Жақында Қырғызстан қазақтарының қауымдастығы Қырғызстан халық Ассамблеясында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Мерекелік іс-шараға мемлекеттік органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, Ассамблеяның құрамындағы ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері қатысып, өздерінің құттықтауларын, Қазақстанның жетістіктері туралы пікірлерін білдірді.
Дөңгелек үстелдің ашылуында Қырғызстан қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Тілеуқор Бошымова Қазақстанның ширек ғасыр ішіндегі өткен жолы туралы кеңінен баяндап берді. Ал Қырғызстан халық Ассамблеясы кеңесінің төрағасы Тоқан Мамытовтың құттықтаумен басталған сөзін жұрт ұйып тыңдады. Мемлекеттік үлкен қызметтерде болған елге сөзі өтімді тұлғалардың бірі Т.Мамытов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен егемендіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартқанын, мұның тіпті әлемдік қоғамдастықта мәні аса зор оқиға болғанын атап көрсетті. Екіншіден, деді ол, Н.Назарбаев сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшы екенін айқын танытты. Бұлай деп отырған себебім, Қазақстан дер кезінде жүргізілген экономикалық, саяси, мәдени-рухани реформаларының арқасында үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның өсіп-өркендегені қазақстандықтар үшін ғана емес, аймақ елдері үшін, оның ішінде біздің Қырғызстан үшін де аса маңызды. Қырғыз бен қазақ ділі де, тілі де, діні де бір, бір өзеннен су ішкен халық, барсақ – базарымыз, көмілсек мазарымыз да ортақ.
Дөңгелек үстел басында сөз сөйлеген басқа да адамдар, қазақ диаспорасының өкілдері өздерінің Қазақ еліне деген тілеулестігін білдірді. Жиынға Бішкек қаласынан отыз шақырым жердегі «Озерное» ауылынан арнайы келген 92 жастағы Қани Алтынбеков Қазақстанның толағай табыстары өзін әрқашан да қуанышқа бөлейтінін жеткізді. Өмір бойы диқаншылықпен айналысқан ақсақалдың ата-анасы Қырғызстанға 1932 жылы қоныс аударыпты. Қария Қазақстанды әрдайым алға тартып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің аталық ақ батасын беріп, Қазақстанды өсіп-өркендету жолындағы еңбегіне жеміс тіледі.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
республикалық «Қырғыз Туы» газетінің жауапты хатшысы