Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында жоғарғы палата депутаттары «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу жүргізуге және сол ақпаратты адамның жеке тұлғасын анықтау мен растау мақсатында қолдануға құқықтық негіз береді»,-деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов заң жобасын таныстыра отырып.
Министрдің айтуынша, саусақ ізін алу халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын тәжірибе және адамның жеке тұлғасын анықтайтын ұлттық құжаттарда қолданылып жүрген халықаралық стандартқа айналған.
2009 жылдан бері қазақстандықтар жеке төлқұжат пен жеке басын куәландыратын құжатқа суретін, өзі туралы ақпаратты, қолын электронды чип арқылы орнатып жүр Ал, саусақ ізін тіркеу туралы заң жобасында дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге жататын тұлғалардың тобы, сондай-ақ оны жинайтын және сақтауға жауапты мемлекеттік органдардың толық тізбесі анықталады. 1992 жылы Қазақстан құжаттардың биометрикалық параметрлері туралы халықаралық келісімді ратификациялады. Қазіргі кезде тұлғаны куәландыратын 11 құжаттың жетеуінде биометрикалық көрсеткіштерді енгізу қарастырылады. Біздің төлқұжаттар мен жеке куәліктерде электронды чиптер бекітілген, бұлар арқылы биометрикалық мәліметтерді енгізуге болады. Дактилоскопикалық тіркеу төлқұжат пен жеке куәлікті немесе теңізшінің жеке куәлігін рәсімдеу кезінде іске асырылады. Балалар 12-ден 16 жасқа дейін төлқұжат алған кезде олар өз еркімен немесе ата-анасының келісімімен дактилоскопикалық тіркеуге алынады. 12 жастан кіші балалар бұндай тіркеумен қамтылмайды. Сонымен қатар шетелдіктер виза алған кезде саусақ іздерін тапсыратын болады. Бұдан бөлек, дактилоскопикалық тіркеу босқындарға, еңбек мигранттарына, Қазақстанда тұратын шетелдіктерге қатысты ескеріліп отыр.