Сапар бүгін аяқталуы тиіс
Қостанай қаласының іргесіндегі облыс аттас ауданның Садовый поселкесінде тұратын 70 жастағы Мұхаметқали Асқаров желтоқсанның 27-сі күні таңертең шаңғымен жолға шыққан еді. Ол 2017 жылды Қостанайдан 105 шақырым жерде жатқан Әулиекөл ауданының орталығы – Әулиекөл ауылында тұратын қызы мен күйеу баласының үйінде қарсы алмақ. Балалары мен немерелері қонаққа шақырғанда қария оларға жаңа жылдық «тосынсый» жасағысы келді. Егер көлікпен барса, 31 желтоқсан күні құрдай қатынап жатқан автобуспен немесе таксимен-ақ 2 сағатқа толмайтын уақытта жетіп барар еді. Ол Әулиекөлдегі қызына қайта телефон шалды.
– Қызым, мен сендердің ұсыныстарыңды қабыл алдым, Жаңа жылды бірге қарсы алайық. Мен ертең шаңғымен шығамын, – деді де телефон тұтқасын қойып қойды. Күйеу баласы да, немерелері де атасының «мінезін» біледі. Өзі спортшы, турист Мұхаметқали ағаның бұл жолғы «тосынсыйына» олар таңғалған жоқ. Бірақ егде тартқан кісіге 105 шақырымды шаңғымен жүріп өту оңай емес, оның үстіне, қыс мезгілі дегендей.
– Мен бұл жолғы сапарымды Жаңа жылға, қызыма және саламатты өмір салтын жақтайтын барлық жерлестеріме арнаймын. Осыдан екі ай бұрын ғана 70 жасқа толдым. Өзімді сынағым әрі өзгелерге шаңғымен мұндай сапардың салмағын қай жаста да шыныққан адам көтере алатынын дәлелдегім келді, – дейді Мұхаметқали Сейілұлы.
Шаңғышы Әулиекөлге жеткенше 4-5 жерге тоқтайды. Алдымен облыс орталығынан 35 шақырым жерде жатқан Глазунов ауылына тоқтап қонып шықты. Онда мектеп оқушыларымен кездесіп, оларға спорт, туризм және саламатты өмір салты жайлы әңгімеледі. Мұндай кездесу сапарға шыққан күннің ертеңіне, яғни 28 желтоқсан күні Семенов ауылындағы орта мектепте де өтті. Сол күні кештетіп Лаврентьев ауылына жетті. Мұнда да мектеп оқушыларымен, жұртшылықпен кездесті. Жұрттың сұрағына жауап берді.
– Лаврентьев ауылына шаршаңқырап, өзімнің болжағанымнан кешігіп жеттім. Семеновте жұрт анталап, сұрақтың астына алып, жібермей қойды. Лаврентьевтің тұрғындары бір сағат күтіп қалыпты, – дейді Мұхаметқали ағай.
– Жолда қиындықтар болып жатыр ма? – дейміз біз.
– Болғанда қандай. Алдымен қыс мезгілінің қолайсыздығы ғой мазалайтын. Жел, аяз дегендей. Оның сыртында жолдың шетін техникамен тықырлап тазалап тастағандықтан, қиыршық тастар шаңғыны жүргізбейді. Ал жолдан төмен түссем, қарға омбығып жүре алмаймын. Шаңғы сынып қалған жағдайда қиналмау үшін қосымша шаңғы алып алдым, – дейді ол. Қарт ұстаздың бұл шешімі жолдың үстінде көрген жұрттың барлығын да таңғалдырып, сүйсінтсе керек. Кездесуде бір жас жігіт: «Ата, келесі бекетіңізге дейін көлікпен жеткізіп тастайын», – деп әзілдепті.
– «Бұл – өзімнің қалауым, аязға да, желге де, жолдың қиындығына да шыдаймын, алған бетімнен қайтпаймын. Егер бір жерде құлап қалсам, қиналмай тауып аларсыңдар, жолдың үстінде жатамын ғой», дедім мен де әзілдеп, – дейді қарт ұстаз. Ол жолға ауыстырып киетін киімін, дәрі-дәрмек, жеңіл тамақ қана алыпты.
Мұхаметқали Асқаров мұғалім болып қызмет етті. Ол ұстаздықтан әлі де қол үзген жоқ. 1971 жылдан бері табиғат туризмімен айналысады. Әр жазда табиғат аясында шатыр құрып, мектеп оқушыларының демалысын және табиғат туризмін ұйымдастырады. Оның сыртында шаңғымен, тоғызқұмалақпен, дойбымен, спорттың өзге түрлерімен де айналысады.
Мұхаметқали ағай кеше Қостанай-Әулиекөл бағытындағы тас жолдың шетімен жүріп отырып, Әулиекөл ауылына қонаға жетті.
– Жолай Новонежин ауылына қондым. Аяз беттен сәл шымшып тұрды, шамалап жел соқты. Кеше кешкісін әулиекөлдіктер күтіп алды. Моншаға түскен соң, шаршағанымның бәрі де кетті. 31 желтоқсан күні қызым мен күйеу баламның үйінде демалып, олармен Жаңа жылды қарсы аламын. Барлық қазақстандықтарды, егемендіктерді де, Жаңа жылмен құттықтаймын! – деді ол.
Мұхаметқали аға кідірмесін деп, біз де сұрақты көбейтпей, телефонды басып қойдық. «Жолаушыға жол кеспе» деген.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ
Суретте М.Асқаров.
Суретті түсірген
Николай СОЛОВЬЕВ