24 Желтоқсан, 2016

Қазақстанда барлық республикалық маңызы бар жолдар ашық

194 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Қазақстанның барлық өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдар ашық, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұдан бұрын хабарланғандай, кеше боранға байланысты Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жолдар жабылған еді. Атап айтқанда, Алматы облысы аумағындағы «Үшарал-Достық» жолының 83-184 шақырымындағы Көктума мен Достық аралығында көлік қозғалысы шектелді. Жамбыл облысында «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 534-593 шақырымындағы Айша Бибі-ОҚО шекарасына дейінгі учаскесі жабық болды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы аумағындағы «Алматы-Ташкент-Термез» жолының 593-611 шақырымындағы Жамбыл облысы шекарасынан Ақбиік ауылы аралығында көліктің барлық түрлері үшін жолға шығуға тыйым салынған еді. «Қазақавтожол» РМК-ның мәліметінше, боран болған аймақтардағы жол учаскелерінде арнайы техника қардан тазарту жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта еліміздің аумағындағы республикалық жолдарда көлік қозғалысы қалыпты тәртіпте жүзеге асырылып жатыр.