2016 жылғы 2 желтоқсан Астана, Үкімет Үйі
Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері мен қазақстандық әуе кемелеріне бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері мен қазақстандық әуе кемелеріне бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.САҒЫНТАЕВ
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы
2 желтоқсандағы №759 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері мен қазақстандық әуе кемелеріне бақылауды жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері мен қазақстандық әуе кемелеріне бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 55-бабының 12-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық және шетелдік теңіз кемелері (бұдан әрі – теңіз кемелері) мен қазақстандық әуе кемелеріне (бұдан әрі – әуе кемелері) көрсетілген кемелердің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін құрлықтық қайраңда орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған теңіз кемелері мен әуе кемелерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше мәрте кесіп өтуіне рұқсат беру тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (бұдан әрі – Шекара қызметі) берген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше мәрте кесіп өтуге рұқсаттардың (бұдан әрі – рұқсат) шарттарын сақтауы бөлігінде ғана бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Рұқсат алған теңіз кемелеріне қатысты бақылауды Шекара қызметі жүзеге асырады.
Рұқсат алған әуе кемелеріне қатысты бақылауды Шекара қызметі Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерімен бірлесіп жүзеге асырады.
Заңның 70-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғаныс күштері Мемлекеттік шекараны әуе кеңістігінде күзету кезінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған теңіз және әуе кемелерімен тасымалданатын жолаушылар дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ұсынатын жолаушылар тізіміне сәйкес бақылаудан өтеді, оған Шекара қызметінің лауазымды адамы бақылаудан өткені туралы белгі қояды.
4. Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған теңіз және әуе кемелері тасымалдайтын жүктер мен тауарлар Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағы мен Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының талаптарын сақтай отырып әкелінеді.
Кеден одағы мен Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан құрлықтық қайраң аймақтарына өткізу кедендік бақылаусыз жүзеге асырылады.
2-тарау. Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған теңіз кемелеріне бақылауды жүзеге асыру тәртібі
5. Теңіз кемесі теңіз портынан (орналасу пунктінен) құрлықтық қайраң үстіндегі су кеңістігіне шығар алдында, бірақ одан бұрын төрт сағаттан кешіктірмей, теңіз кемесінің Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңы үстіндегі су кеңістігіне шығуын жоспарлайтын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға немесе теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) жауапкершілік учаскесінде теңіз порты (орналасу пункті) орналасқан Шекара қызметінің әскери бөліміне теңіз кемесінің шығуға дайын екенін туралы кез келген байланыс құралдары арқылы ауызша хабар береді және рұқсат беруге құжаттарды тапсырған кезде мәлімделген жүру жолы өзгерген жағдайда, теңіз кемесінің жүру маршрутын нақтылайды.
6. Шекара қызметінің лауазымды адамдары теңіз кемесіне келгеннен кейін теңіз кемесін байқауды және тексеріп-қарауды ұйымдастырады. Теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) Шекара қызметінің лауазымды адамдарына рұқсатты, Шекара қызметі әскери бөлімінің командирі куәландырған теңіз кемесі экипажының құрамын, кеме жолаушыларының тізімін және теңіз кемесі экипажының мүшелері мен жолаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Шекара қызметінің лауазымды адамдары құжаттарды ондағы мәліметтердің дұрыстығы мен олардың дұрыс ресімделуі тұрғысынан тексеріп, оларды теңіз кемесінің капитанына (капитанның ауысымдық көмекшісіне) қайтарады.
7. Шекара қызметінің лауазымды адамдары, сондай-ақ мынадай құжаттардың болуын тексереді:
1) теңіз кемесінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығы туралы куәлік;
2) кеме журналы;
3) теңіз кемесінің жабдықталу мен жарақталу қауіпсіздігі туралы куәлік.
8. Шекара қызметінің лауазымды адамдары теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) мен экипажы мүшелеріне ауызша сұрау жүргізеді, сондай-ақ капитанмен (капитанның ауысымдық көмекшісімен) бірлесіп, теңіз кемесін тексеріп-қарауды жүргізеді.
9. Бақылау аяқталғаннан кейін Шекара қызметінің лауазымды адамы рұқсатқа белгілер қояды. Шекара қызметінің лауазымды адамы Шекара қызметінің әскери бөліміне жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері туралы байланыс құралдары арқылы ақпарат жібереді.
10. Теңіз кемелерінің құрлықтық қайраң үстіндегі су кеңістігіне шығуы Шекара қызметі әскери бөлімінің лауазымды адамдары кемеде бақылауды аяқтағаннан кейін Қазақстан Республикасының теңіз порттарынан (орналасу пункттерінен), теңіз терминалдарынан немесе айлақтық құрылыстарынан жүзеге асырылады.
Теңіз кемелерін құрлықтық қайраң үстіндегі су кеңістігіне шығаруды Шекара қызметі әскери бөлімінің командирі куәландырған кеме экипажы құрамына енгізілген адамдар жүзеге асырады.
11. Құрлықтық қайраң үстіндегі су кеңістігінде болған кезде рұқсатқа сәйкес мынадай талаптар сақталады:
1) теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) Шекара қызметінің әскери бөлімімен үнемі радиобайланыста болады, кеменің орналасуының географиялық координаттарын көрсете отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын әрбір кесіп өту фактісі туралы хабардар етеді және ол туралы кеме журналына жазба жүргізеді;
2) теңіз кемесінің орналасқан жері туралы ақпаратты үнемі автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін техникалық бақылау құралдары істен шыққан кезде теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) ақау себептері туралы Шекара қызметінің әскери бөліміне хабарлайды.
Теңіз кемесінің орналасқан жері туралы ақпаратты үнемі автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін техникалық бақылау құралдарының істен шығуына әкелген себептерді төрт сағат ішінде жою мүмкін болмаған жағдайда, теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) бұл туралы Шекара қызметінің әскери бөлімін хабардар етеді және ақауды жою үшін теңіз портына (орналасу пунктіне) қайта оралады;
3) Шекара қызметі лауазымды адамдарының талабы бойынша теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) кеменің орналасқан жеріне қатысты ақпаратты және кеменің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын бірнеше мәрте кесіп өтуіне байланысты басқа да қажетті ақпаратты ұсынады.
12. Теңіз кемесі Қазақстан Республикасының теңіз портына (орналасу пунктіне), теңіз терминалына немесе айлақтық құрылысына келерден бұрын төрт сағаттан кешіктірмей, теңіз кемесін басқаратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға немесе теңіз кемесінің капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) бұл туралы Шекара қызметінің әскери бөліміне кез келген байланыс құралдары арқылы ауызша хабар береді. Шекара қызметінің лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының теңіз портына (орналасу пунктіне), теңіз терминалына немесе айлақтық құрылысына келіп, кемеге байқауды ұйымдастырады, осы Қағидалардың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген құжаттарды тексеруді, кемені тексеріп-қарауды, кеме экипажы мүшелерінің түсірілуін бақылауды жүзеге асырады, кеме капитаны (капитанның ауысымдық көмекшісі) мен экипажы мүшелеріне ауызша сұрау жүргізеді.
13. Теңіз кемесінен экипаж мүшелерін, адамдарды түсіру, кез келген жүктер мен тауарларды түсіру (тиеу) Шекара қызметінің бақылауы аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады. Бақылау аяқталған соң Шекара қызметінің лауазымды адамы рұқсатқа кеменің теңіз портына (орналасу пунктіне) келуі туралы белгі қояды.
3-тарау. Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңында орналасқан келісімшарт аумағындағы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тартылған қазақстандық әуе кемелеріне бақылауды жүзеге асыру тәртібі
14. Шекара қызметінің лауазымды адамдары әуе кемесіне келгеннен кейін әуе кемесіне байқауды және қарап-тексеруді ұйымдастырады. Әуе кемесінің командирі (ұшу экипажының мүшесі) Шекара қызметінің лауазымды адамдарына рұқсатты, мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен ұшу жоспарының (Flightplan) көшірмесін, Шекара қызметі әскери бөлімінің командирі куәландырған әуе кемесі экипажының құрамын, кеме жолаушыларының тізімін және әуе кемесі экипажынының мүшелері мен жолаушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынады.
Шекара қызметінің лауазымды адамдары құжаттарды ондағы мәліметтердің дұрыстығы және олардың дұрыс ресімделуі тұрғысынан тексеріп, оларды әуе кемесінің командиріне (ұшу экипажының мүшесіне) қайтарады.
15. Шекара қызметінің лауазымды адамдары әуе кемесінің командирі мен экипажы мүшелеріне ауызша сұрау жүргізеді, сондай-ақ әуе кемесінің командирімен (ұшу экипажының мүшесімен) бірлесіп, кемені тексеріп қарайды.
16. Бақылау аяқталғаннан кейін Шекара қызметінің лауазымды адамы ұшу тапсырмасына (ұшу парағына) жазба жасайды және рұқсатқа белгілер қояды. Шекара қызметінің лауазымды адамы Шекара қызметінің әскери бөліміне жүргізілген іс-шаралардың нәтижелері туралы байланыс құралдары арқылы ақпарат жібереді.
17. Әуе кемелерінің құрлықтық қайраң үстіндегі әуе кеңістігіне ұшып шығуы Шекара қызметі әскери бөлімінің лауазымды адамдары кемеде бақылау жүргізгеннен кейін Қазақстан Республикасының әуе айлақтарынан, тікұшақ айлақтарынан және қону алаңдарынан, оның ішінде халықаралық ұшулар үшін ашылмағандарынан да жүзеге асырылады.
Әуе кемелерін құрлықтық қайраң үстіндегі әуе кеңістігіне ұшып шығаруды Шекара қызметі әскери бөлімінің командирі куәландырған кеме экипажы құрамына енгізілген адамдар жүзеге асырады.
18. Құрлықтық қайраң үстіндегі су кеңістігінде орналасқан қалқымалы қонақүйлерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағынан жасанды аралдарға, қондырғылар мен құрылыстарға, қалқымалы бұрғылау қондырғыларына не қалқымалы қонақүйлерді қоса алғанда, жасанды аралдардан, қондырғылар мен құрылыстардан, қалқымалы бұрғылау қондырғыларынан Қазақстан Республикасының аумағына адамдарды, жүктер мен тауарларды жеткізуді жүзеге асыратын әуе кемелерінің ұшулары Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша жүзеге асырылады.
19. Шекара қызметінің лауазымды адамдары орналасу пунктіне келіп, әуе кемесін байқауды ұйымдастырады, осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген құжаттарды тексеруді, кемені тексеріп-қарауды, кеме экипажы мүшелерінің түсуін байқауды жүзеге асырады, кеме командирі мен экипажы мүшелеріне ауызша сұрау жүргізеді.
20. Әуе кемесі экипажы мүшелерінің түсуі, кез келген жүктер мен тауарларды түсіру (тиеу) Шекара қызметінің бақылауы аяқталған соң жүзеге асырылады. Бақылау аяқталғаннан кейін Шекара қызметінің лауазымды адамы рұқсатқа әуе кемесінің орналасу пунктіне келуі туралы белгілер қояды, сондай-ақ ол туралы ұшу тапсырмасына (ұшу парағына) жазба жасайды.