Өткен жылға өкпе жоқ
Қазақстан – Қытай магистралды мұнай құбырлары жүйесін дамыту бүгінгі күні де екі ел арасындағы мұнай-газ саласындағы қарым-қатынастың маңызды факторы болып табылады. Бұл тұрғыда ұзындығы 965 шақырымнан астам Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры осы ірі әрі стратегиялық маңызы зор жобаны жүзеге асырудағы алғашқы кезең болды. Жоба «ҚазТрансОйл» АҚ және CNODC мұнай мен газды барлау және өңдеу бойынша Қытай ұлттық корпорациясы арасында құрылған «Қазақстан – Қытай құбыры» ЖШС бірге бақыланатын ұйымы тарапынан жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Қазақстан – Қытай магистралды мұнай құбырлары жүйесінің құрылысын әрі қарай жүзеге асыру жобасының бір бөлігі болып табылатын Атасу – Алашаңқай еліміздегі энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешуге де бағытталған. Яғни Павлодар мен Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарын шикізатпен қамтамасыз етеді. 2013 жылғы желтоқсан айында Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры әлеуетін әрі қарай дамыту және жүзеге асыру мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ пен «Роснефть» ҰК» ААҚ арасында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап жылына 7 миллион тонна мұнай тасымалдау туралы келісімшартқа қол қойылды. Келісімшарт мерзімі – 5 жыл, оны автоматты түрде қосымша тағы 5 жылға созу мүмкіндігі бар. Атасу – Алашаңқай мұнай құбырының қарқынды дамуы Қазақстанның мұнай тасымалдау жүйесінің көпбағытты жүйесін іске асырумен қатар, қатаң бәсекелестік жағдайында стратегиялық шикізатты өткізудің сенімді арнасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2006 жылы Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры пайдалануға берілген уақыттан бастап 2016 жылдың желтоқсанына дейін мұнай құбыры арқылы Қытайға 96 миллион тоннадан астам мұнай тасымалданды. Атасу – Алашаңқай мұнай құбырының құрылысы мен қолданысқа берілуі аймақтардың әлеуметтік дамуына айтарлықтай әсер етті. 2006 жылы Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры бөлігін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстары бойынша операторлық қызмет көрсету мақсатында Үшаралда Үшарал мұнай құбыры басқармасы құрылды (қазіргі атауы – «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалы Операторлық қызметтер басқармасы. Авт. ескертуі). Жаңа жұмыс орындарының ашылуымен қатар Үшаралда 2010 жылы Үшарал мұнай құбыры басқармасы қызметкерлері үшін инфрақұрылым мен коммуникациялық желісі қарастырылған, абаттандырылған тұрғын үйлер тұрғызылды. Кейін «ҚазТрансОйл» АҚ демеушілігімен осы қалада екі спорт алаңы салынды. Стратегиялық және көлемді халықаралық жобаны жүзеге асыру аясында Қарағанды облысы Атасу кенті де жаңаша дамуды бетке алды. 2012 жылы компания Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылында 170 балаға арналған заманауи балабақша құрылысын қаржыландырып, сыйға тартты. Бұны компанияның өз қызметкерлеріне деген қамқорлығы деп бағалаған абзал. Өйткені, ауылдан жеті шақырым қашықтықта орналасқан «Атасу» бас мұнай айдау стансасында еңбек ететін жұмысшылар негізін жергілікті тұрғындар құрайды. Компания халықаралық сапа, экология мен қауіпсіздік стандартын басымдыққа алумен қатар, айқын әлеуметтік саясатты да ұстанады. Ол саясат мынаған саяды: өзіңнің өндірістік мүддеңді ғана ескермей, тұрғындарға қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетіп, аймақтың қажеттілігін де өтеген жөн. 19 жыл қызмет барысында «ҚазТрансОйл» АҚ еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар көптеген нысандарды салды, олар – балабақшалар, мектептер, медициналық мекемелер, спорт кешендері және т.б. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында ОҚО, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында «ҚазТрансОйл» АҚ-тың демеушілік қаржысына жаңа балабақша салынып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мектепке дейінгі бұл мекеме облыстағы жер көлемі бойынша ең үлкен ауданда тұратын жас отбасылар үшін таптырмас көмек болды. Қазіргі экономика үшін қиын кезеңде де еліміздің мұнай құбыры жүйесі тұрақты жұмыс жасауда – белгіленген жоспарлар орындалуда, ал жаңа жобалар белгіленген өлшемдерге сәйкес жүзеге асырылуда. «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Димаш Досановтың айтуынша, компания экономикадағы өзгерістерді мұқият қадағалауда және бұл саланың тұрақты жұмыс жасауын жайлы жағдайдағы уақытта ғана емес, үнемі өзгермелі жағдайда да қамтамасыз етуге әзір. «Біз белгіленген жоспарды орындауға ұмтыламыз, бірақ сыртқы тәуекел ұлғая бастаған кезде, жағдайдың алдын ала отырып жұмыс істеуге де әзірміз», – дейді Димаш Досанов. Осылайша, 2016 жылдың 9 айының нәтижесі бойынша, мұнай тасымалының шоғырландырылған көлемі 42,4 миллион тоннаны құрады. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 1%-ға жоғары. Сол секілді «ҚазТрансОйл» АҚ-тың магистралды мұнай құбырлары бойынша шоғырландырылған жүк айналымы 2016 жылдың 9 айы ішінде шақырымына 32,5 миллиард тоннаны құрады, бұл – жоспардан 2%-ға жоғары. «ҚазТрансОйл» АҚ «Астрахань – Маңғышлақ» су құбыры арқылы Волга суын Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындарына жеткізеді. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйек айында су жеткізу көлемі 19,2 миллион текше метрді құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1%-ға көп және жоспардан 8%-ға артық. Қаржылық көрсеткіштерге де көңіл тоқ. Биылғы жылдың 9 айы ішінде «ҚазТрансОйл» АҚ-тың шоғырландырылған таза кірісі 43,02 миллиард теңгені құрады, бұл 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11%-ға жоғары. Аталмыш кезеңдегі компанияның шоғырландырылған түсімі 154,4 миллиард теңгені құрады, бұл 2015 жылғы 9 ай уақыт ішіндегі түсімнен 2%-ға кем. Мұнай тасымалы көлемі қысқарып, түсімнің азаюына қарамастан, компания өндірістегі жұмысшыларға жалақыны индекстеу мүмкіндіктерін іздестірді. Осылайша, «ҚазТрансОйл» АҚ өз жұмысшыларының және олардың отбасыларының қосымша әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуде, сатып алу қабілеті мен тұтынушылық сұранысты қолдауда. Бұл – еліміздегі экономикалық тұрақтылықтың маңызды көрсеткіштері. Және компания еліміздің ірі салық төлеушісі болып отыр, ол еліміздің бюджетіне тұрақты салық мөлшерін жіберуде, яғни салық төлеуші ретіндегі міндетін адалдықпен атқаруда. Мұндай жұмыс ескерусіз қалмады: биылғы жылы қараша айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті 2015 жыл нәтижесі бойынша «ҚазТрансОйл» АҚ-ты Астананың ең үздік салық төлеушісі ретінде атап өтті. 2015 жыл нәтижесі бойынша, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың мемлекеттік бюджетке төлеген салық мөлшері мен басқа да міндетті төлемдер көлемі 29,2 миллиард теңгені құрады.Тиімділікті арттыру
Құрылғанына 20 жыл толатын мерейтой қарсаңында «ҚазТрансОйл» АҚ қызметінің жоғары деңгейін көрсетуде. Өйткені, компания өз қызметінің тиімділігін арттырып, шығындарды оңтайландыру мәселесіне көп көңіл бөледі. Осы жұмыс аясында 2015 жылы компанияда тиімділікті арттыру бойынша 2,3 миллиард теңгеге бағаланған іс-шаралар жүзеге асырылды. 2013-2015 жылдары бұл көрсеткіш 7,7 миллиард теңгені құрады. Тиімділікті ұлғайту үшін резервтер әр түрлі саладан қарастырылады. Мәселен, желілік мұнай құбырларын шолғындау сағаттарын азайту, техникалық инновацияларды енгізу, резервті автоматты түрде қосып, жылдам әсер ететін құрылғы мен жиілік-реттелмелі тартпа енгізу арқылы айтарлықтай үнемдеу жоспарлануда. Бұл өзгерістердің «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері «оңтайландыруды қажет етпейді» деп атайтын бірқатар бағыттарға әсері болмады. Бұлар – еңбек қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі. Компания қызметінің бұл бағыттары аса маңызды саналады. Өйткені, бұл мәселелерге немқұрайды қарайтын компания жұмысын табысты болады деп айту қиын. Қоршаған ортаға жүктемені үнемі төмендетіп отыру – «ҚазТрансОйл» АҚ үшін негізгі стратегиялық міндет. Бұған, ең алдымен, құбыр желісі жүйесінің апатсыз жұмыс істеуі көмегімен қол жеткізілді, ал табиғатты қорғаудың барлық қызметі халықаралық стандарт талаптарына сай жүргізіледі. Бұл саладағы жұмысты жүйелендіру мақсатында компанияда кешенді экологиялық бағдарлама дайындалған. Мұнай кен орындарын дайындаудың бастапқы кезеңінде және мұнай тасымалы жүйесін жолға қойған кезде пайда болатын «тарихи» ластанудың көзін жоюға айтарлықтай көңіл бөлінеді. Өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсер ету деңгейін анықтау үшін мамандандырылған ұйымдар «ҚазТрансОйл» АҚ нысандары маңайындағы ауаның, топырақтың, жер асты суларының мониторингін өткізеді. Зерттеу нәтижелері компанияның өндірістік нысандарынан қоршаған ортаға ешқандай жағымсыз әсер болмайтынын растайды. Қазір компанияда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласында «Алтын ережелер» деп аталатын «ҚазТрансОйл» АҚ Кодексі дайындалып жатыр. Бұл – жұмысты орындау барысындағы қауіпсіздікті сақтау талаптары. Олар компанияның еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғау саясатын жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасы заңнамасы мен халықаралық стандарттар талаптарын орындауға жағдай жасайды. Бұл кодекс «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың Алтын ережелері», Қазақстан Республикасы заңнамасы, компанияның нормативтік актілері, алдыңғы қатарлы мұнай-газ компанияларының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы халықаралық озық тәжірибелері, сондай-ақ бұрын болған жазатайым жағдайлар, келеңсіз оқиғалар және апаттар жөніндегі ресми ақпараттарды сараптау негізінде дайындалды. – Қызметкерлеріміздің қауіпсіздігі әрдайым жұмысымыздың басты артықшылығы болып келді және бола бермек. Біз өз қызметкерлерімізге еңбек етуде жайлы жағдай жасап бердік, қауіпті өндірістік және табиғи факторлардың жағымсыз әсерін төмендетуге бағытталған жан-жақты жұмыс жүргізудеміз, – деп атап өтті Димаш Досанов. Және бұл қызмет нәтижелері көзге көрініп тұр. Биыл қазан айында өткен «ҚазТрансОйл» АҚ менеджментінің біріктірілген жүйесінің инспекциялық аудиті нәтижесі бойынша, SGS компаниясы органы осы компания қызметінің төмендегі халықаралық стандарт талаптарына сай келетінін растады: ISO 9001:2015 сапа менеджменті жүйесі, ISO 14001:2015 экологиялық менеджмент жүйесі, OHSAS 18001:2015 денсаулықты қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету менеджменті жүйесі және ISO 50001:2011 энергетикалық менеджмент жүйесі.Жаңа жобалар игілікке бастайды
Экспорттық мүмкіндікті дамытумен қатар, «ҚазТрансОйл» АҚ-та ішкі мұнай құбыры желілерін дамыту да маңызды міндет болып саналады. Бұл үшін компания өзінің өндірістік нысандарының сенімділігін жоғарылату мақсатында оған қаржы құяды. Құбыр желісі инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ірі жобалардың ішінде Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау және Өзен – Жетібай – Ақтау магистралды мұнай құбырларын қалпына келтіру жұмыстары бар. Соңғысын қайта жөндеу аяқталды, ол қолданысқа енгізілді. Келесі жоба 2019 жылы бастау алады. Орындалған жұмыстардың нәтижесінде Бозащы мұнайын Ақтаудан Атырау бағытына үздіксіз тасымалдау үшін Қазақстан мұнай құбыры жүйесінің сенімділігі мен қауіпсіздік деңгейі арттырылады. «ҚазТрансОйл» АҚ мемлекеттік және несиелік қаржыларды пайдаланбай, барлық жобаларды өз қаражатымен қаржыландырып отыр. Жақында компания Туймазы – Омбы – Новосібір-2 (ТОН-2) магистралды құбыр желісінің Қазақстанға тиесілі телімінің желілік бөлігін ауыстыру бойынша көлемді жобаны аяқтады. ТОН-2 құбыр желісінің күрделі жөндеу жұмыстары соңғы үш жыл бойы жүргізілді. Бұл қазақстандық құбыр желісінің телімі бойынша мұнай тасымалы сенімділігін қамтамасыз ету үшін, соның ішінде, отандық мұнайды Павлодар мұнай-химия зауытына жеткізу үшін және Қазақстан аумағы арқылы Ресей мұнайын ҚХР бағытына тасымалдау үшін жасалынды. Орындалған жұмыстар нәтижесінде бүгінде ТОН-2-нің өткізу қабілеті жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізілді. Жалпы, ТОН-2 мұнай құбырын күрделі жөндеу жобасы аясында 185,6 шақырым құбыр желісі ауыстырылды. Бұл осы халықаралық көлік тармағының тасымалдау мүмкіндіктерін айтарлықтай ұлғайтатын болады.Адам ресурстарын дамыту
Биылғы жылы мұнай құбыры жұмысшылары кәсіби тұрғыдан және спорттық жарыстарда да жетістіктерге жетті. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың бес жұмысшысы «ҚазМұнайГаз» компаниясының Ақтау қаласында алғаш өткізген «Үздік маман-2016» кәсіби шеберлік сайысында өз мамандықтары бойынша жеңімпаз атанды. Компанияның мыңдаған адамнан тұратын ұжымы өздерінің әріптестері Даулен Жапарханов, Зинаида Дәулетова, Дастан Қаныбаев, Жанат Ертасов және Артур Сладковтың мұнай-газ саласындағы үздік кәсіби шеберлер конкурсында жеңіске жеткеніне шын жүректен қуанды. 2016 жылы қыркүйекте Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ спартакиадасында спорт алаңында мұнай құбыры қызметкерлері керемет нәтиже көрсетті. Спартакиада 9 спорт түрі бойынша өтті. Оған «ҚазМұнайГаз» компаниясының 30 ұйымынан 500 қызметкер қатысты. «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері жеке сайыстарда да және командалық жарыс түрлерінде де саны жағынан жүлделі орындарға ие болды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Спортшылардың жетістіктері мұнымен шектеліп қалмады – «ҚазТрансОйл» АҚ-тың құрама командасы Мәскеуде өткен Ресей Федерациясы және ТМД елдерінің мұнай-газ саласындағы кәсіпорындары арасындағы Табиғи қорлар кубогында мини-футбол бойынша екінші орынды иеленді. 2016 жылы компанияда кәсіподақ қозғалысының белсенді дамуына жол ашылды. Оның қызметі компания қызметкерлері мүддесін қорғауға және ұсынуға бағытталған. Бүгінде орталық аппаратта және «ҚазТрансОйлдың» барлық 4 филиалында, Қазақстанның бүкіл облыстарында орналасқан құрылымдық бөлімшелерінде қызметкерлердің кәсіподақ ұйымдары құрылған, кәсіподақ комитеттерінің төрағалары сайланған. 27 желтоқсанда орталық аппаратпен оған қарасты филиалдардың қызметкерлердің өкілдері арасында келісімшартқа қол қойылды. Мұндағы мақсат – «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету. Басқаша айтсақ, «ҚазТрансОйл» АҚ 2017 жаңа жылға үлкен жетістіктерімен және жоспарларымен кіреді. Компанияның магистралды мұнай құбыры жүйелері арқылы үздіксіз мұнай тасымалын қамтамасыз ете отырып, жаңа бағыттар ашып, нысандар салып, өз ұжымы және еліміздің аймақтағы тұрғындарының әлеуметтік қанағаттануына қамқорлық жасай отырып, «ҚазТрансОйл» АҚ мұнай өндіруші және мұнай өңдеуші өнеркәсіп арасындағы, шикізат және индустриалдық аймақтар арасындағы байланыстырушы буын бола отырып, еліміздің бірегей транзиттік мүмкіндіктерін жүзеге асырып отырған тәуелсіздіктің мықты тасымал тамырына айналды. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»