22 Желтоқсан, 2016

«Қазақ өнерінің дарағы – дәстүрлі музыка»

359 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
9c0ee431-2549-4545-a2ae-b11aa41da07a – дейді Сенг-Енг Пак Ұлттың ұлылығы сан түрлі, алуан сырлы құндылығынан да көрініп тұрады. Соның бір ерен түрі өнер десек, қазақтың дәстүрлі өнері қай кезде де халқымыздың қадірін арттырып келеді. Тыңдағанның тынысын ашып, көргеннің көкжиегін кеңейтетіні риясыз ақиқат. Кешегі Кеңес дәуірінде тумысы бөлек, тұғыры мықты алыптар көп оқымаса да көл-көсір тоқығанымен, дара дарынымен, қарым-қабілетімен көшбасынан көрінгеніне тарих куәлік ете алады. Сол өнер бүгінде егемен елдің бір биігі болып отыр. Аясы артып, ауқымы кеңейіп алыс елдер ілтипат көрсету үстінде. Соның бір дәлелі жақында Қазақ ұлттық өнер университетінің ұйымдастыруымен, өмірден ерте озса да артына өлмес мұра қалдырған домбырашы, фольклортанушы, аталмыш білім мекемесіндегі Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институтының лаборатория меңгерушісі болған Базаралы Мүптекеевтің рухына арналған халықаралық конференция өтіп, онда қазақтың дәстүрлі музыкасының теориясы мен практикасы жан-жақты сөз болған еді. Осы алқалы жиынға Оңтүстік Кореядан келген ЮНЕСКО-ның Тынық мұхит және Орталық Азиядағы материалдық емес мәдени мұраны сақтау жөніндегі орталық директорының орынбасары, доктор Сенг-Енг Пак қатысып, ұлтымыздың дәстүрлі өнері туралы баяндама жасаған болатын. Біз мәдени мұраны зерттеп, зерделеуді мұрат еткен азаматты әңгімеге тарттық. – Мен қазақ еліне осымен үшінші рет келіп отырмын. Мәдени мұра маманы болғандықтан, әрбір ұлттың рухани құндылығына зейін салып жүремін. Бірден айтайын, елдеріңізде баға жетпес құндылықтар өте көп екен. Тарихи кітаптарды, ән мен күйді, халықтық биді, өнер туындыларын, салт-дәстүр, әдет-ғұ­рып­тарыңызды ой елегінен өткізгенде, қазақ халқы бұрыннан-ақ өркениетті ел болғанына шүбә келтірмейсің. Дәстүрлі музыка, оның айтулы өкілдері – бір-бір әлем деуге тұрарлық. Біз бұған осы конференция кезінде тағы да көз жеткіздік. Кезінде Базаралы Мүптекеевтің зерттеу еңбектерінен, ол жинаған экспедиция материалдарынан, өзі домбырамен орындаған туындылардан, жасаған баяндамалардан айқын аңғарылып тұратын. – Сіздер Базаралы Мүп­те­ке­ев­пен көптен бері қарым-қа­тынаста болғансыздар ма? – 2003 жылы ЮНЕСКО халық­аралық байланыс­тар жөнінде арнайы конвен­ция енгізген болатын. Ол конвенцияға қазір 171 ел мүше. Орталық Азиядағы 5 мемлекет те бұл конвенциядан өз орнын алды. Олардың қатарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Өзбекстан, Түрік­менстан бар. Қазақ елін­дегі өкіліміз Б.Мүптекеев еді. Дәстүрлі музыка­дан білімі мол азамат конвенция талабына сай қазақтың дәс­түрлі өнері туралы бізге мол мағлұматтар ұсынды. Ол қол­дау тапты. Соның аясында қа­зақ өнерінің небір жауһарлары өзге жұрттарға таныстырылды. Осы арада оның тағы бір келе­лі ісі ойыма оралып отыр. Ол Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» мол мұраны элек­трон­дық форматқа түсіру ісін 5 жыл бойы атқарыпты. Соның нәтижесінде 110 мың жәдігер жаңа техникаға көшіріліп, 50 күй қайта жаңғырған екен. Осы мұраларды Кореяға барған сапарында бізге таныстырған. Оны заманауи тұрғыда Базаралының жаңартқанын біз конференцияда естідік. Бір ғажабы, фольклортанушы бізге осыны мен іске асырдым демеген еді. Мұ­ның өзі кісіліктің белгісі, ұлтқа айқайсыз қызмет етудің үлгісі деп білемін. Мықты музыкатанушы соңғы рет Кореяға барғанда қан қысымы көтеріліп, қатты сырқаттанды. Оның соңы өкінішке әкелді. Біз осы жолы оның орнына бардық. Қолынан тастамайтын домбырасы мұражайда екен. Суретке түсіріп алдық. Мекемемізге апарып, көрнекті жерге қоямыз. Осы арада ойыма бір тәмсіл оралып отыр. Бұрынғылар үлкен адам өмірден озса, ізін басатын адам болмаса, бір мұра жойылды дейді екен. Жас кетіп, артында із қалса, оқитын бір кітап қалды деп білген. Менің байқауымша, Базаралы Мүптекеевтің артында бір емес, қыруар мұра қалғаны анық. Және бұл конференция барысында нақты дәлел-дәйектермен айтылды. – Музыка зерттеушінің сол мұраларын жұртқа жеткізу ісіне ЮНЕСКО тарапынан көмек болатын шығар? – Болады. Иманды жанның жинаған қолжазбасын кітап етіп шығаруға, үнтаспасын таратуға материалдық, моральдық жағынан қолдауға әзірміз. Жақсы азаматтан қалған құндылық – ұлт байлығы. Оған жанашыр болу кімге де болса парыз. Алға қойған мақсатымыз – халықтардың материалдық емес мә­дени мұраларын сақтау, оны жұртқа жеткізу. 171 мемлекеттің басын қосып отырған конвенция­ның негізгі идеясы да, алға қой­ған мақсаты да мәдени мұ­ра­ға жанашыр болу. Жалпы, Қазақстан мен Корея арасындағы достық қарым-қатынас екі елдің өркендеуіне мол мүмкіндік жасап отыр. Корей жұрты егіншілікпен айналысса, қазақ халқы «Жібек жолы» бойында көшпенділіктің әдемі үлгісін көрсетіп қана қоймай, мәдени мұраның жақсы қалыбын қалыптастырған. Өзін­дік салт-дәстүрі кімді де болса қызықтырмай қоймайды. Жаңа дәуірде де сол «Жібек Жолы­ның» озық идеясына ұйытқы болып отыр. Тіпті, біздің екі халықтың арасында ұқсастықтар да байқалады. Айталық, бақсылық дәстүр бізде де бар. Қазақтарға да тән екен. Қалай десек те, мәдени мұра негізінде халықтар арасындағы қарым-қатынасты терең зерттеп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойып отырған бейбітшіл саясатты баянды ету ісін бәріміз қолдап қана қоймай, жүзеге асыруға күш салуға тиістіміз. – Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»