24 Желтоқсан, 2016

Қазақ тілінің жиілік сөздігі әзірленді

400 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР БҒМ-де жалпы білім беруге арналған Қазақ тілінің жиілік сөздігі әзірленді, бұл жөнінде ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы барысында айтты. Рrimeminister.kz сайтының хабарлауынша, шарада «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» ҚР Заңын және 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Премьер-Министр 25 жыл ішінде мемлекеттік тіл саясатын дамыту саласында ауқымды жұмыс атқарылғанын айтты. «Бұл – сөз жоқ, Тәуелсіздіктің жемісі, тіл мәселесіндегі Елбасының салиқалы саясатының нәтижесі»,- деді Б.Сағынтаев. Отырыста мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және бағалау жүйесі бойынша баяндама жасаған ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев ғылыми негізде және үздік халықаралық тәжірибе бойынша жасалған мемлекеттік тілді жедел әрі тиімді үйретудің жаңа әдістемесін таныстырды. Жаңа әдістеменің базасында «Қазақ тілінің жиілік сөздігі» әзірленді.  Ол 2017 жылдан бастап орыс тілді мектептерде пилотты үлгіде енгізілетін болады. Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымы филиалының бөлім басшысы Ж.Абуов, Ұлттық тестілеу орталығы Мемлекеттік тіл басқармасының жетекшісі А.Әбдіхалықов баяндама жасады. Комиссия мүшелері «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының орындалу барысы туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының, ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтановтың және Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың есептерін тыңдады. Отырысты қорытындылай келе, Б.Сағынтаев өкілетті органдарға бірқатар тапсырмалар берді.