Адамға өмір сыйлау Жаратқанның еншісі, дегенмен, жер бетіндегі пенденің жаны қысылғанда, басы ауырып, балтыры сыздағанда баратын жері – дәрігердің алды. 25 жыл ішінде отандық медицина үлкен жетістіктерге жетті. Осы жылдар ішінде мемлекеттің есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салыныпты. Заманауи небір құралдармен жабдықталған, мамандары шет елдерде тәжірибеден өткен, біліктілігімен қазірдің өзінде медициналық туризмді дамытуға күш салып жүрген 8 ірі медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған денсаулық сақтау орындары пайдалануға беріліпті, ал 39 жаңа нысан 2017 жылы емделушілерін қарсы алады деп жоспарланып отыр.
Бұрын сабылып шет ел асатын, оның үстіне тек қалтасы көтергендердің ғана қолы жететін небір күрделі, озық технологияларды қажет ететін операциялар қазір өз елімізде жасалуда. Аты аңызға айналған Ормантаев, Шарманов, Пя, Ақшолақов, Досқалиев сынды дәрігерлер мен олардың шәкірттерінің емделушілерден алған алғыстары қаншама десеңізші!
Өткен 2016 жыл отандық медицинаның тағы бір биігін бағындырған жыл болды. Жыл қорытындысы жайындағы статистикалық деректер келесі жылдың алғашқы айларында шығатындығына байланысты қолымызда сөйлете қоятын сандар аз болғанымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында Елбасы Жарлығымен Астана қаласындағы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ-тың басқарма төрағасы Серік Ақшолақовтың «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленіп, «Отан» орденіне «Алтын Жұлдыз» белгісін қоса кеудесіне жарқырата тағуы денсаулық сақтау саласындағы ерен еңбектерге мемлекет тарапынан жасалған үлкен құрмет екені анық.
Трансплантация, донордан алып дене мүшелерін ауыстыру, имплант қою дегендер, бұрын тек шет елде жасалады, ал отандық дәрігердің қолынан келмейді деген ұғымдар бүгінде түбегейлі өзгеріске ұшырады. Айтып келген ажал деп мойынсұнатын жағдайлар дәрігерлердің жанталаса ізденуі мен ұйқысыз түндері, мемлекет тарапынан салынған заманауи емдеу орындары қызметкерлерінің кешенді қимылдарының арқасында шегініп, беті қайтқанының куәсі болудамыз.
Астанадағы көпбейінді «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» («ҰОТҒО») АҚ осы таптаурын қағиданы бұзып, өмір үшін күресте жеңістің тегеурінді жандардың қолынан шықпайтынын дәлелдеп жүрген ұжым. Бүйрек, бауыр алмастыру, қатерлі ісіктердің сан түрімен арпалыса жүріп жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті медициналық көмек көрсетіп, медицина ғылымы, білім беру мен практика саласындағы заманауи технологияларды енгізу және таратумен айналысатын клиникада ертеңгі күнге деген қаншама үміт, арман үзіле жаздап барып жалғанып кетіп жатыр десеңізші?! Әр пациенттің, оның жақын-жуықтарының қуанышына өздері де қосыла қуанатын дәрігер қауымының мамандығына сай келер ізгілікті кәсіп жоқ ау, сірә.
Орталықтың іргесі қаланғаннан бері 56 мыңнан астам адам емделіп шығып, науқастардың жанын аман алып қалу үшін 41 мыңдай жедел әрекет ету шаралары, оның ішінде жоғары мамандандырылған көмек бойынша шамамен 11 мыңдай операция жүргізіліпті.
Клиникаға таңертеңнен барғаныммен дәрігерлермен әңгімелесудің сәті оңайлықпен түсе қоймады. Сапырылысып, қайнаған жұмыс уақытында орталықтың басшыларымен емес, күнделікті пациенттермен қоян-қолтық жұмыс жасайтын, емдеу шараларын жүргізетін дәрігерлерді сөзге тартайын деген ойға әбден бекінгендіктен күтуіме тура келген.
– Шет елдерде 150-250 мың доллар тұратын операциялар бізде емделушілер үшін тегін жасалады. Олардың барлығы Үкімет бөлген қаржымен, портал арқылы бізге жолдамамен келген өз азаматтарымыз, – дейді Бауыржан есімді дәрігер азамат, – мәселен, бауыр аурулары, өт және өт жолдарының патологиясы, ұйқы безі дейміз, осылардың ішінде қатерлі ісіктері бар көптеген аурулар біздің бөлімде емделеді. Оның үстіне біздер аймақтарға барып та көмегімізді көрсетіп жатамыз, қазір консультацияны телемедицина арқылы да беріп, санитарлық авиациямен ұшып барып, операция жасап, қажеттігі туса осында алып та келеміз.
Ағза ауыстыруда донор жетіспеушілігінің проблемасы қиын шығар деймін, дәрігерлерді сөзге тартып.
– Әрине, донорлар туыстық тірі донорлар, мәйіттік донорлар деп бөлінеді. Ал мәйіттік донордан алынған ағзаны орнату – шұғыл операция. Біздің әр облыстарда өз үйлестірушіміз бар, олар ауруханаға апатты жағдайларда түскен, жарақаттан ауыр халде өте жайсыз жатқан сырқаттың жақындарымен әңгіме жүргізеді. Олар келісімін берген уақытта нотариатпен куәландырып, заңды түрде бізге хабарлайды. Оны санавиациямен ұшып барып, алып келіп екінші бір адамның өмірін ұзартамыз. Бұл енді шұғыл операция. Ал туыс донордан алынатын операция әбден егжей-тегжейлі тексеріліп барып жасалынатын жоспарлы түрдегі ота. Және бір ескеретін жайт, донордың дені сау болуы керек. Оның үстіне дені сау адамның өзінің ағзасы анатомиялық тұрғыдан сәйкес келмеуі әбден мүмкін. Себебі, анасына баласының бауырының бөлшегі трансплантацияланған күнде қанша туыс дегенмен ол адамның генетикалық ақпаратының жартысы анасынан болғанымен, жартысы әкесінікі, яғни өзге ағзаның дерегі бар тін. Екі ақпараттың арасындағы қайшылықтың тууын әлсірету үшін пациент қалған ғұмырында үнемі дәрігердің бақылауында болып иммунды депрессанттар қолданады, ал біздер пациентті ұдайы бақылауда ұстап, жасанды түрде иммунитетін тежеп отырамыз. Әйтпесе, орнатылған ағзаны кері тебу, қабылдамау үдерісі жүреді. Қатерлі ісікке шалдыққан ағзаны түгелімен алып тастап, орнына сау ағза қою біздің дәрігерлердің күнделікті жасайтын операциялары. Біз Қазақстанда ең алғаш мәйіттен бауыр трансплантациясын өз күшімізбен шетелдік мамандар шақырмай 2013 жылы өткізген едік. Содан бері біраз тәжірибе жинақтадық. Туысқандық донордан да трансплантация жүргізуді таза өзіміз атқарамыз, Үкімет бір бауыр ауыстырғанға 5 млн теңге бөледі, Оңтүстік Кореяда оқып жүргенімде бір Ресей азаматы соған 250 мың АҚШ долларын жұмсағанының куәсі болғанмын, – дейді дәрігер.
Ал дәрігер Қабылбек Әбуғалиев тері трансплантациясымен айналысуда екен. Адам терісі жарақаттанғанда малдың ішек пен дене қабырғасы арасындағы жұқа қабықшасы – ішпердені зертханалық өңдеу барысында оның құрамындағы мал жасушалары тегіс сылынып, адам терісінің өсуін жылдамдататын заттар енгізіліп, ішпердемен зақымданған жерді қаптайды. Нәтижесінде, теріден ішке енетін сыртқы түрлі микроб, бактериялардан қорғалған қаптама, жараның асқынуын тоқтатып, жазылып кетуін жылдамдататын көрінеді. Жаңа әдісті ендіруші, арнайы 4 патенттің иесі, дәрігер Әбуғалиевтің көмегіне қазір шетелдіктер жүгінуде. Бүгінгі күні осы клиникада Ресейде 3 жыл бойына емделіп жазылмай жүрген адамның жарасын ішпердемен қаптап бергелі 13 күннің ішінде айыққанын айтқан дәрігер жұмысына қалай қуанбайсың. Отандық медицинаның даму жолын әлемге мойындатар осындай мамандардың барлығына тағы да шүкіршілік айтасың.
Көпбейінді клиникада бүгінде гемофилия және остеоонкология, қолқа аневризмаларын кешенді емдеу, сүйек кемігінің аллагенді және гаплоидті трансплантациясы, тері трансплантациясы, бауырға трансплантация жасау, модульдік буындардың ортопедиясы сияқты эксклюзивті технологиялар және тағы да басқа көптеген әдіс-тәсілдердің отандық денсаулық сақтау практикасына енгізілгенінен мағлұматтар ала жүріп, әлі де көптеген жаңалықтардың ашылатынына сендім, жаңа технологияларды адам өмірін ұзартуға қызмет еткізетін әлеуетті ұжымның жұмысына табыс тіледім іштей. Орталықтың тынысына қарап, бүгінгі қазақстандық медицинаның даму қарқынының қандай дәрежеде екендігін бағамдап, отандық денсаулық сақтау саласында миуалы шақтың туып тұрғанын түсіндім.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»