биылғы жылы да жалғасатын болады
Тәуелсіз Қазақстанда әлемдік экономикалық дағдарыстың әсеріне қарамастан, мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып, қарқынды дамып отырған саланың бірі – зейнетақы жүйесі. Еліміз егемендік алғаннан бастап халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында бұл жүйеде жаңғырту кезең-кезең бойынша жүзеге асып келеді. Мемлекеттің бұл бағыттағы қамқорлығын жұрт көріп-біліп, сезініп отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында зейнетақы реформасын жүзеге асыруға байланысты Үкіметке нақты тапсырмалар бергені белгілі. Соған сәйкес, 2014 жылы маусым айында «Зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітіліп, қазіргі уақытта осы маңызды құжатқа байланысты ауқымды жұмыстар жүзеге аса бастады. Бұл жұмыс Жаңа жылда да жалғасатыны сөзсіз.
2017 жылы зейнетақы жүйесінде қандай өзгерістер болады? Төлемдер мөлшері арта ма? Зейнетақыны есептеуде өзгерістер бар ма? Көптің көкейінде осындай сауалдардың ұялап жатқаны айдан анық.
Зейнетақы жүйесін жаңғырту дегеніміз, қазақстандықтардың өмір жасын ұзарту деген сөз. Тұжырымдамадағы басты мақсаттың бірі – осы мәселе. Бүгінгі таңда ел халқының орташа өмір сүру жасы – 67. Алдағы уақытта одан әрі ұлғайтуға қазір қарқынды қам-қарекет бар. Оған да қол жеткізетін күн алыс емес.
Зейнет жасына жақындаған адам «Ертеңгі күнім қалай болады екен?», «Зейнетақымды тұрақты және үздіксіз алуыма мемлекет кепілдік бере ала ма?» деген ойдың жетегінде болатыны сөзсіз. Тұжырымдамада бұл да жан-жақты қарастырылған. Онда зейнеткерлік жасқа жеткен қазақстандықтарды лайықты зейнетақымен және зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету көзделген. Сондықтан Жаңа жылда да, одан кейін де зейнет жасына жететін адамдардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ, мемлекет тарапынан заң жүзіндегі барлық игілік жасалатын болады.
Төлемақылар тек зейнет жасына жеткен адамдарға ғана төленбейді, оның түрі көп. Оның ішінде мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуына байланысты да төленетін төлемақылар бар. Мұның бәрі заң жүзінде қатаң ескерілген.
Еңбек зейнетақысынан бөлек әлеуметтік зейнетақы да заңдық нормалар бойынша бекітілген. Әлеуметтік зейнетақының ең басты ерекшелігі неде? Мұндай зейнетақы зейнет жасына жеткен, бірақ қажетті еңбек өтілі жоқ адамдарға төленеді. Оларға тағайындалатын зейнетақының мөлшерін жалақыдан есептеу мүмкін емес. Сондықтан зейнетақының ең төменгі деңгейінде белгіленеді. Қалай болғанда да, Қазақстанда кез келген адам қандай жағдай болса да мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығынан тыс қалмайды деген сөз.
Тәуелсіз елімізде әлеуметтік саладағы жаңғырту жұмыстары көп деңгейлі зейнетақы жүйесін сақтай отырып жалғаса береді. Бұл үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі аяқталды. Қазір екінші кезеңнің жаңғырту жұмыстары жүзеге асуда. Ал, үшінші кезең 2018 жылдың 1 қазанынан басталмақ.
Жаңғыртылған зейнетақы жүйесіндегі ең басты және негізгі өзгеріс не? Ол – базалық зейнетақы. Түсінікті тілмен айтқанда, мемлекеттік базалық зейнетақы төменгі еңбек өтілі мен табысының мөлшеріне қарамастан зейнет жасына жеткен барлық азаматтарға тағайындалады. Бұл кедейлікті қысқартуға және қазақстандықтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыруға бағытталған қадам. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы азаматтар тек жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады. Олардың жүйеге қатысу өтілі кемінде 10 жыл болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болатын әлеуметтік зейнетақы берілетін болады. Егер жүйеге қатысу өтілі 20 жылды құраса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайтын болады. Ал қатысу өтілі 35 жылды құраса, ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең есептеледі. Бір сөзбен айтқанда, адамның еңбек өтілі неғұрлым көп болған сайын базалық зейнетақы да солғұрлым көп болады.
Тауық жылында зейнеткерлікке шығатын қазақстандықтарды осындай жақсы өзгерістер күтіп тұр. Олар үшін тағы бір жағымды жаңалық – биыл Қазақстанда зейнетақы көлемі өседі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан мәліметке қарағанда, 2017 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақының көлемі 9 пайызға ұлғайып, 12 802 теңге көлемінде болады. Ал шілде айында тағы 11 пайыз қосылмақ. Зейнетақының орташа деңгейі шамамен 60 167 теңгені құрайды. Сонымен бірге, әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрі бойынша да 7 пайызға өсім болады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың ең төменгі күнкөріс деңгейі қайта қаралады деген жоспар бар.
Әлеуметтік саладағы кезең-кезең бойынша жүзеге асатын осындай өзгерістерді оңтайлы орындау үшін қосымша қаражат қажет болатыны анық. Қаржы қарастырылғаннан кейін базалық зейнетақылар мен асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдер және басқа да әлеуметтік жәрдемақылар өсетіні сөзсіз. Оның да нақты мөлшері белгілі болып отыр: 2018 жылы 63 млрд теңге, 2019 жылы 88 млрд теңге еліміздің әлеуметтік саласындағы жаңғыртуға бөлінетін болады.
Тағы бір жаңалық, келесі жылдан бастап, базалық зейнетақы белгілеу тәртібі өзгертілмек. Мұның себебі, зейнетақы жүйесінде жаңа жинақтаушы құрам қосылатын болады. Ол – жұмыс берушілерге тікелей байланысты. Олар ұжымындағы еңбек ететін адамдар үшін жинақтаушы зейнетақы қорына бес пайыз жарна аударуы тиіс. Бұл талап 2018 жылдан бастап жүзеге асатын болады. Жұмыс берушілердің міндетті түрде төлейтін бес пайыздық жарнасының артықшылығы бар. Оның мәнісі мынада, егер олар үздіксіз 60 ай төлем жасайтын болса, арнайы шотқа жинақталған қаржы түгесілген күннің өзінде зейнеткерлердің алаңдамауына болады. Өйткені, шоттағы қаражат таусылғанымен, олардың өмір бойы зейнетақы төлемін алуына кепілдік бар.
Осы тұста тағы бір кепілдік туралы айтуға тура келеді. Бұл да Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бірден-бір ерекшелігі. Керек десеңіз, дамыған елдердің өзінде мемлекеттің зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беретін тікелей жауапкершілігі жоқ. Ал, Қазақстанда осындай кепілдік бар. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысты және құнсыздану жағдайын барынша ескере отырып, Қазақстанда зейнетақы жинақтарын сақтау жауапкершілігін мемлекет өз мойнына алып отыр.
Міне, еліміздің әлеуметтік саласында, оның ішінде зейнетақы жүйесінде осындай оң өзгерістер мен серпілістер бар. Мұның бәрі қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатындағы игілікті іс.
Ғалым ОМАРХАН,
«Егемен Қазақстан»