27 Желтоқсан, 2016

Ғылым мен өндірісті ұштастыру – заман талабы

383 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
okmuӘлемдік жоғары білім саласында соңғы жылдарда мынадай тенденция байқалып отыр: университеттер инновациялық экономиканы дамытудың орталықтарына айналуда. Оған мысал ретінде АҚШ-та – Стэнфорд, Ұлыбританияда – Кембридж, Қытайда Шанхай университеттерін келтіруге әбден болады. Кейбір шетелдік жоғары оқу орындарының қаржы айналымы жылына ондаған миллиард долларға дейін жетеді. Бір ғана Гарвард университетінің жылдық бюджеті (36 миллиард доллар) көршілес Ресейдің бүкіл білім саласына жұмсайтын шығынынан асып түсетіні таңғалдырмай қоймайтыны рас. Осының өзі ғылыми жетістіктерді дұрыс пайдаланудың артықшылықтарын айқындап тұр. Бұл тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың «Университеттер облыс экономикасының дамуына өз үлесін қосуы керек» деген сөзі бүгінгі нарық талабынан туындаған пікір екені дау тудырмайды. Жуырда еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тыныс-тіршілігімен танысқан өңір басшысының әсіресе, жас ғалымдардың жұмысына айрықша назар аударуы бекер емес. Елбасының пәрменімен қабылданған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберіндегі жобалардың орта есеппен бестен бір бөлігі Оңтүстікте іске асырылғанын ес­керсек, ғылыми жетістіктерді жергілікті өндіріс саласына кеңінен енгізуге толық мүмкіндіктердің барын түсінеміз. 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында қабылданған Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа индустрияландыру картасына сәйкес жалпы құны 869 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобалар орындалмақ. Сол жобаларға ғылыми жаңалықтарды неғұрлым көбірек енгізуге ден қойылмақ. Әкім Ж.Түймебаев М.Әуезов атын­дағы ОҚМУ ғалымдары облыстағы өндіріс орындарында жаңа инновациялық технологияларды ендіру бағытында жұмыс істеп, жергілікті тауарларды шығару арқылы өңір экономикасын дамыту керектігін айтты. Бұған оқу орнының ғылыми әлеуеті жеткілікті екеніне университеттің біраз жылдан бері жеңіп алған гранттары, ғалымдар мен студенттердің іске асырған жобалары дәлел бола алады. Бүгінгі таңда  М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың  2 Ұлттық ғылым академиясының академигі, 117 ғылым докторлары мен профессорлар, 500-ге жуық ғылым кандидаттары мен доценттер жастардың ізгі ниеттеріне қолдау көрсетуде. 81 мамандық бойынша күндізгі және сыртқы оқу түрлерінде 20 мыңға жуық студент оқитын университетте қазіргі кезде 1461 оқытушы ғылыми-педагогикалық жұмыспен айналысуда. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуын барлық оқу кезеңінде үздіксіз қамтамасыз етуге айрықша мән беріледі. Заман талабына қарай университет білім бағдарламаларын облыстың инновациялық дамуына барынша негіздеу міндетін қойып отыр. «ҚазФосфат» ЖШС, «Стандарт Цемент» ЖШС, «Еврокристалл» ЖШС, «Реактивті фосфор қосылыстары» ЖШС, «Фудмастер» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС және басқа да іргелі кәсіпорындар бүгінгі таңда университеттің сенімді бизнес-әріптестеріне айналды. Осы өндірістердің өкілдері магистрлік жұмыстарға жетек­шілік етеді, жас ізденушілерге бағыт-бағдар мен кеңес беріп, оқу модульдерін жүргізеді. Бұл өте маңызды жұмыс, себебі магистратура – ғылыми ізденістің құрамдас бөлігі. Ал ғылым мен өндірістің осындай  ықпалдастығы кепілді табысқа қол жеткізетіні сөзсіз. Университет көптеген бағыттардың модераторы бола отырып, жергілікті басқару органдарымен бірлесіп, күрделі мәселелерді шешуге атсалысып келеді. Бұл тұрғыда «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін ком-мерцияландыру туралы» заңның дер кезінде қабылдануы индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда ерекше демеу болғанын ерекше атап өту қажет.  Өндірістің технологиялық түйткілді мәселелерін талқылау үшін университет қабырғасында өнеркәсіп орындарының өкілдері мен ғылыми сала өкілдерін қатыстыра отырып, екіжақты кездесулер жиі ұйымдастырылуда. Мұндай басқосуларға көптеген ғылыми зерттеу­шілермен қатар, студент жастар да қызыға қатысады. Бұл тәжірибенің маңыздылығын сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын, себебі, осындай игі істер нақты бір зерттеулермен айналысатын, өз еңбектерінің қорытындыларын өндіріске енгізуге әзір бірқатар белсенді ғалымдар тобы қалыптасуына ықпал етері анық. Әсіресе, университетте бейорганикалық және органикалық заттар технологиясы, силикаттар, құрылыс, химия өн­дірі­сінің үдерістері мен аппараттары  мамандықтары бойынша күшті ғылыми мектептер қа­лыптасқан. М.Әуезов атындағы ОҚМУ қазіргі кезде геоэкология, биотехнология, наноқұрылымды композициялық құрылыс материалдары, металлургия, машина жасау, өндіріс үдерістері мен аппараттары, фосфат шикізаты негізінде медициналық және тағамдық қоспалар алу технологиясы сияқты болашағы зор ғылыми бағыттарды дамытуды қолға алып отыр. Университет қызметіндегі басты бағыттардың бірі – халықаралық деңгейде мойындалу. Осыдан біраз бұрын оқу орны ұжымының қажырлы еңбегінің арқасында бірқатар мамандықтар белгілі ASIIN еуропалық аккредиттеу агенттігінде аккредиттеуден өтті.  Оқу орны үшін бұл үлкен мәнге ие, себебі,  дипломның тек Қазақстанда емес, шетелде де мойындалуы бітіруші түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуын жеңілдетіп, жаңа мүмкіндіктерді туғызады. Оңтүстіктің әлеуметтік-экономикалық дамуында жоғары әлеуетке ие болу М.Әуезов атындағы ОҚМУ жарқын бола­шағының кепіліне айналмақ. Өңір түрлі салалардың, еңбек және табиғи ресурстардың тарихи қалыптасқан өндірістік жиынтығына негізделген бірегей өнеркәсіптік-экономикалық әлеуетке ие. Сонымен қатар, сауда және көлік тораптарының тиімді географиялық орналасуы, қолайлы климаттық жағдай­лар, шағын бизнестің жоғары үлесі дамудың жоғары көрсеткіштеріне жете­лейтін алғышарттарға жатады. Оңтүстік өңірі барит, көмір, темір және полиметалл рудалары сияқты пайдалы қазбаларға бай. Уран қоры бойынша облыс Қазақстанда бірінші орынға, фосфориттер мен темір рудасы бойынша үшінші орынға ие. Ғалымдардың есептеуінше, қатты пайдалы қазбалардың теңгерімді қорлары мен болжалды ресурстары бойынша облыстың жер қойнауының пайдалы қазбалар байлығы 240 млрд АҚШ долларына бағаланады. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, Оңтүстіктің индустриялық-инновациялық дамуына серпін беру тек ғылыми жаңалықтарды өнідіріске кеңінен ендіру арқылы ғана жүзеге аспақ. Оқу орны ұжымының алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі  – М.Әуезов атындағы ОҚМУ-ді кәсіп­керлік университетке айналдыру. Ғылыми жетістіктер мен кәсіпкерлік дамуды  ұштастыруға сонда ғана жол ашылады.  Университетте толық кәсіпкерлік циклды, яғни идея – зерттеу – әзірлеу – өндіріс – жүзеге асыру жүйесін қалыптастыру үшін «ОҚМУ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылған. Оның басты мақсаттарының бірі – өндіріс және ауыл  шаруашылығы салаларына жоғары оқу орнындағы жаңа технологиялардың трансфертін жүзеге асыру, инновациялық тауарлар мен қызметтерді шығару, өңірдің ғылыми-техникалық әлеуетін жандандыру. Қысқа мерзімнің ішінде жаңа технологияларға негізделген бірқатар ірі жобаларды іске асыру қолға алынды.  «ОҚМУ» ЖШС қабырғалық газ блоктарын өндіруге, малдәрігерлік емдеу-профилактикалық қызмет көрсетуге, басқа да машиналармен, жабдықтарды материалдық құралдарды пайдалануға, өнеркәсіптік техника мен жабдықты монтаждауға, кірпіш, жапқыш пен күйген саздан басқа да құрылыс материалдарын өндіруге рұқсат құжаттарын алып, қызмет өрісін кеңейтіп келеді. Осы бағыттағы жоспарланған жобалар ойдағыдай іске асып жатса, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ғылым мен бизнесті сәтті ұштастыра білген бірден-бір оқу орнына айналмақ. Қанат БАЙБОЛОВ, М.О.Әуезов атындағы ОҚМУ оқу ісі және ақпараттық технологиялар жөніндегі проректоры