02 Ақпан, 2017

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы №12

646 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
2016 жылғы 22 желтоқсан,  Астана қаласы Соттардың Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы Сот практикасында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің Жалпы ережелерінің және Жалпы бөлігінің кейбір нормаларын біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді: 1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция), халықаралық құқықтың жалпы танылған қағидаттары мен нормаларына негізделетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі – ӘҚБтК) тұрады, әкімшілік жауаптылықтың шарттары мен негіздерін, әкімшілік жазалардың түрлерін, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу тәртібін, оның ішінде осы істердің ведомстволығы мен соттылығын анықтайды. Соттар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының халық­аралық шарттары мен өзге де міндеттемелері Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сәйкес оның қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылатынын негізге алуға тиіс. Істі қарау кезінде сот Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасының нормаларын, егер халықаралық шартпен өзге қағидалар белгіленсе, Қазақстан Республикасы үшін оның міндеттілігін келісу туралы шешім ратификациялау немесе қосылу арқылы қабылданған болса, қолдануға құқылы емес. Мұндай жағдайларда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады. Елдің егемендігі, Конституциямен белгіленген мемлекеттің біртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысандарын өзгертуге жол берілмейтіні туралы Конституцияның ережелерін бұзатын, сондай-ақ адам мен азаматтың консти­туциялық құқықтары мен бостандығына нұқсан келтіретін халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдері Қазақстан үшін міндетті деп танылуы мүмкін емес («Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының нормаларын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты қолданыста ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулысының 4-тармағы). 2. Әкімшілік құқық бұзушылықтан адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қорғауды және ӘҚБтК-нің 6-бабының бірінші бөлігінде санамаланған басқа да міндеттерді жүзеге асыру, сондай-ақ оларды жасаудың алдын алу үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама әкімшілік жауаптылықтың негіздері мен қағидаттарын белгілейді, оларды бұзу сипаты мен маңыздылығына қарай iс бойынша болған iс жүргізуді жарамсыз деп тануға, осындай iс жүргiзудiң барысында шығарылған шешiмдердiң күшiн жоюға не осы тұрғыда жиналған материалдарды дәлелдеу күшi жоқ деп тануға әкеп соғады. ӘҚБтК-нің процестік ережелерінде олқылықтар болған кезде соттар сот төрелігінің қағидаттары және адам мен азаматтың құқықтары туралы конституциялық нормаларды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнаманың қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс. 3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде ӘҚБтК-нің 10-бабында бекітілген кінәсіздік презумпциясы қағидаты бұлжытпай сақталуға тиіс. Осы қағидаттан ерекшелік ӘҚБтК-нің 31-бабында белгіленген, оған сәйкес құқық бұзушылық арнаулы техникалық құралдарымен тiркелген жағдайда, жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иесi (иесі) тартылады. Бұл ретте оны жауаптылықтан босату шарты оның хабарламасы немесе арызы бойынша тексеру барысында өзге тұлғалардың құқыққа қарсы әрекеттерiнiң нәтижесінде көлiк құралының иеліктен шығу, не құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде болған басқа тұлғаны анықтау фактісі болып табылады. Кiнәлiлiкке келтiрiлген кез келген күмәндар, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы қолдану кезiнде туындайтын күмәндарды қоса алғанда, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған тұлғаның пайдасына түсiндiрiлуге және шешiлуге тиіс. 4. Жаза орындалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша заңсыз қаулының күші жойылғаннан немесе өзгертілгеннен кейін жаңа жаза тағайындау әкімшілік жауаптылыққа қайта тарту болып табылмайды. 5. Соттардың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу бойынша ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету және соттар мен органдардың (лауазымды адамдардың) мұндай қызметі туралы ақпаратты азаматтар мен ұйымдардың алу құқықтарын іске асыру үшін қажетті жағдайларды жасағаны жөн. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (Нью-Йорк, 1966 жылғы 16 желтоқсан, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91-ІІІ Заңымен ратификацияланған, Қазақстан Республикасы үшін 2006 жылғы 24 сәуірде күшіне енген) 14-бабының 1-тармағына сәйкес сот талқылауының немесе оның бөлігінің жариялылығын шектеуге «демократиялық қоғамда адамгершiлiк, қоғамдық тәртiп немесе мемлекет қауiпсіздiгiнiң пайымдаулары ескерiлген жағдайда ғана немесе азаматтардың жеке өмiрiнiң мүдделерi талап етсе немесе соттың пiкiрi бойынша, жариялылық әдiл соттың мүдделерiн бұзатын ерекше жағдай тудыратын болса» жол беріледі. Істі мемлекеттік құпияларды сақтау мақсатында жабық іс жүргізуде талқылау істің материалдарында мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Іске қатысатын адамдардың заңмен қорғалатын құпияны, жеке тұлғалар өмiрiнiң ішкі сырлары туралы мәлiметтердi сақтау қажеттілігі туралы өтінішхаттары да, оларды сот қанағаттандырған жағдайда, жабық іс жүргізуде тақылау үшін негіз болып табылады. Істі талқылау жабық іс жүргізуде өткізілетіні туралы отырыстың хаттамасында, егер ол жүргізілетін болса, сондай-ақ іс бойынша қабылданған қаулының кіріспе бөлігінде көрсетіледі. 6. Ескерту жасау негiзгi әкiмшiлiк жаза ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн (ӘҚБтК-нің 42-бабының бірінші бөлігі) және қандай да бір қосымша жазаларсыз дербес қолданылуға жатады. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болып табылған зат тәркiлене отырып, ескерту немесе айыппұл салу түріндегі немесе қызметті тоқтата тұрумен жаза көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, оларды жасағаны үшін қосымша әкімшілік жаза тек әкімшілік айыппұлмен бірге тағайындалады. 7. ӘҚБтК-нің 44-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қаржы заңнамасының нормаларын бұза отырып сомасының пайызымен айыппұл мөлшерін айқындау кезінде, мұндай операция шетел валютасымен жүргiзiлсе, айыппұл сомасын теңгемен қайта есептеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасау кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген ресми бағам бойынша жүзеге асырылады. 2015 жылға дейін жасалған аталған құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде ӘҚБтК-нің 48-бабының бірінші бөлігіне (2001 жылғы редакциядағы) сәйкес айыппұлды есептеу үшін жаза қолдану кезіндегі ресми бағам пайдаланылғанын ескеру қажет. ӘҚБтК-нің 44-бабының екінші бөлігінде жеке, лауазымды және өзге де тұлғаларға салынатын айыппұлдардың шекті мөлшерлері көзделген. ӘҚБтК-нің 58-бабының екінші бөлігіне қатысты айыппұлдың үш еселік ең жоғары шегі деп ӘҚБтК-нің 44-бабының екінші бөлігінде белгіленген шек түсініледі. 8. Судья лицензияда, арнаулы рұқсатта, бiлiктiлiк аттестатында (куәлiкте) көзделген қызметтi жүзеге асырған не әрекеттердi жасаған кезде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкімшілік жаза түрінде белгiлi бiр қызмет түрiне рұқсаттан айыруды не белгiлi бiр әрекеттерді жасауды қолданады. Лицензияда, арнаулы рұқсатта, бiлiктiлiк аттестатында (куәлiкте) белгіленген қызмет түрiмен байланысты емес құқық бұзушылықты жасағаны үшiн белгілі бір қызмет түріне лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiктен) айыруға жол берілмейді. Егер тұлға лицензияланатын қызмет түрін мұндай қызметке қойылатын талаптарды бұзып жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылса, онда сот аталған қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы шешім қабылдауға құқылы. Егер тұлға лицензияланатын қызмет түрін тиісті лицензиясыз жүзеге асырғаны үшін не өзге де арнаулы рұқсатты талап ететін қызметті осындай арнаулы рұқсатсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылса, онда сот ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясында көрсетілген мерзімге осындай қызметке тыйым салу түрінде қосымша әкімшілік жаза тағайындауға құқылы. Соттың мұндай шешімі тұлғаға тыйым салу мерзімі кезеңінде тиісті лицензия немесе өзге де арнаулы рұқсат алуға мүмкіндік бермейді. 9. Нақты жеке немесе заңды тұлғаға берілген арнайы құқықтан айыру не рұқсаттан айыру немесе оның қолданысын тоқтата тұру мерзімдері ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің көптеген баптарының санкциясында айлармен немесе жылдармен көрсетілген, бірақ ӘҚБтК-нің 60-бабына сәйкес күнтізбелік күндермен де есептелуі мүмкін. 10. Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру не оған тыйым салу әкімшілік жазаның негізгі, сол сияқты қосымша шаралары (ӘҚБтК-нің 42-бабының екінші бөлігі) ретінде қолданылуы мүмкін. Әкімшілік жаза ретінде қызметті тоқтата тұру бұзушылықты жою үшін сот белгілеген мерзімде қажетті әрекеттерді (іс-шараларды) жүргізу арқылы ол жойылатын кезде қолданылады. Бұзушылық белгіленген мерзімде жойылмаған немесе оны жою мүмкін болмаған жағдайларда қызметке тыйым салу қолданылады. Пайдаланылуы заңнама нормалары бұзылып жүзеге асырылатын объектілерді (агрегаттарды, ғимараттар мен құрылыстарды) ғана пайдалану уақытша тоқтатылуы не оған тыйым салынуы тиіс. Мұндай тоқтата тұруға немесе тыйым салуға жасағаны үшін көрсетілген жаза түрінде әкімшілік жауаптылық филиалдарының, өкілеттіліктерінің, құрылымдық бөлімшелерінің, өндірістік учаскелердің ғана қызметі жатады (ӘҚБтК-нің 48-бабының бірінші бөлігі). Дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұрудың нақты мерзімін көрсету міндетті болып табылады және ол үш айдан аспауға тиіс (ӘҚБтК-нің 48-бабының үшінші бөлігі). ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігі бабының санкциясы жазаның аталған шарасын көздеген жағдайларда, сот істі әкімшілік іс жүргізу тәртібімен он тәулік ішінде қарауға тиіс. Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің санкциясы жазаның көрсетілген шарасын көздемесе, уәкілетті орган (лауазымды адам) тиісті өкілеттіктері болған жағдайда азаматтық іс жүргізу тәртібімен тиісті талап қою арқылы сотқа жүгінуге құқылы. Стратегиялық объектілерді (әскери бөлім, халықаралық әуежай және басқалар) қоса алғанда, азаматтық қорғаныс бойынша аса маңызды және санаттандырылған ұйымдарға («Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V Заңының 20-бабының 3-тармағы), егер мұндай ұйымның жұмыс істеуінің бұзылуы ұлттық қауіпсіздікке қатер, төтенше жағдайлардың туындау қауіпін төндірсе немесе едәуір әлеуметтік-экономикалық салдарларға алып келсе, қызметті тоқтата тұру қолданылмайды. 11. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің құқыққа қарсы іс-әрекетті жасауы, егер бұрын ӘҚБтК-нің 61-бабында көзделген мерзімнің ішінде заңды тұлға өзінің басқа құрылымдық бөлімшесімен аталған құқыққа қарсы іс-әрекетті жасағаны үшін жауаптылыққа тартылса, қайталанды деп есептеген жөн. 12. ӘҚБтК-нің 50-бабына сәйкес әкімшілік қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінде көзделген шектерде тағайындайды. Жасағаны үшін әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза көзделетін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қараған кезде судьялардың әкімшілік қамаққа алуды қолдануды болдырмайтын ӘҚБтК-нің 32 және 50-баптарының екінші бөліктерінде көзделген мән-жайлардың болғанын немесе болмағанын мұқият анықтағаны жөн. 13. Бiр әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн бiр негiзгi не негiзгi және қосымша әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкiн (ӘҚБтК-нің 55-бабының алтыншы бөлігі). ӘҚБтК-нің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтардағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдер мен алпыс үш жастан асқан еркектерге әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайды. Егер ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгі бабының санкциясымен қосымша жаза (мысалы, шығарып жіберу немесе көлік құралдарын басқару құқығынан айыру) таға отырып қамаққа алу көзделсе, онда соттардың ӘҚБтК-нің 50-бабына сілтеме жасай отырып, көрсетілген адамдарды қамаққа алу түріндегі жазадан босатқаны және ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгі бабының санкциясымен көзделген екінші жазаны, егер ӘҚБтК-нің 42-бабының екінші бөлігімен негізгі әкімшілік жаза ретінде көрсетілген жазаны қолдануға жол берілсе, тағайындағаны жөн. 14. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкімшілік жаза осы әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшін ӘҚБтК-нің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген шекте ӘҚБтК-нің ережелерiне дәл сәйкестiкте қолданылады (ӘҚБтК-нің 55-бабының бірінші бөлігі). ӘҚБтК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген санкцияның ең төменгі шегінен төмендетіп жаза қолдануға жол берілмейді. Алайда ӘҚБтК-нің 56-бабына сәйкес жеке тұлғаның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар анықталған жағдайда, судья салынатын әкімшілік айыппұл сомасын, бірақ айыппұлдың жалпы сомасының отыз пайызынан аспайтындай етіп қысқартуға құқылы (ӘҚБтК-нің 819-бабының екінші бөлігі). Аталған қысқартуды осы бапта көрсетілмеген басқа әкімшілік құқық бұзушылық субъектілеріне (мысалы, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге), сол сияқты әкімшілік жазаның басқа да түрлері бойынша қолдануға жол берілмейді. 15. Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданудың ескіру мерзімі ӘҚБтК-нің 62-бабының екінші бөлігінде көзделген. ӘҚБтК-нің 62-бабының үшінші бөлігіне сәйкес мұндай құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жазаны қолданудың ескіру мерзімін есептеуге жол берілмейді. 16. ӘҚБтК-нің 62-бабының бесінші бөлігіне сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі iстi сот сатыларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген мемлекеттiк органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ереже әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау үшін ведомстволығы бойынша басқа мемлекеттік органға берілмейтін жағдайларға да қатысты. Ескіру мерзімін тоқтата тұрудың басталғаны істің сотқа немесе лауазымды адамға мәні бойынша қарауға іс жүзінде жіберілген күнінен айқындалады (поштаға тапсыру, курьердің алған күні, тиісті хат-хабарды тізілімде тіркеу күні және тағы басқалары). Іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бар орган сараптаманы тағайындаған кезде әкімшілік жазаны қолдану мерзімінің өтуі сараптаманың нақты тағайындалған күнінен тоқтатыла тұрады. Сараптаманы сот тағайындаған кезде сот ісін жүргізу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады. 17. ӘҚБтК-нің 62-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес бұзушының әрекеттерiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болып, қылмыстық iс тоқтатылған жағдайда, тұлға оны тоқтату туралы шешiм келіп түскен күннен бастап үш айдан кешiктiрмей әкiм­шiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Әкімшілік жазаны қолданудың аталған мерзімі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауға уәкілеттік берілген мемле­кеттік органға қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы түскен күнінен бастап есептеледі. Әкімшілік құқық бұзушылық қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен және ол туралы қылмыстық істі қарау барысында белгілі болған жағдайларда, қылмыстық істі қарайтын сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 405-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен, егер әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезден бастап бір жылдан аспайтын уақыт өткен болса, әкімшілік жазаны қолдануға құқылы. 18. Әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiнiң өтуiне байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан кезде (ӘҚБтК-нің 741-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасы) соттарға ӘҚБтК-нің 822-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасына сәйкес қаулыда істі қарау кезінде анықталған барлық мән-жайларды, сондай-ақ құқық бұзушылық жасауда тұлғаның кінәсі немесе кінәсіздігі туралы тұжырымдарды көрсету қажет. Аталған мән-жайлар құқық бұзушылық жасаумен келтірілген зиянды өтеу мәселесін шешу кезінде маңызды болады және Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының бесінші бөлігіне сәйкес осы тұлға жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденбейді. 19. ӘҚБтК-нің 73, 79 (бірінші бөлігінде), 146, 185, 186, 220, 229 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер ӘҚБтК-нің 64-бабының бірінші бөлігіне сәйкес жәбiрленушiнiң арызы бойынша ғана қозғалады және ӘҚБтК-нің 741 және 742-баптарында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға мұндай негіздің болмауына қарамастан, ол әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғамен татуласқаннан кейiн тоқтатылуға жатады. 20. Егер кінәлі адам ӘҚБтК-нің 128-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылмаса, кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тартуды ӘҚБтК-нің 57-бабының 3) тармақшасына сәйкес жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп ескерген жөн. 21. 16 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама істі қарауға заңды өкілдері ретінде қатыстырылуға жататын оның ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар туралы мәліметтер көрсетіліп оған қатысты жасалады. 14 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама ӘҚБтК-нің нормаларында ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың жауаптылығы көзделген жағдайларда, осы адамдарға қатысты жасалады. Аталған адамдарға қатысты әкімшілік іс бойынша шығарылған қаулыда жасалған құқық бұзушылықтағы олардың кінәсі неде екені көрсетілуге тиіс. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған уақытта 16 жасқа келген кәмелетке толмағандарға, олардан өндіріп алу үшін дербес табысы немесе мүлкі болған жағдайда, айыппұл түріндегі әкімшілік жаза шарасы қолданылуы мүмкін. Кәмелетке толмаған адамға тағайындалған айыппұлдың мөлшері он айлық есептік көрсеткіштен астам бола алмайды. Кәмелетке толмаған адамның мұндай табысы немесе мүлкі болмаған жағдайда, айыппұл ӘҚБтК-нің 66-бабының талаптары сақтала отырып, ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға салынады, ол туралы қаулыда көрсетілуге тиіс. Кәмелетке толмаған адамда соның есебінен айыппұл төленуі мүмкін дербес табыстың немесе мүлктің болуы немесе жоқтығы туралы мәліметтерді әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іспен бірге ұсынады. 22. ӘҚБтК-нің 68-бабына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпал ету шараларын сот, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезінде тағайындауы мүмкін. Бұл ретте ӘҚБтК-нің 69-бабының үшінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу мерзiмi үш айға дейiнгi ұзақтыққа белгiленедi. ӘҚБтК-нің 54-бабының бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз кәмелетке толмаған адамға белгілі бір жерлерге баруына, басқа да жерлерге шығуына тыйым ­салуды сот істі қарау кезінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзуге қатысушылардың немесе iшкi iстер органдарының өтiнiшхаты бойынша ғана үш айдан бір жылға дейiнгi мерзімге тағайындауы мүмкін. Мұндай тыйым салу ӘҚБтК-нің 73, 127, 128, 131, 434, 435, 436, 440 (төртінші және бесінші бөліктерінде), 442 (үшінші бөлігінде), 448, 461, 482, 485 (екінші бөлігінде)-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар ретінде белгіленеді, жаза тағайындалуына қарамастан қолданылады және әкімшілік жазаға қайта тартылып отырған кәмелетке толмағандарға қолданылады. 23. ӘҚБтК-нің 62-бабында белгіленген ӘҚБтК-нің 71-бабында көзделген ескіру мерзімдерінің жартысын қысқарту әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезiнде кәмелетке толмағандарға ғана қолданылуға жатады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ата-аналары немесе оларды алмастыратын адамдар жауаптылықққа тартылуға жататын әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша ӘҚБтК-нің 62-бабында көзделген әкімшілік жазаның мерзімін қолдану туралы мәселені шешу кезінде ӘҚБтК-нің 71-бабының ережелері қолданылуға жатпайды. 24. Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.МӘМИ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы Қ.ШАУХАРОВ