Елбасының биылғы сапарлары мен кездесулері
2016 жылы Мемлекет басшысы сапармен барған 21 мемлекеттің ішінде АҚШ, Жапония, Ресей, Сербия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Тәжікстан, Өзбекстан, Қатар, Қытай, Польша бар. Сонымен қатар, биыл Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мунмен, Брюссельде Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тускпен, қазан айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кездесті. Сонымен қатар, Елбасы биыл Қазақстанға шетелдік мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың 15 басшысын қабылдады.
2016 жылы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу, Мысыр елінің Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, АҚШ энергетика министрі Эрнест Мониз, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Испания сыртқы істер министрлігінің міндетін атқарушы Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо, Сербия Премьер-министрі Александр Вучич сапарлап келді.
Жыл басынан бері жалпы 49 халықаралық шара мен 81 екіжақты сапар өтті. Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған Республикалық жастар форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел жастарымен кездесті. Сонымен қатар судьялардың 7 съезіне, Астана экономикалық форумына қатысты. Жалпы, биыл Нұрсұлтан Назарбаев елдің барлық өңірлерін аралады.
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл толды
Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация қабылданды. Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты фестивалі өтті. ЭКСПО-қалашығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монумент ашылды. Еңбегі сіңген азаматтарға "Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл" төсбелгісі табысталды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай амнистия жарияланды.
Мәжіліс сайлауы өтті
Наурыз айында мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламентке "Нұр Отан", "Ақ жол", "ҚКП" партияларының өкілдері өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы жетінші парламенттік сайлау еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин болды. Бұған дейін ол Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған.
Биыл маңызды ауыс-түйістер де болды. Кәрім Мәсімов премьер-министрлік қызметінен кетіп, оның орнына Бақытжан Сағынтаев келді. Ал Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшы болды. Иманғали Тасмағамбетов қорғаныс министрі қызметінен премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Премьер-министрдің тағы бір орынбасары болып Асқар Мамин тағайындалды.
Биыл ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Аталған министрліктердің басшылығына Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермекбаев, Дәурен Абаев келді. Қайрат Қожамжаров мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқаратын болды. Марат Бекетаев Әділет министрі, Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергетика министрі, Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы министрі, Жеңіс Қасымбек Инвестициялар және даму министрі, Сәкен Жасұзақов ҚР қорғаныс министрі, Ерлан Сағадиев білім және ғылым министрі болып тағайындалды.
Биыл Ұлттық экономика министрі екі рет ауысты: алдымен Куандык Бишимбаев болса, кейін бұл қызметке Тимур Сүлейменов келді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Ерлан Ыдырысов Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі қызметіне ауысты.
Бірқатар заңдар қабылданды
Биыл жаңа жер реформалары болды. Мемлекет басшысы Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жариялады. Сонымен қатар жер реформасына қатысты республикалық комиссия құрылды. Олар биыл 9 отырыс өткізді. Биыл Еңбек Кодексі, ҚР Азаматты процессуалды кодексіне, Экстремизм мен ерроризмге қарсы заңға, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Рақымшылық жасау туралы заң, 2017-2019 жж арналған республикалық бюджет туралы заң, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Ақтөбе мен Алматыда теракт болды
Биылғы жылдың қасіретті оқиғаларының бірі осы болды. 5 маусым күні Ақтөбеде "Паллада", "Пантера" ару-жарақ дүкендеріне, Қазақстан Ұлттық гвардиясының № 6655 әскери бөліміне шабуыл жасалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 9 маусым азалы күн деп жарияланды. Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов Ақтөбедегі атыс кезінде 21 адам қаза болып, 6-7 адамға іздеу салынғанын айтты. 38 адам жарақат алды. 18 шілде Алматыда да теракт болды. Ққық қорғау органдарының 9 қызметкері мен 2 бейбіт тұрғынды өлтіріп, тағы 3 адамның өмірін алмақ болған Руслан Кулекбаев өлім жазасына кесілді.
Кейбі батырдың басы елге қайтарылды
Биыл 6 қазанда Қазақстанға Кейкі батырдың бас сүйегі қайтарылды. Венгр ғалымдары Кейкі батырдың келбетін толықтай қалпына келтірді. Келесі жылы ол Қостанай облысы Амангелді ауданындағы тасты ауылының маңында жерленеді.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы - 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды.
Өмірден өткен тұлғалар
Биыл бұрынғы денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Асқар Бопылдықов (Асқар Төребай), танымал шаруа Генадий Зенченко қайтыс болды. Қазақ елі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Қарақбайқызы Елебековамен, белгілі жазушысы, ақын Әуезхан Қодармен, Қазақстанның белгілі ғалымы, техника ғылымдарының докторы Скандербек Жолдасбековпен, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің (бұрынғы – Алматы мемлекеттік медицина институты) бұрынғы ректоры Айқан Ақановпен, белгілі композитор, гитарашы Болат Сыздықовпен, мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевпен қоштасты. Қазақстанның бірінші демографы, белгілі ғалым Мақаш Тәтімов, қазақтың атақты палуаны Әбілсейіт Айханов, әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов, белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов, танымал әдебиеттанушы-фольклорист, филология ғылымдарының докторы Едіге Дәріғұлұлы Тұрсынов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі жазушы Нұрғожа Ораз, Белгілі ғалым, тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы да осы жылы дүниеден өтті.
Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"