26 Желтоқсан, 2016

Тоқаев Үстел теннисі федерациясының президенті болды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қасым-Жомарт Тоқаев Үстел теннисі федерациясының президенті болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы бүгін Астанада федерацияның кезектен тыс өткен баспасөз отырысында белгілі болды. Бұл лауазымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында Бақтықожа Ізмұхамбетов болған еді. Одан басқа, федерацияның басшылық органы сайланып, Данияр Әбілғазин Бас хатшы болды. «Нәтижелі жұмысқа және маған көрсетілген сенімге орай мен Конференцияға қатысушыларға алғыс білдіремін. Біздің алдымызда төрт жылдық жаңа кезең басталды. 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиададағы маңызды жарыстарда сынға түсетін боламыз. Үстел теннисіндегі нәтижелерді жақсарту жөніндегі күрделі де қиын жолдарды бірге бағындырамыз. Сондықтан аймақтардағы материалдық-техникалық базаны нығайту және аймақтық федерацияны дамыту, жаттықтырушылар құрамының біліктілігін арттыру, біздің спортшыларды сапалы жаттығу жағдайларымен қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және үстел теннисінен әлемдік спорт аренасында Қазақстан орнын күшейту қажет деп санаймын. Федерацияның басты міндеттерінің бірі - үстел теннисінің елімізде кеңінен қанат жаюын қамтамасыз ету, спорттың осы түріне бұқаралық сипат беру болып табылады. Сондай-ақ үстел теннисін дамыту саласында озық тәжірибелермен алмасуды ұйымдастыру да маңызды», - деп атап өтті Қ.Тоқаев. Конференцияға қатысушылар Қазақстандағы осы спорт түрін дамытудың қазіргі кездегі өзекті мәселелерін талқылады. Сондай-ақ конференцияда федерацияның атқару комитетінің жаңа құрамы бекітілді. Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстан үстел теннисінен тұңғыш рет Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған болатын. Рио-де-Жанейрода Қазақстан атынан Кирилл Герасименко сайысқа түскен. Алайда, жүлделі орындардан көріне алмады.