Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» ХДП «Қазақстанның шетел инвесторлары кеңесі» қауымдастығы және «Атамекен одағы» ұлттық экономикалық палатасымен бірлесіп, адам капиталына арналған халықаралық конференция өткізді.
Оның тақырыбы «Тәуелсіздіктің 20 жылы: Қазақстан Республикасындағы адам капиталының сапасы мен оны дамыту болашағы» деп аталды. Қазір елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан экономикасын дамыған және бәсекеге қабілетті елдер деңгейіне жеткізуді мақсат тұтқан кең ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Соның ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жоспарланған 240 мың жаңа жұмыс орнының 60 мыңы ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 600-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қолдау көрсетілді. Үстіміздегі жылдың шілде айында жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасы іске асырыла бастады. Оған биылдың өзінде 40 млрд. теңгедей қаражат бөлінді. Осындай аса ауқымды шараларды іске асыруда адам капиталының рөлі айрықша екені даусыз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургте болған халықаралық экономикалық форумда: «Адам капиталы – тұрақты экономикалық дамудың негізі және инновациялардың басты қозғаушы күші» деген еді. Сондықтан да «Нұр Отан» ХДП адам капиталын дамыту мәселелеріне қатты көңіл бөліп, оны өз қызметінің басым бағыттарының біріне айналдырып отыр. Конференцияда сөйлеген сөзінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бұл мәселеге айрықша тоқталып өтті. «Еліміздің әрбір азаматы – Қазақстанның басты байлығы. Бұл – Елбасымыз, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты. Партиямыздың Халықтық тұғырнамасының да басты идеясы осы деп айтуға болады.
Соңғы Парламент Мәжілісінің сайлауына түскен кезде біздің мақсатымыз әрбір қазақстандықтың өмір сапасын арттыру болатын. Осы мақсатқа жету үшін біз күн сайын еңбек етіп, қазіргі уақытта нақты жетістіктерге қол жеткіздік деп айтуға болады», – деді Нұрлан Зайроллаұлы.
Жоғары технологиялық кәсіпорындар мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы, еңбекақының өсе түсуі тәуелсіздігімізге 20 жыл толатын биылғы жылы халықтың тұрмысын айтарлықтай жақсартты. Тек соңғы төрт жылдың ішінде ғана қазақстандықтардың нақты табысы 80 пайызға өсті. Осы уақытта халықтың денсаулығын сақтау мен білім беру салаларын қаржыландыру 2 есе артты. Бюджеттен қаржыландырылатын барлық қызметшілердің еңбекақысы және зейнетақының орташа мөлшері екі есе өсті.
Конференция жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар мен ұлттық компаниялардың, бизнес пен кәсіподақтың, ҮЕҰ, жоғары және орта кәсіби оқу орындарының өкілдері, Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Голландия, Ресей және т.б. елдердің сарапшылары қатысты. Өздерінің сөздерінде шетелдік сарапшылар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары орасан екенін, соның ішінде экономикалық жетістіктерімен қатар, адам капиталының бағасын түсінуде үлкен табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Соның ішінде ресейлік ғалым Юрий Адлер Қазақстанның адам капиталы мәселесін көтеріп жатқанының өзі болашағы зор мемлекет екенін көрсетеді, деді. Британиялық сарапшы Стефан Джон бұл пікірді қостай келіп, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшы ел екендігі дау туғызбайтынын көлденең тартты.
Іс-шара шеңберінде қазақстандық кітаптар көрмесі, «Шеберлер ауылы» ұлттық қолөнер шеберханасы ұйымдастырылды.
Жақсыбай САМРАТ.