07 Қыркүйек, 2011

Мыңжасар МАҢҒЫТАЕВ

1413 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қазақ мәдениеті ауыр қазаға ұшырады. Белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлы­ғы­ның лауреаты Мыңжасар Маңғытаев дүние салды. Мыңжасар Маңғытаев 1937 жылы 23 жел­тоқ­санда Оңтүстік Қазақстан облысы Шәуілдір (Оты­рар) ауданының Маяқұм ауылында туған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын Қ.Қожамияровтың класы бой­ынша бітірді. Осы жылы еңбек жолын Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің өнер басқармасында аға инспектор болып бастады. 1967-1969 жылдары Қа­зақстан Композиторлар одағының жауапты хат­шы­сы, 1969-1976 жылдары «Жазушы» баспасы өнер және музыка редакциясының бас редакторы қыз­меттерін істеді. Композитор М.Маңғытаев бұдан кейін бірқатар жылдар шығармашылық жұмыста болды. Ал 1988-1991 жылдар аралығында Алматы облыстық музы­ка қоғамына төрағалық етті. 1991-1993 жылдары Қазақстан Композиторлар одағы төрағасының бас кеңесшісі, ал 1997 жылы республикалық дәрежеде зейнеткерлікке шыққанға дейін екінші хатшы міндеттерін атқарды. Шығармашылығына ұлттық саздың бояуын тиімді пайдалана білген Мыңжасар Маңғытаев сол үрдіспен “Отырар” операсын, “Қозы мен Баян” балетін, “Арман”, “Құлагер” симфониялық поэма­ла­рын, “Шексіз махаббат” ораториясын, “Ақсақ құ­лан”, “Қаратау әуендері” атты хорға арналған поэ­маларын, ұлы Абайдың өлеңдері бойынша бірнеше әуен жазды. Оның үш жүзден астам әндері, во­кальдық-хор, аспаптық, симфониялық оратория-кан­таталары, оркестрлік поэма-сюиталары, кино­фильм­дер мен спектакльдерге жазған музыкалары заман тынысын, өмір келбетін, дүние сұлулығын жырға қосты. М.Маңғытаев халқының ән өнеріне сіңірген осындай еңбектері үшін 1998 жылы Қазақстанның халық әртісі атағын алып, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Абзал азамат, белгілі композитор Мыңжасар Маңғытаевтың жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі.   Жаны сұлу суреткер еді Ажал деген ауыр сөз екен. Мыңжасар Маңғытаев өмірден өтті дегенді естігенде есеңгіреп қалғаным рас. Біздің замандас композиторлардың ішінде Мың­жа­­сардың азаматтық болмысы да, композиторлық таланты да бір сирек кездесетін жарқын тұл­ға еді. Біз Шәмші Қалдаяқов екеу­міздің әндеріміз 1958 жыл­дың алғашқы айларында эфирге шықты. Сол тұста компо­зи­тор­лық факультетте оқып жүрген Мыңжасардың ешкімге ұқсамай­тын лирикалық ән-романстары газет-журналдарда көрініп, радиода айтыла бастады. Сол әндер­дің ішінде Қазақстан туралы үл­кен патриоттық сезіммен жазыл­ған «Іздедім сені» (сөзі Н.Шә­кеновтікі) деген әні кең тарап, жұртты бірден баурап алды. Ал капеллаға арнап жазған «Ақсақ құлан» хор поэмасы, симфония­лық шығармалары, өзге де дү­ние­лері оны жан-жақты таныт­қан, көркемдігі биік туындылар болды. Ол қандай шығарма жазса да ұлттық колориті тұнған туын­ды­лар ретінде композиторлар мен дирижерлер, музыка мамандары арасында әрдайым жоғары баға­ланып жүрді. Ол өз алдындағы ұлы ұстаздары А.Жұбанов, Е.Бру­силовский, Л.Хамиди, М.Төле­­баев, Б.Байқадамов, Қ.Мусин си­яқты музыканың ірі жанрла­рын­да жазатын атақты композиторлар Мыңжасар Маңғытаевтың әр жанрдағы шығармаларын қызы­ғып тыңдайтын еді. Бұл оның суреткер ретінде өзгеше жара­тыл­ған болмысын дәйектейтін. Ал адамгершілік парасаты, адалды­ғы, өмірдегі тазалығы Мыңжа­сар­ды өз әріптестері ортасында сүйкімді етті, беделді етті. Мен ән жанрында Мыңжасар Маңғытаевтың ән-романстарын   жақсы көремін. Оның ашық жа­р­қын баритон даусы болды. Ол өзінің өзегін жарып шыққан ән-романстарын орындағанда әнші­лердің өзін рахатқа бөлейтін. Мен Қазақ радиосының музыка редакциясын басқарған жылда­рым­да қадірлі әріптесіммен бай­ланыста болдым. 1984 жылға дейін эфирге шығатын әндерін жаз­дыруға жетекшілік еттім. Ол өнерде өзеуреген жоқ. Атақ­құмар емес еді. Нағыз му­зыкамен тыныстайтын жаны сұ­лу суреткер еді. Оның қазақ му­зы­ка тарихында алатын орны ерек­ше деп білемін. Амал не, жазмыштың ісі осы­лай болып тұр. Сәби кейпіндегі Мың­жасар досым, қош, қош, қош! Илья ЖАҚАНОВ, композитор, жазушы.   Қазағын сүйген азамат Мыңжасар Маңғытаев қазақ музыкасындағы ірі тұлға екенін дәлелдеп жатудың өзі басы артық нәрсе. Ол ірі формадағы симфониядан бастап күнделікті радиоқабылдағыш, теледидардан әндетіп жататын ке­ремет әндерімен де танымал болған кісі. Клас­си­ка­лық опера да жазды. «Отырар» деген операсының премьерасын көре алмай кетіп барады, өкініштісі сол ғана. Ал былай алғанда, ол кісі қалам тарт­паған музыканың түрі жоқ. Пьесадан бастап, ән, опера, симфониялық шығармалар жазды. Мысалы, Ақан сері туралы «Құлагер» поэмасын тыңдап отырсаңыз, кісінің жүрегін елжіретеді. Ақан серінің бүкіл өмі­рін, қоғамдағы орнын, адалдық, әділдік жолын­да­ғы күресін музыка тілімен ғажап жеткізе біледі. Мың­қаң өзі қазақы психологиядағы, қазақ тұрмы­сын, мәдениетін өте жақсы білетін композитор еді. Тілі жатық, діні берік, ділі зерек. Өз ұлтының өнерін, мә­дениетін, руханиятын жүрегімен, жаны­мен түсінген жан. Осы қасиеттерінің нәтижесінде ол шығарған саз әуендердің барлығы жұртшылықтың көкейіне ба­рып қонақтай қалатын. Мәселен, «Қа­ра­гөз», «Іздедім сені», «Ақ маржан» сияқты әндері ауыздан-ауызға ай­тылып жүр. Қай жерде жиын-той, ел-жұрт жинал­ған жерде оның әндерін жас болсын, егдесі болсын жабылып айтып жатады. Бұл нені көрсетеді? Бұл композитордың халықшылдығын, ұлт­жандылығын, өз халқының мәдениетін терең меңгергендігін көр­се­теді. Сондықтан оған берілген Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты деген атақ­­тар тегін болмаса керек. Ол шын мәнінде хал­қының махаббатына, сүйіспеншілігіне бөленген өнер иесі. Сүйкімді, соншалықты ақ жар­қын, жазық маңдай, ақ жарма, аңқылдаған ақ көйлек жағалы аға­мыз еді. Бірақ сол аңқылдаған мінезіне сай ар­тында самалдай ескен әндері, музыкалық шығар­ма­лары қалды. Ойлаймын, сол мұраларын медет тұ­ту­дан басқа пенде біткенде шара жоқ. Жатқан жері кең, нұры пейіште шалқысын. Әшірбек СЫҒАЙ, өнертанушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.   Замандасым, сырласым-ай... Кеше ғана аңқылдап, арамызда жүрген, өнер­дегі үзеңгілес жандарды қапыда ажалға қимайды екенсің. Күтпеген қаза болды. Мың­жасар арамызда әлі мың жасап жүре беретіндей көрінетін. Құрдас болмасақ та, замандас едік. Енді міне, Маңғытаевтай майталманнан да көз жазып қалдық. Осыдан біраз уақыт бұрын, «Қазақстан» теле­­арнасындағы Нұрғали Нүсіпжановтың шы­ғар­машылығына арналған «Кеш жарық» бағ­дар­ламасында қатар отырып, хал сұрасып, қау­қыл­дасып қалып едік. Соңғы рет көріскеніміз екен. Ол саз әлеміне өзінің қолтаңбасын қалды­рып кетті. Бірқатар әндерін шырқадым. Нүсіп­жанов екеуміз кейбір әндерін дуэтпен   орын­да­ған  кездеріміз болды. Оны әнсүйер қауым ұмыт­паған да болар?! «Алматының ақ түні» атты әнін Қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырғанымыз есімде сақталып қалыпты. Маңғытаев беделді, белгілі, шоқтығы биік композиторлар санатынан орын алатын. Ол жәй ғана әндер туғызып қойған жоқ, күрделі му­зы­калық шығармалар жазды. Романстарын айтпа­ғанның өзінде, симфониялық шығармалары, хор­дың орындауына арналған туындылары он­ың шабытты сазгер екенін мойындатты. Кейбір көр­­кем фильмдердің де музыкасы Маңғы­та­ев­тікі екен­дігін екінің бірі біле бермейді. Опера сал­а­сында да композиторлық қарымын көрсете алды. Менің есімде Мыңжасар жаны жайсаң азамат ретінде қалады. Кең жігіт болатын. Бір-бі­ріміздің шығармашылығымызды сыйлайтын едік. Өнерде өз орны бар Мыңжасардай жанның жоқтығы білініп тұрар. Өкіне отырып, қазақтың белгілі композиторының аруағына бас иіп, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болғай деп көңіл айтуға тура келіп тұр. Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ,  Қазақстанның халық әртісі, композитор.   Әндерін бүкіл ел-жұрт орындайтын Мыңжасар Маңғытаев – біз­­дің бала кезімізден ел аузына іліккен, әндерін бүкіл ел-жұрт болып сүйіп орындайтын кәсі­би деңгейі өте жоғары композитор еді. Оның әндерін Роза Бағ­ланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев сияқты танымал әншілеріміз орындап, сахнаға шы­­­­ғарған. Сонымен қатар клас­си­калық дүниелерге де барып, көптеген симфония, опералар дү­ниеге әкелді. Ол еңбектері опера және балет театрында талай рет қойылып, елдің құрметіне бөлен­ді, халықтың рухани қажетін өте­ді. Мыңкең өмірге өте құштар, сондай бір елгезек, өте сергек жан болатын. Бүкіл ел мен жұрт­тың алғысына бөленген қадірлі азамат еді. Өзі де үлкенді үлкен­дей, кішіні кішідей құрметпен кү­тетін, құрметтейтін. Ол – Қа­зақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Талай беделді жиындарда өзінің тұл­ғалық келбетін көрсете оты­рып, ұлттық өнеріміздің, ұлттық мәдениетіміздің нағыз жана­шы­­ры бола білді. Мыңқа, жат­қан жерің жайлы, топырағың торқа болсын. Темірхан МЕДЕТБЕК, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері.