Ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаттары, Аналар кеңесінің мүшелері және білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты. Іс-шараның мақсаты – білім алушыларға инновациялық логопедиялық қолдау көрсету және цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану арқылы қолжетімді, сапалы білім беру ортасын қалыптастыру.
Бағдарлама аясында колледждің жаңартылған келбеті мен стратегиялық даму бағыты таныстырылып, инновациялық логопедия және цифрлық білім кабинеттері ашылды. Сонымен қатар тәжірибелік алаңдарда «ақылды айна», құм терапиясы, 3D-принтер және Pibody интерактивті құрылғысының қолданылуы бойынша workshop ұйымдастырылды.
«Мұрын жырау Сеңгірбекұлы атындағы Маңғыстау жоғары педагогикалық колледжінің» директоры Бақтыгүл Өмірбекова жаңа кабинеттердің білім беру үдерісіндегі маңызына тоқталды.
«Бүгін біздің колледжде ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған логопедиялық және цифрлық білім кабинеттері ашылды. Бұл кабинеттер соңғы үлгідегі «ақылды айна» және заманауи терапиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Негізгі мақсат – логопедия мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің практикалық дағдыларын дамыту. Студенттер ерекше білімді қажет ететін балалармен тікелей жұмыс жасап, өз тәжірибелерін жетілдіреді. Әлеуметтік жоба аясында тіл дамуында кемшілігі бар балалар тегін қабылданады. Студенттер олармен практикалық сабақтар өткізіп, балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға және қоғамға бейімделуіне өз үлестерін қосады. Сонымен қатар, колледжде робототехника құралдарымен жабдықталған кабинеттер жұмыс істейді. Біз информатика пәні мұғалімдерін даярлаймыз. Болашақ педагогтер мектептерде заманауи инновациялық құралдармен жұмыс істейді. Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» жылы аясында білім беру саласына цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл кабинеттерде студенттер электроникаға қатысты жобалар жасап, оларды іс жүзінде жүзеге асырады. Колледжде соңғы үлгідегі 3D-принтер де бар. Студенттер осы құралдармен жұмыс істеуді меңгеріп, дайын маман ретінде мектептерге барады. Болашақта олар оқушыларды робототехника, электроника және информатика бағытында сапалы біліммен қамтамасыз етеді», деді Бақтыгүл Өмірбекова.
Айта кетейік, аталған кабинеттерде Түркия елінде тағылымдамадан өткен үш білікті логопед маман қызмет етеді. Олар осы бағыт бойынша тәжірибеден өтуші студенттерге де тәлім береді. Жалпы, педагогикалық колледжде 7 мамандық пен 12 біліктілік бойынша кадрлар даярланады.