Ағымдағы жылы автомобиль бағасы өткен жылғы деңгейде сақталатын болады. Бұл жайында ҚазАқпарат Қазақстандық автобизнес қауымдастығына сілтеме жасап хабарлайды.
Қауымдастық ақпаратына қарағанда, алдағы үш жылдың ішінде жаңа автомобильдерді сату үлесі артатын болады. Дегенмен, мұндай жайт халықаралық ұйымдардың болжамына сәйкес мұнай бағасы өскенде, валюта бағамында айтарлықтай өзгерістер болмағанда және басқа да бірқатар маңызды факторларға байланысты орын алмақ.
«2017 жылдың базалық трендтері: сатылым құрылымындағы қазақстандық машиналардың өсімі болады; баға 2016 жылғы деңгейде сақталады; жол талғамайтын көліктердің танымалдығы артады; отандық өндірушілер шығарған машинаға қарағанда импорт автомобильдердің бағасы негізінен теңге бағамына тәуелді болады», - делінген хабарламада.
Қауымдастық мәліметіне қарағанда, 2016 жылы импорт көліктердің бағасы 4 миллионнан 7,2 миллион теңгеге дейін, ал отандық көліктер 4,3-тен 5,3 миллион теңгеге дейін қымбаттады.
«Жаңа және қолданыстағы көліктер нарығы ағымдағы көрсеткішті сақтайды. Өйткені, көліктің арзандауы әзірше байқалмайды. Қазақстанда жасалған жаңа машиналардың құнын арзандату үшін оқшаулану деңгейін арттыру қажет. Бұған қоса, нарықтың басым бөлігін импорт құрап отыр. Себебі, бағам тұрақтады және нарықта айтарлықтай ауытқу байқалмайды. Демек, ағымдағы жылы автомобильдердің бағасы өткен жылғы деңгейде күтілуде», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ қауымдастық ағымдағы жылы жол талғамайтын көліктер сатылымы арта түсетіндігін атап өткен. Ресми сатылым құрылымында Toyota LC Prado, Toyota LC200, Toyota RAV4, KIA Sportage, Nissan Qashqai, Hyundai Santa Fe, JAC S3 сынды жол талғамайтын көліктер үлесі артқан. Toyota автомобилі сатылымының артуына 4 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы өз септігін тигізіп отыр.
Еске салсақ, желтоқсан айында Қазақстанда жеңіл және жеңіл коммерциялық көліктер нарығына қатысушылардың 2016 жылғы жұмысының алдын ала қорытындысы шығарылды. 2016 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша, сатып алынған 29 357 автокөлік (76%) - импорттық өнім, ал қазақстандық автозауыттардың көліктерін 9422 (24%) сатып алушы таңдаған. Қазақстандықтар өткен жылы ең көп сатып алған көлік брендтері де анықталды.
Бұл рейтингте Toyota көш бастап тұр: 2016 жылдың 11 айында республика аумағында жапондық марканың 7 592 көлігі сатылған. Lada үлгісін 7 300 сатып алушы таңдаған. Үшінші орында 3 448 көлік сатқан - Renault маркасы. Үздік бестікке Hyundai (3 248 дана) және KIA (3 012 дана) маркалары еніп отыр.