Соңғы уақытта Орал өңірінде айкидо айкикай спорт федерациясының қызметі жанданып келеді. Бұл спорттың ерекшелігі қандай екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бұл тұрғыда айкидо айкикай жауынгерлік қорғаныс өнерінің бір тармағы болып табылатынын айта кеткен жөн.
Нақтырақ айтқанда, Оралдағы айкидо айкикай үйірмесін осыдан бірнеше жыл бұрын федерацияның басшысы, бас нұсқаушы А.В.Пастухов ұйымдастырды. Содан бері ол балалар мен ересектерге жапонның жауынгерлік өнерін жіті түсіндіріп, білгенін үйретуде. Андрей Владимирович айкидоны Ресейден үйреніп, кейін сол жақта арнайы емтихандар мен сынақтардан өткен. Ресейдің арнайы жоғары оқу орнында оқып, айкидо мамандығын алған. Оралда айкидо үйірмесін ашып, кейін облыстық федерацияны құрды.
Үшінші дан иегері болып табылатын Андрей Пастухов он жыл ішінде төрт қара белбеу иесін, бірінші, екінші және үшінші кю иелерін және тағы басқа да түрлі дәреже иелерін, халықаралық айкидо федерациясына мүше бірнеше шәкіртті дайындап шығарды. 2008 жылы алғаш рет көршілес Самара қаласында өткен айкидо шебері Александр Качанның семинарына оқушыларын бастап алып барды. Олар сол жерде тәжірибе жинақтап, арнайы емтиханнан өтті. Содан бері оралдық айкидошылар Қазақстан құрамасы атынан Ресейдің Самара, Ульяновск, Йошкар-Ола қалаларында жапон шеберлерінің қатысуымен өткен семинарларға қатысып жүр.
Нұсқаушы Асан Молдағалидың бастауымен 2014 жылдан бері Оралдық айкидошылар Самара қаласында жыл сайын өткізілетін «Волжские перекати» атты ашық аймақтық айкидо фестиваліне қатысып, белсенділік танытып келеді. Жарысқа еліміз атынан қатысатын жалғыз команда болғандықтан, тыңғылықты дайындалады. Мұндай үлкен шараларға қатысу шығындарын негізінен ата-аналар көтереді.
2009 жылы ең бірінші рет Оралда айкидодан мәскеулік шебер, Ресейдің айкидо айкикай федерациясының вице-президенті, Ресей Федерациясының алтын белбеу сыйлығының иегері Александр Качанның жетекшілігімен аймақтық семинар өткізілді. Осындай семинар кейін 2010 және 2011 жылдары жалғасын тапты. Ал одан кейінгі семинарлар Ресейдің Мары республикасы бойынша айкидо бөлімінің жетекшісі, Ресейдің ұлттық айкидо кеңесінің «Торнадо» сыйлығын иеленген Александр Чуфистов жетекшілігімен 2013 және 2015 жылдары өтті.
Негізі күнтізбелік жоспар бойынша жылма-жыл өтуі тиіс семинарлар қаражат мәселесіне орай уақытында өтпей келеді. Тиісті құзырлы құрылымдар тарапынан алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру бағытында тиісті іс-шаралар қолға алынса нұр үстіне нұр болмақ.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ