26 Желтоқсан, 2016

Назарбаев: Сирия бойынша келіссөзге қатысатын елдерді қабылдауға дайынбыз

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Сирияға қатысты келіссөзге қатысатын барлық тарапты Астанада қабылдауға дайын. Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуінде айтты. Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды. "Қазақстан Сирияға қатысты келіссөзге қатысатын барлық тарапты Астанада қабылдауға, бұл үшін барлық қажетті жағдайды жасауға әзір", - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ, экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті. Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті. "Қазақстан ЕАЭО барлық мүшелеріне оң ықпал ететін интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан - посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы. Бұған табысты елдің интеграциялық жобаларды белсенді алға жылжытып жатқаны дәлел. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушыларына оң ықпал етуде", - деді Путин. Сондай-ақ, Ресей көшбасшысы Қазақстан басшысын Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Санкт-Петербургтен