Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай Астанада жаңа 25 қырлы монументті ашты.
Жаңа монумент 2017 жылы Астанада өтетін Экспо көрмесінің аумағында орналасқан. «Бүгін – 16 желтоқсан, дəл Тəуелсіздік күні. Осыдан 25 жыл бұрын, 16 желтоқсан күні Алматыда тұңғыш рет Тəуелсіздігімізді жариялаған едік. Содан бері 25 жыл өтті. Кешеден бері естідіңіздер, көрдіңіздер, болған шаралардың барлығын елімізге жария еттік. Ал енді бүгін суыққа қарамай, Астанамызда тағы бір монумент ашайық деп отырмыз», – деген Президент Қазақстан мен Астанадағы монументтер жылнамасына тоқталды.
«Астананы Ақмолаға көшірген кезде ең алдымен ескі қаладағы алаңды игердік. Одан кейін сол жағалауға қала салып, əлі күнге дейін қаланың символы болып келе жатқан "Бəйтерек" монументін салдық. "Бəйтеректен" кейін, "Қазақ елі" деген монумент аштық. Тəуелсіздіктің 20 жылдығында "Мəңгілік ел" деген тримфуалды арқаны аштық. Тəуелсіздікке бес жыл толғанда Алматыдағы алаңда Тəуелсіздік монументін ашқан едік. Ал міне, 25 жылдықта халықтың есінде қалсын деп, осы монументті орнаттық. Бұл монументтің 25 қыры бар. Əр қырында əр жылдағы істелген шаруа жасалған", – деді салтанатты шарада Қазақстан Президенті.