Қазақстанның коммерциялық Қазинвестбанкі дүйсенбіге дейін банктік операциялардың барлық түрін тоқтатып қойды, деп хабарлады abctv.kz порталы банктің колл-орталығына сілтеме жасап.
«Техникалық іркіліс туындады, соған байланысты дүйсенбіге дейін операцияның барлық түрі тоқтатылды. Қазір ешбір операция жұмыс істемей тұр. Қандай да бір мәлімет бере алмаймыз, ресми мәлімдеме дүйсенбі күні жасалады», – деп түсіндірді колл-орталық.
Банк өкілдері бөлімшелердің барлығы қазіргі таңда жұмыс істемей тұрғанын айтты. «Біздің білетіміз: техникалық іркіліс туындаған. Қазір қандай да бір сұраққа жауап бере алмаймыз», – деді қауырт желінің операторы.
Дереккөзге сілтеме жасаған БАҚ-тың ақпараты бойынша, Қазинвестбанк техникалық дефольтқа жол берген. Аталмыш қаржы ұйымына қатысты шешімді дүйсенбі күні Ұлттық банк қабылдайды.
Баршаға белгілі, Ұлттық банк 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап «Қазинвестбанк» АҚ және «Delta bank» АҚ-ның жеке тұлғалардан жаңа депозит қабылдау, жеке тұлғаларға банктік есеп-шот ашу лицензияларын 3 ай мерзімге тоқтатып қойған болатын.
Лицензияны тоқтату туралы шешім жоғарыда аттары аталған банктер тарапынан жекелеген заң бұзушылықтарға және ішкі бақылау жүйесін жақсарту қажеттілігіне байланысты тоқтатылған. Лицензияны тоқтату жұмыс істеп тұрған депозиттерге және банктер клиенттеріне қызмет көрсетуге, сондай-ақ заңды тұлғалардан депозиттер тартуға әсер етпейді.
2016 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша «Қазинвестбанктің» жеке тұлғалардан қабылдаған депозит көлемі 16,4 млрд теңге немесе жеке тұлғалардың депозитінің жалпы көлемінің 2,3 пайызын құрады.
KASE мәліметі бойынша, 2016 жылдың 1 қарашасында Қазинвестбанк акционерлерінің құрамы келесідей болды: Гаухар Қаппарова - 9,98%; Бағдат Әбілқадіров, Мұрат Әлмағамбетов, Серік Бейсенбеков, Айдар Жақсылықов, Айдос Ержанов, Нұржан Қайырбеков, Ержанат Қалижанов, Ләззат Тілеубаева әрқайсысы – 9,3 %; Белла Чершновец – 7,1%.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, «Қазинвестбанк» 2016 жылғы қаңтар-қыркүйектің қорытындысы бойынша, елдің 34 банкі арасында актив көлемі бойынша 17-орынды иеленді.