02 Қаңтар, 2017

Шахан кентіндегі апаттан бес адам құтқарылды

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қарағанды облысындағы Шахан кентінде бес қабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі түгелдей опырылып қалды. Қазіргі уақытта құтқарушы топ бес адамды, оның ішінде екі баланы қирандының астынан аман алып шықты. Соңғы деректер бойынша, апат салдарынан тоғыз адам қаза тапқан. Марқұмдардың тізімі кейбір сайттарда жария болып үлгергенмен, облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың ресми еместігін алға тартып, жаңсақ деректердің болуы мүмкін екендігін ескертті. Апат болған жерде құтқарушылар үйіндіні аршып, зардап шеккендерді іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл шараға құтқарушылар, жедел жәрдем, полиция қызметкерлері, жергілікті билік органдарының өкілдері, Ұлттық ұлан сарбаздары, барлығы 280-ге жуық адам және ауыр техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, апаттың нақты себеп-салдарын анықтау жұмыстарымен арнайы құрылған жедел штаб айналысуда. Оны Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков басқарады. Еске салар болсақ, Шахан кенті аумақтық-территориялық бөлініс бойынша Шахтинск қалалық әкімдігіне бағынышты. Елді мекен облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. Кентте 8 мыңнан астам адам тұрады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»