Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуін талқылау мақсатында жиналыс өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық және қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко модераторлық еткен отырыста «Барбанг» күрдтер қауымдастығының жетекшісі Князь Мирзоев, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекшісі Қазбек Мамсуров, «Ахыска» түрік бірлестігі жетекшісінің орынбасары Шахисмаил Асиев, Алматы қалалық Корей ұлттық бірлестігі басшысының орынбасары Георгий Кан және Алматы қалалық мәслихатының депутаты Нурия Ниязова сөз сөйлеп, Үндеудің әр бөліміне жеке-жеке тоқталды. Сөз алған барлық қатысушы Үндеудің Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері үшін маңызды екенін атап көрсетті.
Князь Мирзоев: «Біз Елбасының Үндеуін талқылау үшін емес, талдау үшін жиналып отырмыз. Себебі, бұл – бізге дейін де жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген, тыңғылықты ойластырып барып шығарылған шешім. Біздің міндетіміз қарапайым халыққа жан-жақты түсіндіріп Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан қолдау білдіру», – деді.
«Біз – үлкен бір отбасының мүшелеріміз, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Леонид Питаленко. – Тәуелсіздік алған 25 жылдың ішінде татулығымызға сызат түсірмей, қандай сын сағатта да бірлігімізден ажырамай келе жатырмыз. Соның арқасында ішкі, сыртқы саясаты мығым мемлекет құра білдік. Демек, Елбасының бұл шешімі де жалпы халық тарапынан бірауыздан қолдау табатыны сөзсіз. Әлем өзгеріп жатыр, жаңа заман біздің дамып келе жатқан жас мемлекетімізден жаңа қадамдар, батыл шешімдер талап етеді. Бұл реформаның мақсаты да бүгінгі уақыт сұранысына жауап беру».
Леонид Николаевич жиын соңында Үндеуді бірауыздан қолдай отырып, ұсыныстар мен тілек-талаптар болса ескерілетінін, соның негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан қаулы қабылданатынын ескертті.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы