Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек СМАҒҰЛМЕН әңгіме ел тәуелсіздігі төңірегінен басталып, ұлттық құндылықтарға ұласты.
– Еліміз биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтті. Бұл – жеткенімізді саралап, тапқанымызды бағалап, келешекке деген бағыт-бағдарымызды тағы бір шамалап алатын меже. Сіз осы кезеңге қандай баға берер едіңіз?
– 25 жыл жеке адам үшін ғана жігіттік шақ. Ал адамзат тарихы үшін 25 жыл деген «микроскоппен де көре алмайтын» өте аз мерзім. Осы уақыт ішінде Тәуелсіздікке «бірден қарық қыла қоймадың», «көрсеткен қиындығың мынау!» деп тепсінудің еш реті жоқ. Қайта «тәубе!» деуіміз керек, ширек ғасыр ішінде ғасырға бергісіз ұлы істер тындырдық. Егемендік алған тұста, бүкіл экономикамыз – жоспарлы жүйеге, заңнамамыз – болмысымызға жат идеологияға, міндет-стратегиялар – басқа елдің мақсаттарына бағдарланған еді. Қарулы күштеріміздің қоймалары ескірген қару-жараққа толып, әскери техника, әскери ұшақтар мамандардың және жанар-жағармайдың жоқтығынан қаңтарылып тұрды.
Бүгінде сол ауыр жағдай жаман түстей ұмытыла бастады. Ширек ғасыр ішінде Қазақ елі ұлан асуларды еңсеріп, биік шыңға шықты, енді кеуде кере еркін тыныстай алады. Шыңға шыққан адамға, халыққа басқаларға қарағанда, көп нәрсе анық көрінеді.
Уақыттың қиындығына, замананың ауыр тезіне төзе алған ел енді ешқашан төл мақсаттарынан адаспайды, дара жолынан жаңылмайды. Осы ширек ғасыр ішінде Қазақстан Тәуелсіздікке тамсанған желпініс кезеңінен де, қиын да күрделі тағдырын ойлаған тебіреніс кезеңінен де өтті. Енді «Мәңгілік Елге» айналу жолындағы ұлы серпіліс кезеңі туды.
– Тәуелсіздікті әрі қарай да нығайту үшін, сақтау үшін тағы не қажет деп ойлайсыз?
– Мына құбылмалы қиын заман, қиямет шақ қырсығынан, қиянатынан сақтасын десек, ырысты ынтымағымызды жоғалтпауымыз керек. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы қоғамдық келісім мен ел татулығына баса мән береді және мемлекет қалыптастырушы ұлт ретінде қазаққа қайырылады: «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Бұл – тарих заңы. Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі! Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек. Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген», дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Америка Құрама Штаттарының әнұранында «Бірге біз төтеп береміз» деген сөздер бар екен. Олар бұл сөздерді керемет қадір тұтады. 2001 жылғы 11 қыркүйекте алпауыт ел өз тарихындағы алапат террорлық шабуылға ұшырағанда, әнұранындағы дәл осы жолдар барша америкалықтарды біріктірген ұранға айналды. Дәл осы сөздерге арналып, АҚШ-та пошта маркасы, естелік монеталар шығарылды. Себебі, сыртқы сын-қатерлерге бірігіп қарсы тұру америкалық сарапшылардың айтуынша, «елдіктің ғана емес, еркіндіктің дауысы болып табылады». Олай болса, алып мемлекеттің озық өнегесінен үйренудің әбестігі жоқ.
– Ел Тәуелсіздігінің бастауында тұрған Елбасы туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің арқасында қанша заман қасіреттен көз ашпаған қазақ халқы өзін ұлт ретінде жойып жіберер талай зауал, тауқыметтен құтылып, еңсе тіктеп қана қоймай, бүкіл әлемге сыйлы болды, мұны мойындаған жөн. Мемлекет басшысының Кореяға, Жапонияға сапарын жіті бақылай отырып, бір жайт еске түсті. Жапонияның Хиросимасында «Бейбітшілік бағы» бар, онда атом бомбалауының жүз мыңға жуық құрбаны жерленген. Сонда «қасиетті мазар» тұрғызылған, оның ішіндегі шағын табытқа жыл сайын, 6 тамызда «жерлеу қоңырауының» зарлы үнімен сүйемелдей отырып, жаңа құрбандардың тізімін салу рәсімі өткізіледі екен. Ал гранит тақтаға: «Ұйқыларың тыныш болсын, қателік қайталанбайды» деген аза толы сөздер қашалған. Мазар алдында «мәңгілік алау» жанып тұр. Жапондар бұл отты тек жер-жаһандағы ең соңғы атом бомбасы жойылғанда ғана сөндіруге сөз берген, міндеттеме алған. «Күншығыс елі» осы үмітін Ұлы Дала елінің Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен де байланыстырады!
– Әрбір ұлтжанды азамат «Тәуелсіздік маған не берді?» деп емес, «Мен Тәуелсіздікке не бердім?» деп өмір сүргені абзал. Сіз Тәуелсіздікке қосқан қандай үлесіңізді, қандай жетістігіңізді атап өте аласыз?
– Мен 5-ші және қазіргі 6-шы шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған депутаты ретінде еліміздің бүгінгі берекесі мен ертеңгі игілігін көздейтін біраз жұмыстың атқарылуына атсалысып, ел Президенті – партия Лидері Н.Назарбаев белгілеген міндеттерді орындауға қатысудамын. Бұған Мәжіліс қабырғасындағы және партиямыздың фракциясы аясындағы жұмысым, өңірлердегі іссапарлар, ауыл-аймақтағы сайлаушылармен кездесулер, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарым кіреді.
Депутат ретінде ҰҚК-нің Шекара қызметінің қолдауымен осы жылдар ішінде Қазақстанның көрші елдермен шектесетін шекарасының өне бойын көлікпен жалғыз аралап шықтым, елдің әр шетін қырағы күзеткен шекарашыларымызбен еркін әңгіме-дүкен құрып, жағдайларын білдім. Сондағы көз қаныққан, көңілге түйген мәселелер «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» заңға түзетулер түрінде кірді. Биылғы қайталама сапарым барысында анықталған мәселелердің бір бөлігі Жер реформасы жөніндегі комиссияның ұсыныстарында ескерілді.
Ұлылардың талғамы, тағылымы мен өнегесі саналы жанның жолына бағыт беріп, келелі ойға жетелейтіні заңдылық. Армиядағы аса маңызды мәселе – сәлемдесу рәсімі. Ал Тәуелсіздік таңынан бертінге дейін біздің армиямызда «Сәлеметсіз бе?» деген амандасу қолданылып келді. Мен 2006 жылғы 8 желтоқсанда Тұңғыш Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазған болатынмын. Онда «Армысың!» деген батыр бабаларымыз қолданған байырғы сөзді бүгінгі заманға сай жаңғыртып, әскердегі сәлемдесу рәсіміне пайдалануға ұсыныс жасадым. Бұл бастамаға Мемлекет басшысының әскери жиын-кездесулерде жауынгерлермен «Армысыңдар, айбынды сарбаздар!» деп амандасуы арқау болған еді. Хатымда айтылған ой-ұсыныстар Президент Әкімшілігі тарапынан қолдау тапты.
Ақыры 2016 жылғы 2 ақпанда «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жалпыәскери жарғыларын бекіту туралы» ел Президентінің 2007 жылғы 5 шілдедегі №364 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Елбасының №187 Жарлығы қабылданды. Оған сәйкес, Жалпыәскери жарғылардың Ішкі қызмет жарғысындағы әскери сәлемдесу бөлімінде сол ұсынысым жүзеге асты. Осылайша, биылдан бастап, салтанатты шерулерде «Армысыздар, айбынды сарбаздар!», күнделікті әскери қызметте «Армысыңдар, сарбаздар (жауынгерлер)!», «Армысыздар, офицер мырзалар!» деген сәлемдесу енгізіліп отыр.
Армиямызға «Армысыздар!» сәлемдесуінің Президент Әкімшілігінің қолдауымен және менің ұсынысыммен енгізілгені Қорғаныс министрлігінің тиісті ресми құжатымен расталған. Бұл ретте осы ізгі істің ілгерілеуіне үлкен үлес қосқан ұлтжанды азаматымыз, сол кездегі Қорғаныс министрі, қазіргі Премьер-Министрдің орынбасары Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтің ерен еңбегін де атап өткім келеді. «Армысыз!» – әскери сәлемнің әрін де, нәрін де келтіретін, айбынын асқақтатып, айбарын арттыратын, әрі барлық этнос өкілдерінің де айтуына оңай, бәріне бірдей етене, еркін ырғақты сөз.
Биыл сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі бекіткен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Ар-Намыс кодексінің» тең авторы атандым.
– Тәуелсіздік қорғаны болар әскерімізде ұлттық құндылықтардың ор-
нығуы да маңызды мәселе. Соңғы кезде жастарымыз жат жұрттың бүлдіргі қасиеттеріне үйірсектеп барады. Оларды төл бастауына қайтарып, ұлттық құндылықтарымызды өрістете аламыз ба?
– Ұлттық құндылықтар – адал жүректен туған, ғасыр сүзгісінен өткен асыл қазына. Жалпы, Қазақ елі өзінің бүкіл тарихында сырттан тоқтаусыз идеологиялық және мәдени шабуыл-экспансияны бастан кешіп отырған. Біле білсеңіз, қазақтың даралығы, болмыс-менталитеті, ұлттық мінез-құлқының ерекшеліктері сол күресте шыңдалған. Егер олай болмағанда, патша билігі мен Кеңес үстемдігі тұсында-ақ жойылып кететін едік. Бір дерек келтірейін: өткен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында «бүкілодақтық староста» атанған М.И.Калинин Кеңестер елінде 200-ден астам ұлттық-этникалық субъектіні тіркеуге алыпты. Ал 1979 жылғы халық санағында соның 92-сі мүлдем жойылған болып шықты.
Біз әлемдік мәдениеттен де қалыспауымыз керек, өз дәстүрімізді де ұлықтауымыз керек. Тек тіл ғана емес, ұлттың рухы, оның қайталанбас, дара мәдениеті мен болмысы жойылған күні ұлт та жойылады. «Халықтың халық болып өмір сүруі немесе жырымдалып жүріп, өз бет-бейнесінен айырылуы сол ұлт өкілінің өзінен кейінгі ізбасарына бабалар аманатын қай салада жеткізуіне байланысты. Ана тілі, ата-дәстүр өзінен-өзі жалғаспайды, не сырттан келіп біреу көсегеңді көгертіп сақтап та бермейді. Адам баласы басына қонған бақты сезбейді, ұшқанда бір-ақ біледі», дейді батыр Бауыржан Момышұлы. Осы ұлағатты сөзден ұрпақ сабақ ала білуі керек.
– Құдайға шүкір, қазір бәрі сауатты. Бізді болашаққа қазақ ретінде апаратын ұлттық құндылықтарымыз, дәстүріміз екенінен де жақсы хабардар. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарымызға «еурожөндеу» жасауды былай қойғанда, «араб болмысына» бейімделу белең алуда. Бұл жерде қандай мүдде бар?
– Біздің халыққа 70 жыл бойы атеизм күштеп таңылды. Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейін ғана Қазақ елі өзінің ұлттық болмысына негізделген Ислам өркениетіне орала бастады. Әрине, атеизм кезеңі ізсіз кетпеді. Күні кешеге дейін дініміз жаназа шығару мен құдайы тамақ деңгейінде еді. Имамдардың бар қызметі де соның төңірегінен соншалықты ұзай қоймаған-тын. Қазір жағдай түзелуде. Ес жиып, етегін жапқан баладан бастап, ақ сақалды аталар мен ақ кимешекті әжелерге дейін діни сауат ашу курстарында оқып жүр. Бүгінгі діни сауат ашуға жаппай ұмтылыс руханиятқа шұғыл бетбұрыстың шынайы көрінісі болса керек. Исламдық ілімге сусындап, шөлін басқан жан оны өзі жүрген ортасына таратады. Басқа жат ағымдардың жетегінде жүрген қандастарымыздың өз үйіріне қайта қосылуына да тиісінше ықпал етері анық. Қазіргі кезеңде дінімізді білім арқылы танып, тереңдей игеру жалғасуда. Бұл ретте мешіттердегі сауатты әрі терең танымды уағыздардың рөлі ерекше маңызды.
– Сізді ұлт тағдырына қатысты қандай мәселелер көбірек мазалайды?
– Біз ұлттық ұстындарды табу үшін өткенге оралуға бейімбіз. Біз сөзсіз, ұлы бабалар рухымен рухтануымыз керек. Егер тұғырлы ұлт – қазақтың өзі бұзылса, Абай айтқандай «төрден үрген ит құсап», өз елін өзі аңдып, ел ішіне іріткі салса, ортақ шаңырағымыздың астында өмір сүрген жүзден астам этносты қалай өз айналамызда ұйыстырамыз, қалай ұлы мақсаттарға ұйытқы боламыз?
Сондықтан да, Елбасы жалпыұлттық идеяға сонау Көк түрік бабамыздан келе жатқан рухты идеяны – «Мәңгілік Елді» ұсынды. Сондықтан әрбір қазақ Тәуелсіздік – тұмарым, Мәңгілік ел тұрағым деп, сол үшін қызмет етуге тиістіміз.
Мені тағы бір толғантатын мәселе бар. Бір қынжылтатыны, бізде әлі күнге «ұсақ ұлттың психологиясы» сақталған, соны жоюымыз қажет-ақ. Кеңес кезінде біздің санамызға «нацменьшинство» ұғымы қатты сіңді. Қазір қазақ ұсақ ұлт емес, 2009 жылғы халық санағынан бері санымыз 10 миллионға жуықтаған, өз еліміздегі үлесіміз ендігі 70 пайыздан асып кеткен халық.
Елбасы шағын болса да, аяқ алысы алып Сингапур секілді дамыған елдерді бекер үлгіге келтіріп жүрген жоқ. Мысалға, Сингапурдың халқының саны – 5,5 миллион, Жаңа Зеландия – 4,4 миллион, Норвегия – 5 миллион, Финляндия – 5,4 миллион, Дания – 5,6 миллион, Гонконг – 7,1 миллион, Швейцария – 8 миллион, Швеция – 9,5 миллион, Бельгия – 11,2 миллион, Австралия – 23 миллион. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көрсеткіші бойынша былтыр №1 мемлекет атанған Люксембургте небәрі 543 мың адам ғана тұрады. Бұлардың барлығы әлемдік әртүрлі жетекші рейтингтерде көш басында тұр. Олардың ешқайсысы «біз аз халықпыз, ірі ұлттарға жұтылып кетеміз деген үрей буып алды» деп, әр қадамын қорқасоқтай басып отырған жоқ, қасқайып, «сен тұр, мен атайын» деп алға батыл қадам басуда.
Тәуелсіздігімізге 25 жыл ғана болғанымен, біз, қазақ, тарихы тереңнен тартатын байырғы халықпыз! Ұлы Даланың лайықты ұрпағымыз! Ата-бабаларымыздың «Алтын адам» болғанын ардақ тұтуға тиіспіз! Тарихи тамыры тереңде, мәдениеттің мәйегі, өркениеттің құт мекені болған, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін көсіліп жатқан кең өлкені жайлаған, мыңғыртып мал айдаған, мәрттігі мен уәдесінен таймаған, алты Алаш ханын сайлаған, шаршы топқа түскенде, шешен болып сайраған, қылышын тасқа қайраған, найзасына үкі байлаған ұлы бабалардың ұрпағы болғаны бақыт екенін ұмытпағанымыз абзал!
Амандық болса, бұл ғасыр қазақтың алдына қара салмайтын «Алтын ғасыры» болады.
Ұлығын емес, ұлтын ойлайтын, руын емес, рухын ойлайтын Қазақ елінің әрбір азаматы өз мойнына ел үшін жауапкершілік алатын заман. Өткенге – бабаларымыз, бүгінге – біз, келешекке – жастар жауапты екендігін естен шығармайық!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»