2016 жылғы 22 желтоқсан, Астана қаласы
Соттардың қылмысқа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем беру-шілік үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы
Қылмысқа қатыстылық пен қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік үшін жауаптылық туралы заңнаманы қолданудың бірдей сот практикасын және оның дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Қылмысқа қатыстылық қылмысқа қатыстылықтың ерекше нысаны болып танылатыны түсіндірілсін, ол жасалған қылмысқа сыбайлас қатысу болып табылмайды және онымен себептік байланыста болмайды, ал қылмысты анықтауға және оны жасаған адамды әшкерелеуге кедергі келтіретін, қоғамға қасақана қауіп төндіретін іс-әрекет түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде (бұдан әрі – ҚК) жауаптылық көзделген сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу (ҚК-нің 432-бабы) және дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау (ҚК-нің 434-бабы) қылмысқа қатыстылықтың негізгі түрлері болып табылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Конституциясына және қылмыстық заңға сәйкес хабарламағаны үшін қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ өздеріне сеніп сырын ашқан адамдардың жасаған қылмыстары туралы хабарламағаны үшін діни қызметшілер қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. ҚК-нің 432-бабы бойынша жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы жасаған қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалғаны үшiн адам қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.
Қылмыстық сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 7-бабының 11 тармағына сәйкес ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-iнiлер мен апалы-сiңлiлер, ата, әже, немерелер жақын туыстар деп танылады. Осы жақын туыстардың тізбесі толық болып табылады және кеңейтіп түсіндіруге жатпайды.
2. Қылмыс туралы хабарламау әрбір адамның дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы тиісті мемлекеттік органдардың назарына жеткізуге қасақана әрекет жасамауына, заңда көзделген құқықтық міндетті орындамауын білдіреді.
ҚК-нің 434-бабында көрсетілмеген дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгілі өзге де құқық бұзушылықтар туралы хабарламау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды. Сонымен қатар, осындай фактілер анықталған кезде мемлекеттің құқықтық саясатын және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету мақсатында соттар жеке қаулы шығару арқылы адамның өз азаматтық және моральдық борышын орындамау фактісі туралы тиісті ұйымдардың назарына жеткізуге құқылы. Осы мақсаттар үшін дайындалып жатқаны немесе жасалғаны анық белгілі қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы уақтылы хабарлау арқылы сот төрелігіне адам көмек көрсеткен барлық жағдайларда соттардың жеке қаулымен тиісті ұйымдардың алдында осы адамды көтермелеу қажеттілігі туралы мәселені қойғаны жөн.
3. Дайындалып жатқаны немесе жасалған қылмыс туралы хабарлаған адамға не оның отбасының мүшелері мен жақын туыстарына қатысты күш қолдану немесе заңда тыйым салынған өзге де іс-әрекеттер қаупі туралы деректер болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары ҚПК-нің 97-бабының тәртібімен осы адамға қатысты қауіпсіздік шараларын, оның ішінде бұл адам туралы мәлiметтерге қолжетімділікті шектеу, оларды негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтау, адамның бүркеншiк атты пайдалануы туралы шараларды қолдануға міндетті.
4. Адам басқа адамның жасаған қылмысы туралы хабарламағаны үшін, егер олардың екеуі де осы уақыт кезеңінде жасалған басқа қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылар болса, егер бұл ретте жасалған қылмыс туралы өзінің хабарламасымен өзін өзі әшкерелейтін болса, қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес.
5. ҚПК-нің 70-бабы бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес заң көмегін көрсететін адвокат өзiнiң қорғауындағы адамның мүдделерiне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесiлi құқықтарды жүзеге асыруына кедергi келтіруге, сондай-ақ қорғауындағы адамның ұстанымына қарамастан, оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауда кiнәлi екенін мойындауға құқылы емес. Адвокат «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы №195-I Заңының 15-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес заң көмегiн көрсетуге байланысты өзiне мәлiм болған мәлiметтердi құпия сақтауға және көмек сұрап өтiнiш жасаған адамның келiсiмiнсiз оларды жария етпеуге міндетті. Осыған байланысты адвокат оған заң көмегін көрсету кезінде белгілі болған өзінің қорғауындағы адам жасаған басқа қылмыс фактісі туралы хабарламағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес.
Адвокат қаржы мониторингінің субъектісі ретінде «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы №191-ІV Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес шараларды қабылдауға тиіс. Бұл ретте Заңның 10-бабы 3-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес адвокат бұл мәлiметтер мен ақпарат анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда жеке және заңды тұлғалардың атынан өкiлдiк ету және оларды қорғау мәселелерi бойынша заң көмегiн көрсетуге байланысты, сондай-ақ шешілуі кәсіптік заң білімін, талап арыздар, шағымдар және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттарды жазуды талап ететін мәселелер бойынша олардың консультациялар, түсіндірулер, кеңестер және жазбаша қорытындылар түріндегі заң көмегін көрсетуі кезінде алынған жағдайда ғана қаржы мониторингiне жататын операция туралы мәлiметтер мен ақпаратты бермеуге құқылы. Заңда көзделген барлық өзге де жағдайларда адвокат оның клиентінің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) немесе терроризмді не өзге де қылмыстық әрекетті қаржыландыруға бағытталуы мүмкін күдікті операциялары туралы мәлімет пен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға беруге міндетті.
Қылмыс жасаған адамды, қылмыс құралдары мен қаруларын, қылмыстың іздерін және өзге де дәлелдемелерді жасырған кезде адвокат күні бұрын уәде бермей немесе күні бұрын уәде беріп жасырып қалғаны үшін жалпы негіздермен жауаптылықта болады.
Адвокат өзінің қорғауындағы адамның тарапынан жаңа қылмыстық құқық бұзушылық дайындалып жатқанын біле тұра, оған кеңес берген немесе ойластырған әрекетіне өзге де құқықтық көмек көрсеткен жағдайларда, онда ол (адвокат) өзінің қорғауындағы адамның жасаған іс-әрекетіне сыбайлас қатысушы (көмектесуші) ретінде жауаптылыққа тартылуға жатады.
6. Қылмысты жасырып қалу қылмыскерді, қылмыс жасау қаруы мен құралдарын, қылмыс іздері мен дәлелдемелерді жасырып қалуды (жасыруды) білдіреді.
Қылмыс жасаған адамды жасыру оған пана, көлік, жалған құжаттар беру, сыртқы келбетін өзгерту және ол жасырына алатын басқа да әрекеттер арқылы жасалуы мүмкін.
Қылмыс құралдары мен қаруларын жасыру оларды жоюды, түрін өзгертуді, табылуы мүмкін емес жерге жасыруды білдіруі мүмкін.
Қылмыстың іздерін және басқа да дәлелдемелерді жасыру әрекеттеріне қылмыстың іздері (мысалы, қан, саусақ таңбалары мен өзге де іздер) сақталған киімді және заттарды жою (жуу, тазарту), хаттар мен басқа да құжаттарды, электрондық хаттарды, электрондық-цифрлық құжаттарды, хат алмасуларды, файлдарды, сондай-ақ электрондық-цифрлық ақпарат тасығыштарын жою, қағып кеткеннен кейін автокөліктің майысуларын жою мен фараның шынысын ауыстыру және тағы басқалары жатқызылуы мүмкін.
7. Басқа адамның (орындаушының) жасаған ауыр немесе аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалғаны үшін жауаптылық, егер орындаушының ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасау кінәсі бір іс жүргізуде осы қылмыстық іс бойынша соттың процестік шешімді қабылдауымен дәлелденген не қылмыстық процесті жүргізетін органның ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысымен немесе соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен анықталған жағдайда ғана орын алуы мүмкін.
8. Жасырып қалу құрамының белгілерінде қамтылмаған әрекеттерді жасау арқылы сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу ҚК-нің 432-бабының жиынтығы және нақты қылмыстық іс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың мұндай жиынтығы: бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру (ҚК-нің 202-бабы); лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану (ҚК-нің 361-бабы); билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану (ҚК-нің 362-бабы); қызметтiк жалғандық жасау (ҚК-нің 369-бабы) және басқа жолмен жасырып қалу кезінде орын алуы мүмкін.
Жасалған іс-әрекеттердің барлық белгілері неғұрлым қатаң жазаны көздейтін ҚК-нің бір нормасында қамтылатын жағдайларда жиынтық болмайды және жасалған іс-әрекет қылмыстық заңның осы нормасымен ғана саралануға жатады (мысалы, аса ірі мөлшердегі есірткі заттардың заңсыз айналымын оларды сақтау жолымен жасырып қалу).
9. Уәкілетті лауазымды адамның анық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс туралы адамның хабарламасын немесе арызын тіркемеу не аталған адамның өтінішін кез келген өзге тәсілмен жою немесе жасыру арқылы қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасыруы ҚК-нің 433-бабының тиісті бөлігі бойынша, яғни қылмыстық заңның арнайы нормасы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
10. Қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалудан қылмыстық құқық бұзушылықты күні бұрын уәделесіп жасырып қалуды ажырату қажет, ол қылмыстық заңға сәйкес қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушілік түрінде сыбайлас қатысу деп танылады және ҚК-нің 28-бабының бесінші бөлігіне сілтеме жасалып, нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша сараланады.
Жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы қылмыстық құқық бұзушылықты күні бұрын уәделесіп жасырып қалу арқылы дем берушілікті жасаған кезде оған ҚК-нің 432-бабына Ескертпенің ережелері қолданылмайды. Осыған байланысты, бұл адам қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушы (көмектесуші) ретінде жалпы негіздермен қылмыстық жауаптылықта болады.
11. Қылмыстық құқық бұзушылыққа дем берушіліктің саралануы жалпы ҚК-нің 28-бабының бесінші бөлігінің нормасына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс, оған сәйкес кеңестерiмен, нұсқауларымен, ақпарат, осы іс-әрекетті жасауға қару немесе құралдарды беруімен не оны жасау үшін кедергiлердi жоюымен қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына жәрдемдескен адам, сондай-ақ орындаушыны, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруын немесе өзге де құралдарын, осы іс-әрекеттің iзін не құқыққа қарсы жолмен қол жеткізілген заттарды жасыруға күні бұрын уәде берген адам, сол сияқты мұндай заттарды иемденуге немесе өткiзуге күні бұрын уәде берген адам көмектесуші деп танылады.
12. Дем берушілікке қатысты кеңестер мен нұсқаулар деп қылмыстық құқық бұзушылықты неғұрлым нәтижелі немесе қауіпсіз дайындау, оны қандай жолмен жасау орынды екендігі, ойластырғанның жүзеге асырылуын қай уақытта бастаған ыңғайлы болатыны, сыбайласып қатысуға кімді тарту және тағы басқалары туралы ауызша немесе жазбаша ұсынымдар мен түсіндірмелерді ұғыну керек.
Қылмыстық құқық бұзушылықты ойдағыдай жасау үшін қажетті жағдайларды жасау (мысалы, электр желісін ажырату, дабылдағышты бұзу, күзеттің назарын басқаға аудару, күзетші итті уландыру, жалған шақыру, есептік құжаттаманы жою және тағы басқалары) бойынша көмектесушінің кез келген әрекеттерін қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға келтіретін кедергіні жою деп түсіну қажет.
13. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасырып қалу, егер кінәлінің жасаған әрекеттері жөнінде орындаушымен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанға дейін немесе жасау кезінде уәделескен болса не басқа себептермен орындаушының мұндай жәрдемнің көрсетілетініне көрінеу әрі толықтай сенуіне негіздер берсе (мысалы, мынадай мән-жайларға қарай: бірнеше рет жасырып қалу не қылмыстық жолмен көрінеу алынған мүлікті иелену немесе өткізу; бұдан бұрын басқа қылмыстық құқық бұзушылықты орындаушымен сыбайлас қатысып жасау; қылмыстық топтың, оның ішінде қылмыстық ұйымның, террористік топтың, экстремистік топтың, банданың және заңсыз әскерилендірілген құралымның идеялары мен мақсаттарын көрінеу мақұлдау немесе олармен келісу және тағы басқалары), дем берушілік түрінде сыбайлас қатысу болып танылады.
14. Күні бұрын уәделесіп жасырып қалған адам күрделі сыбайлас қатысуда көмектесуші болып табылады, осыған байланысты оның әрекеттері ҚК-нің 28-бабының бесінші бөлігіне сілтеме жасалып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған қылмыстық құқық бұзушылық белгісі бойынша ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабымен саралануға жатады.
15. Күні бұрын уәделеспей жасырып қалу не көмектесуші немесе қылмысқа өзге де сыбайлас қатысушы болып табылатын адамның тарапынан хабарланбау ҚК-нің 432-бабы немесе 434-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді, өйткені мұндай жағдайда хабарламау не күні бұрын уәделеспей жасырып қалу аса ауыр қылмыстың бөлігі болады және сыбайлас қатысып жасалған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің бабымен қамтылады.
16. Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу қылмыстық құқық бұзушылықтың дербес құрамы болып табылады және ҚК-нің 196-бабымен, яғни қылмыстық заңның арнайы нормасы бойынша жауаптылыққа әкеп соғады.
Қылмыстық жолмен табылған мүлiктi күні бұрын уәделесіп иемдену немесе өткізу, сол сияқты күні бұрын уәделесіп жасырып қалу дем берушілік түрінде қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысу деп танылады.
17. Орындаушыда қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға жасырын ниетті туындататын және осылайша оны қылмыстық құқық бұзушылық жасауға көндіретін жағдайларда, көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемденуге немесе өткізуге күні бұрын берілген уәдені дем берушілік деп емес ҚК-нің 28-бабының төртінші бөлігіне сілтеме жасай отырып, кінәлінің әрекеттерін нақты қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің тиісті бабы бойынша саралап, айдап салу деп тану қажет.
18. Қылмыстық заң сыбайлас қатысудың басқа түрлерімен салыстырғанда дем берушілік қауіптілігінің кем дәрежесін белгілемейді. Көмектесушінің қоғамдық қауіптілігінің көрінісі ол қылмыстық құқық бұзушылыққа тікелей қатыспаса да, өзінің әрекеттерімен орындаушының қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға шешімін нығайтады және оны жасауды едәуір жеңілдетеді. Осыған байланысты, көмектесуші ҚК-нің 52-бабының ережелері ескеріле отырып, жауаптылыққа және қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа сыбайлас қатысушыларымен қатар жазалануға жатады. Бұл ретте сот істің мән-жайларын ескере отырып, көмектесушіге басқа сыбайлас қатысушыларға қарағанда онша қатаң емес, сонымен қатар неғұрлым қатаң жазаны тағайындауы мүмкін.
19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.МӘМИ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы Қ.ШАУХАРОВ