Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) бас директоры Эрлан Батырбеков Оңтүстік Азияның геосаяси мәселелерін назарға ұсынған халықаралық деңгейдегі «Жаңа бағыт: түрлі пікірлер және жан-жақты көзқарас» атты форумға қатысып келді. Әлемнің 65 елінен 250 өкіл келіп қатысқан маңызды шараны Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди ашып, жүргізіп отырыпты.
Э.Батырбековтің айтуынша, форум барысында экономикалық интеграция, көпжақты әріптестік, халықаралық жағдайдағы өзгерістер, аймақтағы қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланған. Эрлан Ғаділетұлы «Will Energy Trump Climate?» атты пікірсайысқа қатысып, Қазақстан атынан көптеген ойларын ортаға салған. Дебат барысында айтылғандай, 2016 жылдың қазан айында Қазақстан тарапынан Париж келісімшарты бекітілген. Осы арқылы әлемдік саясатта, оның ішінде экономикалық саясатта Қазақстан өзінің төмен көміртекті дамуға көшу арқылы әлемдік экономиканы көміртексіздендіру жөніндегі жаһандық саясатты ұстанатынын мәлімдеген.
– Мұның барлығы да алдағы уақытта өтетін ЭКСПО-2017-ге тың дайындық, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жасыл энергия көзін дамыту, атомды бейбіт бағытта насихаттау барысында атқарылып жатқан шарулардың бірқатар легі, – дейді Э.Батырбеков. – Елбасымыз Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен «Болашақтың энергиясы» атты Бүкіләлемдік саммитте атом энергетикасының маңыз-
дылығын айрықша атап айтты. Бейбіт атом қолдануда Қазақстан дүние жүзінде көшбасшылардың бірі болып отыр. 2015 жылы МАГАТЭ әлемдегі алпауыт мемлекеттердің қолдауымен еліміздің аумағында Төмен байытылған ядролық отын банкін құру туралы шешім қабылдады. Мұны атом энергетикасын дамытамын деген мемлекеттерге арналған көмек деп те айтуға болады.
Бүгінде уранның орнына торийді қолдану мәселесі де талқылануда екен. Бұл атом саласының тиімділігі жоғары болуына ықпал етуі мүмкін. Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде халық назарына осы бағытта атқарылған жетістіктер деңгейі көрсетілуі мүмкін. ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы әлемдік энергетика қай бағытта дамып барады, соны айқындауға болады. Және ең ірі мемлекеттердің қандай технологиялық күш-қуаты бар екендігі де көрмеде назарға ұсынылмақ.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист