Қазақстан Қарулы Күштерінің офицері подполковник Асқар Қожағалиев Батыс Сахарада (MINURSO) референдум өткізу кезінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөнінде ұйымдастырылған Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясынан оралды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандық әскери қызметші тура бір жыл Африка елінде болды. Сол уақыт ішінде ол екі базада қызмет атқарды. Соның біреуіне командир болып тағайындалды. «БҰҰ-ның миссиясына қатыса отырып, мен қажетті тәжірибе жинақтадым және, әрине, алған біліміммен бөлісуге дайынмын. Бұдан бұрын Батыс Сахарадағы миссияларға қатысқан офицерлеріміз өздерін кәсіби және тәжірибелі мамандар ретінде көрсете білген болатын», – дейді Асқар Қожағалиев.
Миссияда әскери бақылаушылар белгілі бір тапсырмаларды атқарады. Яғни, уақытша бітімнің сақталуын қадағалайды, бөлінген жауапкершілік аймақтарын патрульдейді. Бір уақытта бір базада бірден әр мемлекеттің әскери қызметшілері болады. Асқар Қожағалиевтің айтуынша, кімнің қай елден келгеніне қарамастан, миссияға қатысушылар үнемі бір-бірлеріне демеу болып, қолдау көрсетуге және тапсырмаларды жұдырықтай жұмылған ұжым ретінде орындауға тырысады.
Қазіргі уақытта Батыс Сахара (MINURSO) және Кот-д Ивуардағы (UNOCI) БҰҰ-ның миссияларына әскери бақылаушылар ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінің төрт офицері қатысып жатқанын айта кеткен жөн.