20 Желтоқсан, 2016

Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаевтың ұйымдастыруымен облыстың сот жүйесі ардагерлері, орта буын және жас судьялар мен мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған мамандардың, Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен ерекше форматтағы кездесу өтті. – Тағдыр талайы үнемі қыл үстінде болған қазақ халқы тарих­тың талай зобалаңынан өтті, – деді жүздесуде сөз алған О.Лештаев. – Ата-баба аңсаған тәуелсіздігімізді алдық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлемге әйгілі елге айналдық. Мемлекеттік «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі арқылы дүние жүзіндегі ең дамыған елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтқан халықпыз. Елбасы бұл биікке бүкіл қазақстандықтардың арқасында жеткенімізді үнемі айтып келеді. Аға буын өкілдерін құрметтеу біздің басты парызымыз. Қарияларымыздың үлгісі мен өнегесі тәлім мен тәрбиенің бастауы деп білеміз. Осындай кездесулерді ұйымдастырып, өткізіп отыру бірлік пен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде маңызды. Сондықтан, біз бүгінгі кездесуге ардагер судьялар мен жас судьяларды, сот кеңсесінің орта буын және кеше ғана ант қабылдаған жас мамандарды әдейі шақырып отырмыз, – деді ол. Осыдан кейін қонақтарды кездесудің бағдарламасымен таныстырып, оның алғашқы бөлігіне сәйкес ардагерлер мен сот кеңсесінің мамандары жаңадан ашылған «Shymkent plaza» сауда орталығына экскурсия жасады. Басқосуда Астана қаласында өткен республика судьяларының VII cъезінің делегаты, ОҚО кәмелетке толмағандардың істері бойынша мамандандырылған аудан­аралық сотының судьясы Г.Саттарова Елбасының қаты­суымен өткен съезден алған әсерлерімен бөлісті. Орда­басы аудандық сотының төрағасы, Ауған соғысы ардагері Қ.Мұсаев, Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық сотының жас судьясы Б.Қарабаев, сот жүйесіні ардагері Л.Юдина және орта буын өкілдері Х.Альдикова, Ә.Тұрғынбеков ардагер судьяларға денсаулық, ұзақ өмір тілей отырып, мерекемен құттықтады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы