27 Желтоқсан, 2016

Тәжірибе алмасудан жалықпаймыз

225 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауылды жерлердегі бала саны аз шағын мектептердің тарихы еліміздегі экономикалық өзгерістерге тікелей байланысты. 90-шы жылдары ауыл шаруашылығына жүргізілген реформадан кейін кеңшарлар тараған соң, ішкі миграция орын алды. Елдің ауылдан қалаға, ірі орталықтарға қарай көшуі жиіледі. Жұрт көшкен соң ауылда бала саны да азайды. Осындай себептермен қазір Жаңақала ауылындағы Қараторғай орта мектебінде барлығы 75 бала білім алады. Бұрын кеңшардың бөлімшесі болған ауыл ғой, ол орталығымыз болып саналатын Арқалық қаласынан 98 шақырым жерде орналасқан. Облыс орталығынан да, Арқалықтан да қашық екенбіз деп, баланың біліміне қалай болса солай қарай алмаймыз. Бала саны аз шағын мектептер жалпы өңірдің білім саласындағы өзекті мәселе болып табылады. Бұл ішкі миграциямен, экономикалық-әлеуметтік жағдайлармен байланысты көрініс. Оған дәл қазір жасар амал жоқ. Сондықтан ұстаздар қауымы балалар білімін ортайтпау, көштен қалмау үшін негізінен өзіміздің біліктілігімізге иек артып отырамыз. Мектептегі бастауыш сыныптарда – 27, ал 5-11 сыныптарда 48 оқушы оқиды. Сонымен қатар даярлық сыныпқа 4 бала, шағын орталыққа 25 бала барып жүр. Олар да ертең мектеп сыныптарын толықтырады деген үмітіміз бар. Шағын жинақталған мектептегі басты қиыншылық баланың аздығынан туындайды ғой. Біз 2 және 4-ші сыныптарды, 5-ші және 6-шы сыныптарды біріктіріп оқытамыз. Бұл балаға да, мұғалімге де жеңіл емес. Алғашқы кездері мұғалімдер тіпті шаршап, сабақтың нәтижесі де онша болмай жүрді. Расында, айналдырған 45 минутты екі түрлі сыныптың бағдарламасына бөлу оқушыларға да оңай соқпайды. Біз түрлі тәжірибе де жасап көрдік, екі сыныпты біріктірмей, бөлек те оқытып жүрдік. Алайда, айналдырған екі балаға сабақ өту де оншалықты нәтижелі болмайды екен. Халқымызда «бала балаға қарап өседі» деген сөздің растығына көзіміз жетті. Алғашқы жылдары мұғалімдер біріктірілген сабақты мойындамай, бір бала отырса да әр пәнді бөлек өткізуді де ойлады. Ол үшін мұғалім артық ақы да алмайтын. Бұл да тығырықтан шығудың жолы емес екеніне көзіміз жетті. Сондықтан ұстаздар қауымы біріккен сыныптардағы әдістемені жаңғырту, жетілдіру ісіне кірістік. Мектепте ылғи талқылап, тәжірибемізбен бөлісуден, бір-бірімізге үйретуден жалықпадық. Ізденісіміз көп болды. Қазір мектепте бұрыннан қызмет етіп келе жатқан ұстаздар сыныптарды біріктіріп өтетін сабақтар әдістемесін жақсы деңгейде меңгерген. Жыл сайын мектепке келген жас мамандарды алдымен осы біріктіріп оқыту тәжірибесін меңгеруге үйретеміз, бейімдейміз. Институттан жақсы оқып келгенмен жастарды бұл іске тәжірибе ғана ширатады. Балалар саны аз шағын жинақталған мектептердегі проблемалар ортақ болғаннан кейін, мен 2010 жылы облыста өткен семинарда біріктірілген сыныптардағы сабақ туралы тәжірибемді талдап көрсеттім. Онан кейінгі жылдары Арқалық маңындағы мектептер үшін де қалалық семинарларға қатысып, тәжірибе бөлісіп жүрдік. Тағы бір айтарым, біріккен сыныптарда өткізілген пәндерді игеруге балалар да талпынады, көндігеді. Сабақтан бос кезде оны тереңдеп игеруге тырысады. Мұғалімдер біріккен сабақтарда көбіне оқушының өзін сөйлетуге, ойлануға итермелейді. Мұның өзі екі сынып оқушыларына бағдарламаны игеру үшін 45 минутты жеткізуде көмегі бар, сонымен қатар баланың өз бетімен ізденуіне машықтандырады, үйретеді. Ауылдағы балалар саны жетімсіз шағын мектептердегі біріккен сыныптарда сабақтың сапасы жоғары болуы үшін кабинеттер, интерактивті тақталар, компьютерлер секілді қазіргі заманғы жетілдірілген құралдар болғаны ләзім. Бұл 45 минут бойы мұғалімнің аузына қарап отырмай, баланың өз бетінше ойлануына, ізденуіне көбірек мүмкіндік береді. Біздің мектепте биология кабинеті жасақталған. Интерактивті тақта, компьютер, интернет бар. Дегенмен, мектептегі білім сапасының деңгейі алдымен мұғалім біліктілігіне тікелей байланысты. Мұны саналы ғұмырым мектепте өтіп, бала оқытумен келе жатқан соң өмірлік тәжірибемнен білемін. Сондықтан ұстаздар қауымының жұмысы нағыз шығармашылықпен тең дер едім. Олар ізденгенде, білімін көтеріп отырғанда ғана бағдарламаны балаға жеткізе алады. Әдістеме талабы осылай екен деп, бар салмақты баланың өзіне салып қою да артық кету деп білеміз. Сондықтан ұстаздар қауымына әр 45 минут сын сағаты секілді. Мен өз мектебімізде тек мұғалімдер біліктілігіне сенемін. Мектепте 21 мұғалім қызмет істейді, соның 17-нің жоғары білімі бар, қалған төртеуі колледж бітірген. Олардың арасында жоғары, бірінші, екінші санатты мұғалімдер де бар. Балаға білімнің негізі бастауыш сыныпта қаланады. Оқушының білімге ынтасын, қабілетін осы сыныптарда аша білу керек. Бастауыш сынып мұғалімдері Орынша Омарова, Шынар Әбділдина осы жолда нағыз тер төккен ұстаздар деп білемін. Балалар саны аз мектептер негізінен алыс ауылдарда орналасқан, оларда сағат саны аз болған соң, жастар жағы келе бермейді. Қазіргі күні химия және музыка пәнінен мамандар болмай отыр. Мұның өзі ауыл мектебіне оңай тиіп отырған жоқ. Химия сабағын физика пәнінің мұғалімі өткізеді, ұстаздың біліктілігі арқасында тығырықтан жол тапқандаймыз. Біздің түлектер жыл сайын жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түседі. Ауылда оқуын жалғастыра алмай қалған түлек жоқ, барлығы да мамандық алып жатыр. Бұл мектеп берген білімнің деңгейін көрсетеді. Мұғалім біліктілігі баланың қалыптасуына, өмірде өз жолын адаспай табуына да ықпал етеді. Ұстазды сол үшін де ұлық көреміз. Жүрсін БАЙГӨКИНА, Қараторғай орта мектебінің директоры Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Жаңақала ауылы