастығы. Шығыс Қазақстан облысыЕлді қуанышқа бөледі
Шынында, бүгінгі бейбіт те берекелі өмірімізге халқымыз ауызбіршілікті сақтаудың арқасында қол жеткізді. Ал ширек ғасырдағы ел жетістіктері – Тұңғыш Президентіміз, партия жетекшісі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі. Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтаған салтанатты жиында осы жылдардағы басты жетістіктерге тоқталып, «Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық», деп өте орынды айтты. Тәуелсіздік жылдарында еліміз талай бағалы бастамаларды жүзеге асырды. Елдің үлкен сеніміне ие болған «Нұр Отан» партиясы да түйткілді мәселелерге жол ашып, қоғамдағы көптеген проблемалардың шешімін табуға тікелей араласып, қарапайым тұрғындарға жақындай түсті. Елбасы төрағалық ететін партияның көшбасшылығы айқын сезіле бастады. Бүгінде бір ғана Жамбыл өңіріндегі бастауыш партия ұйымдарының саны 401-ге жетуі – осы сөзіміздің дәлелі. Осыдан-ақ облыс тұрғындарының «Нұр Отан» партиясына деген сенімінің жоғары екенін байқауға болады. Енді, міне, Мемлекет басшысы Үкіметке әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру барысында 2017 жылы зейнетақы мөлшерін биылғы деңгейден 20 пайызға, сондай-ақ бала тууға байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін де 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға ұлғайтуды тапсырып, ұлы мереке алдында елді үлкен қуанышқа бөледі. Біз, нұротандықтар, Елбасы саясатын іске асыруда оның сенімді серігі екенімізді мақтан тұтамыз. Қазақстанның экономикалық дамуына, азаматтардың әл-ауқатының бұдан әрі өсуіне өз үлесімізді қосамыз. Біздің елді одан әрі демократияландыру үшін құқықтық негізді қалыптастыру бағытында үлкен жұмыс күтіп тұр. Лайым, ел Тәуелсіздігінің мерекесі еліміздің әрбір тұрғынына, әрбір отбасына амандық-саулық, бақ-береке, жақсылық сыйласын. Масат БЕРІК, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарыЖетістігі мол жылдар
Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шара болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мемлекетіміздің дамуына, тәуелсіздігіміздің нығаюына зор үлесін қосып жүрген азаматтар қатысты. Оны республикалық телеарналар тікелей эфир арқылы халыққа таратты. Салтанатты шарада Елбасы өткенімізге көз жүргіртіп, қазіргі жеткен жетістіктерімізді саралады. Онда келелі мәселелер де айтылды. Мәселен, Президент Н.Назарбаев Үкіметке алдағы жылдан бастап зейнетақы мөлшерін 20 пайызға өсіруді тапсырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тәуелсіздігіміздің баянды болуына үлес қосып келе жатқан еліміздің әрбір аймағына жеке-жеке тоқталып, алғысын білдірді. Мұның бәрі де тәуелсіздіктің қастерлі ұғым екенін аңғартса керек. Бастысы, салтанатты жиында еліміз тәуелсіздік алған тұстағы қиын кезеңдер артта қалып, қазір дамудың даңғыл жолына түскен мықты мемлекетті көре алатынымызды тағы бір дәлелдеді. Сондай-ақ, Елбасы қазақ тілінің өрісі кеңейіп келе жатқанын жеткізді. «Біз қасиетті қазақ тілі мен ұлттық мәдениетіміздің жаһандық гуманитарлық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз еттік. Өздеріңіз көріп, естідіңіздер, қазақтың тілі БҰҰ Бас Ассамблеясының төрінен естілді. Ол ғарыштан да естілді. Бүгінде интернеттің де тілі болып отыр», деді Президент. Ел болашағы қазақ тілімен тікелей байланысты. Сонымен бірге, тәуелсіздікке дейін Алматының өзінде бір ғана қазақ мектебі болғанын, алайда 25 жылдан кейін елімізде қазақ тілінде білім беретін 1 мыңнан астам мектеп ашылғанын атады. Елімізде студенттердің 60 пайызы мемлекеттік тілде білім алып жатқаны да зор қуаныш. Елбасы қазақ тілінің бірнеше мемлекеттерде, атап айтар болсақ, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея, Мажарстан, Польша, Әзербайжан, Армения сияқты елдердің университеттерінде оқытылып жүргенін айтты. Жалпы, салтанатты жиыннан алған әсеріміз зор. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктер толағай. Елбасының сарабдал саясатының арқасында әлі де талай белестерге шығатынымыз айқын. Қылышбай БИСЕНОВ, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры