25 Желтоқсан, 2016

Мемлекет басшысы «БИОКАД» жұмысымен танысты

215 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Санкт-Петербургтегі «БИОКАД» жабық акционерлік қоғамы жұмысымен танысты. Бұл халықаралық деңгейдегі фармацевтика саласында орны айрықша кәсіпорын. Онда дәрі-дәрмек өндірісімен қатар биомедицина бағытында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Әсіресе, мұнда онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілерге қатысты өте сәтті зерттеулер жасалған. Ал бүгінде онда адам өмірін ұзартатын да дәрілік препараттар дайындалуда. Қазір «БИОКАД» компаниясында жасалатын дәрілік препараттардың атауы қырыққа жуықтаған, сонымен қатар бұлардың қатарын көбейтетін тағы қырық шақты өнім зерттелу үстінде екен. Еске салсақ, осыдан біраз бұрын Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумында осы «БИОКАД» ЖАҚ мен «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС дәрілік заттар өндірісінің толық циклінің технологиялық трансфері туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл біздің елде де айрықша басымдыққа ие медицина саласындағы зерттеулердің ілгерілей түсуіне ашылған тағы бір мүмкіндік. 3 Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Санкт-Петербургтен