Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырыстарына қатысты.
Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтті. Бұған Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің басшылары қатысуы тиіс еді. Бірақ жиынға Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко келмеді. Сөйтіп, тек төрт президент – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты. Алқалы жиынды кеңестің биылғы төрағасы ретінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырды.
Экономикалық байланыстар бекиді
Кеден кодексіне қол қойылды
Саммиттен күтілген басты жаңалық ЕАЭО-ның Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылуы болатын. Алайда, оған жиынға қатысқан елдердің басшылары ғана қол қойды. Бастапқыда Қырғыз Республикасы да бұл құжатқа қол қоюдан бас тартып еді. Біраз талқылаудан кейін, жиын соңында қол қойылғаны мәлімделді. Үш жыл көлемінде әзірленген жаңа кодексте кедендік жұмыстарды ақпараттандыруға жаңа тәсілдемелер, қағаз түріндегі құжат айналымын және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың лауазымды тұлғалармен байланысын азайту мақсатында бизнес үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың ыңғайлы алгоритмі енгізілген болатын. Сондай-ақ, онда Одаққа мүше елдердің барлығына арнап кедендік операцияларды барынша бірдейлендіру қарастырылған. Жаңа құжат күшіне енген соң ЕЭК барлық елдер үшін бірыңғай баж салығынсыз сауданың жоғары өзіндік құнын және салмақтық шекті айқындамақ. Тараптар өздерінің қалауы бойынша халықаралық пошта жөнелтілімдері, сондай-ақ, экспресс-тасымалдаушылар арқылы тасымалданатын тауарларға қатысты ұлттық деңгейде бажсыз тасымалдаудың барынша төмен нормаларын бекіте алуы керек болатын. Сондай-ақ, Кеден кодексі күшіне енсе, 2018 жылдан ЕАЭО елдеріне шетелдік интернет-дүкендерден бажсыз тасымалдаудың шегін біртіндеп төмендетуді енгізу қарастырылған. Кодексті алдағы жылдың шілде айынан бастап заңды күшіне енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, үш ел ЕАЭО сауда саясатын дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды, Қырғызстан бұл құжатқа қол қойған жоқ.
Қауіпсіздік мәселелері қаралды
Ал келесі алқалы жиын Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы отырысының шеңберінде Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей басшылары Ұйым аясындағы одақтық өзара әрекеттестіктің өзекті салаларын, оның ағымдағы қызметін қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. «Біз әлемнің көптеген өңіріндегі қарым-қатынастардың қалыптасуы қаншалықты қиынға соғып отырғанын білеміз. Проблемаларға толы шиеленісті аймақтар саны азаяр емес», – деді іс-шараның ашылу рәсімінде Ресей басшысы. Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады. Жиын негізінен жабық есік жағдайында өтті. Отырыс барысында қатысушылар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды талқылады. Бұған қоса, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күрес тақырыптары қарастырылды.Келелі кездесу өтті
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының отырыстарына дейін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесу өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО аясындағы тиімді ынтымақтастығын атап өтті. «Біздің қарым-қатынасымыз дамып келеді. Туындаған мәселелер елдеріміздің үкіметтері деңгейінде шешіліп жатыр. Сізбен бірге Байқоңыр қаласын одан әрі дамыту мәселесін талқыладық. Біз қазір 8 жылға арналған тиісті «жол картасын» әзірледік», – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы республикамыздың ЕАЭО-ға табысты төрағалық еткенін айтты. «Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында тауар айналымы бәсеңдеді, ол биржа бағамының біздің тауарларға деген қатынасына байланысты. Бұл ретте сауданың нақты көлемі сақталуда», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті Ресей Федерациясымен әскери-техникалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге Сирия қақтығысы жөнінде Астанада келіссөздер өткізу үшін Қазақстан мүмкіндік беруге дайын екенін айтты. Ресей басшысы өз кезегінде Қазақстан Президентін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, еліміздің осы кезеңдегі басты жетістігін атап өтті. «Қазақстан ЕАЭО-ның барлық мүшелеріне оң ықпал ететін интеграциялық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан – посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерге белсенді атсалысып келе жатқан ел. Бұған табысты елдің интеграциялық жобаларды белсенді алға жылжытып жатқаны дәлел. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың барлық қатысушыларына оң ықпал етуде», – деді В. Путин. Екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша екі құжатқа қол қойылды. Біріншісі «Байқоңыр» кешенінде ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру тұжырымдамасы, екіншісі – Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құру тәртібі мен олардың мәртебесі туралы мемлекетаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы 1995 жылғы 23 желтоқсандағы хаттаманың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының тізіміне қатысты бөлігі.
Сауда айналымына серпін керек
Бірқатар нысандарды аралады
Қазақстан Президентінің Ресейге жұмыс сапары жексенбі күні басталған болатын. Сол күні Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге Санкт-Петербургтегі бірқатар нысандарды аралады. Соның бірі – «БИОКАД» жабық акционерлік қоғамы жұмысымен танысты. Бұл – халықаралық деңгейдегі фармацевтика саласында орны айрықша кәсіпорын. Онда дәрі-дәрмек өндірісімен қатар, биомедицина бағытында түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Кәсіпорын клиникалық зерттеулер жүргізу кезінде математикалық модельдеу қағидаттарын пайдаланады, ол дәрі-дәрмекті қолданудың тиімді тәсілін таңдау ықтималдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, мұнда онкологиялық ауруларға қарсы қолданылатын дәрілерге қатысты өте сәтті зерттеулер жасалған. Ал бүгінде онда адам өмірін ұзартатын да дәрілік препараттар дайындалуда. Қазір «БИОКАД» компаниясында жасалатын дәрілік препараттардың атауы қырыққа жуықтаған, сонымен қатар, бұлардың қатарын көбейтетін тағы қырық шақты өнім зерттелу үстінде екен. Еске салсақ, осыдан біраз бұрын Астанада өткен Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық ХІІІ форумында осы «БИОКАД» ЖАҚ пен «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС дәрілік заттар өндірісінің толық циклының технологиялық трансфері туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл – біздің елде де айрықша басымдыққа ие медицина саласындағы зерттеулердің ілгерілей түсуіне ашылған тағы бір мүмкіндік. Елбасы Санкт-Петербургтегі өндіріске қажетті заманауи жоғары технологиялы құрылғылар шығаруда әлемде көш бастап тұрған компаниялардың бірі саналатын «Диаконт» АҚ кәсіпорнында да болды. «Диаконт» – өндірісте ғылымның тиімділігін арттыруға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жоғары технологиялы құрылғылар шығарумен әлемге аты әйгілі кәсіпорын. Бүгінде бұл кәсіпорында әлемдік деңгейдегі жоғары сапалы, инновациялық өнімдер шығарылады. Мәселен, диагностика мен жөндеу жұмыстарына арналған роботты техникалық кешендер, радиацияға төзімді телевизиялық камералар, атом энергиясына арналған техникалық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері сияқты құрылғылар жасайды. Қазақстанда «Диаконттың» диагностикалық роботтары 2009 жылдан бері қолданыста. Ол «Интергаз-Центральная Азия» компаниясының жұмысына енгізілген. Сондай-ақ, радиацияға төзімді камералары бес жылдан бері Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтында нәтижелі жұмыс істеуде. Ал 2016 жылдан бері Қарағандыдағы Турбомеханикалық зауыттағы америкалық құрылғылардың орнын осы «Диаконттың» әлдеқайда күшті әрі тиімді өнімдері алмастыра бастады. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан» – Санкт-Петербургтен (Ресей) Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды