26 Желтоқсан, 2016

Кенді Алтай тұрғындары Мәуліт мерекесін атап өтті

589 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
unnamed-1 Биыл Шығыс өңірінде Мәуліт мерекесі кеңінен аталып өтті. Әсіресе, облыс орталығындағы Металлургтердің мәдениет сарайында өткен "Рахмет нұры" атты рухани кеш өскемендіктердің өз-өзіне өзгеше қараған, Жаратушыға жақындай түскен шараға айналды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) өмірге келген Мәуліт айында кең көлемде рухани шаралар ұйымдастыру жөніндегі тапсырмасы аясында Өскемен аймағы өкілдігі өткізген рухани кешке аудан мен қала имамдары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер және жастар келді. unnamed-2 Елдің еңселі сарайға толассыз ағылуынан-ақ олардың осынау қасиетті айға деген сағынышын, Алла Елшісіне деген ізгі құрметін көруге болады. Алыс аудандардан, қала сыртындағы ауылдардан келушілер үшін өкілдіктен арнайы тегін көлік ұйымдастырылды. Жиын қасиетті Құран оқумен басталып, ардақты пайғамбар өмірі мен ізгі амалдары, сонымен қатар Өскемен өкілдігінің ағымдағы жылы атқарған шараларының есебі сахнадағы экраннан ұсынылды. ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, Халифа Алтай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы Ермек қажы Тасболатұлы өңір жұртшылығын Мәуліт мерекесімен құттықтады. Мәуліт мерекесінің маңызы мен тарихына тоқталған ол: «Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі мен тағылымы – сарқылмас рухани қазына. Қазақ елі қашаннан пайғамбарымызды жоғары көтеріп, сыйлап, құрметтеген, жақсы көрген. Ізгі қасиеттерін дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызға енгізген. Біз дінді тілдің ұшына емес, ділдің ішіне орнатқан халықпыз! Орнатып қана қоймай, амалға айналдырған халықпыз. Осыны жете түсінуіміз керек", деді. unnamed-3 Бұл кеште сахнаға өңірде алғаш рет құрылған мәуліт оқитын топтың жас өрен шәкірттері шығып, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) мәуліт оқып, салауат айтты. Сондай-ақ облыстағы танымал өнерпаздар әуелете әсем ән шырқап, күмбірлете күй төкті. Иірімі терең, тыңдаушысын әсерлі ойға жетелейтін термелермен діни әндер шырқалды. Өскемен қаласындағы жоғарғы оқу орындарының өнерлі студент жастары бүгінгі қоғам өмірінен көріністер қойды. Рухани кеш барысында өңірде нәтижелі қызмет атқарып келе жатқан имамдар марапатталды. Мерекелік шара аясында өкілдіктің атқарған шаралары бойынша ауқымды фото және ұлттық жәдігерлер көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар көне Құран кітаптарының көрмесі ұсынылды. Тұрғындар Мәуліт мерекесін жоғарғы деңгейде ұйымдастырған Өскемен аймағы өкілдігіне ризашылық білдірді. Думан АНАШ, "Егемен Қазақстан" ӨСКЕМЕН.