2017 жылдан бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерінің күзетте жүру кезіндегі ережелері өзгереді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының бірінші орынбасары Әлібек Кеңесбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарының жол жүрісін қадағалау кезінде автопатрульдеу әдісіне толықтай көшуіне, сондай-ақ, жалпы, жол жүрісі қағидалары бұзушылықтарының үштен бірін анықтауға мүмкіндік беретін фото және бейнетіркеудің барлық жерлерде енгізілуіне байланысты 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап полиция қызметкерлерінің таяқшаларды қолданбайтыны туралы шешім қабылдады.
«Көлік құралдарын тоқтату патрульдік автокөлікте орналастырылған арнайы дыбыс және жарық сигналдары, дауыс зорайтқыш жабдықтар арқылы жүзеге асырылатын болады. Кей жағдайларда (ЖКО, ТЖ, кептелек жағдайларында) көлік құралдары қол қимылымен және бір мезгілде ысқыру арқылы тоқтатылатын болады», – деп атап өтті Ә. Кеңесбаев.
Сондай-ақ, ол кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдардың мөлшері азаюы мүмкін екенін жеткізді.
«Жол ережесін өрескел бұзу мен жол-көлік оқиғасының басты себептері болып табылатын әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты айыппұл мөлшері азаймайды. Бүгінгі таңда Әділет министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы әкімшілік заңнама нормаларын жетілдіру жөнінде жұмыс істеп жатыр. Сол жұмыс тобының аясында жол-көлік оқиғасына әкелмейтін кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтарға салынатын айыппұлдардың мөлшерін азайту мәселесі қарастырылуы мүмкін», – деп мәлім етті комитет төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, жаңа ережелер АҚШ, Батыс Еуропа елдері және өзге де шет мемлекеттердің озық тәжірибелерін ескере отырып енгізілген.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»