20 Желтоқсан, 2016

«Болашаққа хат» – ұрпаққа аманат

6588 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордада Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан студенттер альянсымен бірлесіп, Ұлттық мұражайға сақтауға берілетін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай «Мәңгілік ел» – Болашағы Біртұтас Елдің жас ұрпаққа арналған «Болашаққа хат» құты-капсуласын салтанатты түрде табыстау рәсімі болды. Ұлттық мұражайдың Тәуелсіздік залында өткен шараға Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Ұлттық мұражай өкілдері, белсенді жастар мен жас­тар ұйымдары мүшелері қатысты. Жиналған көпшілік алдына оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік ту төрге шығарылды. Артынан Әнұран шырқалғаннан кейін бірқатар адамға сөз берілді. Алдымен ортаға шыққан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар ісі комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов былай деді: «Бүгін жастар айтулы мерекеден тыс қалмады. Еліміздің бар­лық өңірінен жастар ұйымдары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында өздерінің болашаққа деген ұсынымдары мен тілектерін хатқа жазды. Енді бұл хат Тәуелсіздігіміздің 50 жылдығында ашылады деп үміттенеміз». Және ол сол 2041 жылы еңбек ететін, оқитын, спортпен шұғылданатын және де мәдениетте жүрген жастар кешегі өз қатарластарының хатын оқитынын ерекше атады. «Осылайша жиырма бес жыл бұрынғы жастардың ұсыныс-тілектерін біліп, оны әрі қарай да дамытып, тәуелсіздігімізді баянды ете береміз ғой деп сенеміз. Хатқа жазылған тілектердің барлығы орындала берсін. Біздің болашағымыз әрқашанда жарқын бола берсін!» – деп қорытты сөзін Ғабидолла Абдоллаұлы. Сондай-ақ, жиналған көпшілік алдында Ұлттық мұражай директоры Дархан Мыңбай сөз сөйлеп, бүгінгі күн тарихта қалатын ерекше күн екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы деген – ширек ғасыр уақыт. Бұл – үлкен меже. Енді 25 жылдан кейін елді қандай етіп елестете аламыз? Елбасы 25 жылда істеген шаруалардың барлығы да әлі талай талданады, сол арқылы тарих жазылады дейді. Ал Тәуелсіздігіміздің 50 жылдығында жастарымыз тағы да қандай жетістіктерге жетеді? Соларға көптеген міндеттер жүктеліп отыр. Олар міндет қана емес, аманат ретінде ұсынылған біздің көптеген елдің алдында тұрған қадау-қадау арман», – деді Дархан Қамзабекұлы. Ұлттық мұражай директоры, келесі кезекте, «Бо­лашаққа хат» деп аталатын аманатты Ұлттық мұ­ра­жайда сақтау идеясы өзінің символдық мәні бар екен­дігіне тоқталды. «Ұлттық мұражай – ұлттың бар­лық мүдделері мен аманаты сақталатын жер. Біздің ұр­пақ бізден гөрі білімді, бәсекеге қабілетті болуы керек. Еліміздегі тыныштық пен береке  салмақты саясаттың арқасы. Жалпы, еліміздегі барлық игілікті іс­тердің басы-қасында жүрген Елбасымыздың жа­са­­ған мәлімдемелерінің барлығы да жастарға, қазақ­стан­дықтарға жол көрсетіп отыр. Сол жолдан айнымай жүрейік, ол – Қазақстан жолы», – деді Ұлттық мұражай директоры. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған «Бо­ла­шақ­қа хат» аманатын келесі буын жастар 2041 жылы ашып оқуы тиіс. Сөйтіп, олар ширек ғасырда маңызды іс-шаралар атқарылғанынан, еліміз дамуында жеткен жетістіктерден, Елбасының салиқалы саясатынан хабардар болмақ. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»