«Заман өзгереді, оны әлі көз көреді» деген екен ата-бабаларымыз. Сол айтылғандағыдай, қазіргі өмір бізді адамзат баласы бұрын бастан кешірмеген ұлы өзгерістерге қарай алып келе жатқандығы ақиқат. Алдымыздағы сол жаңа дәуірдің кілті, көптеген сарапшылардың пайымдауы бойынша, ақпараттық технологиялар болып табылады.
Адамзат қоғамының даму тарихын аграрлық, өнеркәсіптік, яғни индустриялық және постиндустриялық дәуірлерге бөліп қарастыратын америкалық әлеуметтанушы әрі футуролог О.Тоффлер қазіргі уақытта бұрыннан қалыптасып қалған әлемдік индустриялық жүйені үшінші толқынның, яғни постиндустриялық толқынның талқандау үдерісі жүріп жатқандығын айтады. Оның пайымдауынша, бұл жағдай мынадан көрінеді: өмірдің барлық салаларында ақпараттық технологиялардың кеңінен енгізілуі негізінде бірте-бірте ақпараттық қоғам қалыптасу үстінде. Оның басты белгілері көпшілік қолды тауарлар мен өнімдерді көптеп шығаратын алып өндірістерді енді дербес шағын өндірістер алмастыруда. Ал бұрынғы қалыптасқан алып индустриялық жүйелердің бұлайша талқандалуы барлық өнеркәсіптік дамыған елдерде жаһандық деңгейдегі дағдарысты жағдайлармен қабаттаса жүретіндіктен, мұны бір есептен ескі мен жаңаның күресі деп те айтуға болады.
Сөйтіп, әлемді шарпыған соңғы экономикалық дағдарыстың туындау себептерінің бірі – ескі мен жаңаның арасындағы бітіспес күрес мәселесінде де жатқан секілді. Ал күрестің қозғаушы күштерінің бірі – барған сайын бел ала түскен ақпараттық технологиялар болып отырғандығы ақиқат. Әлемнің алдыңғы қатарлы саясаткерлері мен ғалымдары, әлеуметтанушылар мен сарапшылар бұл ақиқаттың мәнін жылдан-жылға белең алып келе жатқан сілкіністер мен жаһандық оқиғалар астарынан айқын көре бастады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Егемен Қазақстанның» 90 жылдық торқалы тойының қарсаңында оның жаңа ғимаратында еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына берген сұхбатында бұл дағдарыстан Қазақстанның үлкен сабақ алып, өзіндік тұжырым түйгендігін айта келе, дағдарысқа беріктік танытқан елдер қатарында Германияны атап көрсетіп, мұның себебі бұл елдің экономикасында шағын және орта бизнестің үлкен рөл атқаратындығын, мысалға келтіріп, ендігі кезекте Қазақстанда жаңа заманға сай шағын өндірістер құруға көңіл бөлінетіндігін мәлімдеген болатын. «Егер дағдарыс тұсындағы әлемдік жағдайға назар аударатын болсақ, Еуропада оның сынына төтеп бере алған бірден-бір ел Германия болды. Себебі, оның экономикасының 80 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бизнестің бұл түрлері осы елдің барлық аумағында біркелкі орналасқан. Шағын және орта бизнестің бір ерекшелігі – өзгеріс жағдайына өте бейімділігі. Оның бағыт-бағдарын жедел өзгертуге болады. Ал бізде Кеңес одағы кезінде құрамында 10 мың, 20-30 мыңға дейін адам істейтін алып кәсіпорындардың көбірек салынғаны белгілі. Олар дағдарысқа осал болып шықты» деген еді Елбасы.
Демек, алдымыздағы заманның бейнесі дегеніміз басқару жүйелеріне ақпараттық технологиялар енгізілген автоматтандырылған шағын зауыттар мен фабрикалар болып табылады.
Өндірісті автоматтандыру және басқару секілді аса маңызды мамандық бойынша еліміздегі үш ғылым докторының бірі – Еуразия ұлттық университеті Жүйелік талдау және басқару кафедрасының меңгерушісі, профессор Мамырбек Бейсенбидің айтуы бойынша, автоматтандырылған үдерістерді басқару ақпараттық сипатта жүргізіледі. Олай дейтініміз, басқарушы әсерді құрастыру үшін кез келген кешеннің күйін сипаттайтын көптеген ақпаратты және сол жүйе жұмыс істейтін қоршаған орта туралы ақпараттарды жүйелі уақыт масштабында ақпараттық-коммуникациялық торап арқылы алу мен қабылдау, электронды есептегіш мәшинелер арқылы белгілі бір алгоритмдер негізінде өңдеу, сақтау және тарату қажет. Содан кейін барып автоматтандырылған үдерісті басқару ісі жүзеге асады.
Демек, біз қарсаңында тұрған дәуірде барлық істерге, өнеркәсіп пен тұрмысқа, басқару және байланыс жүйелеріне ақпараттық технологиялар міндетті түрде араласады және кез келген үдерістің маңызды құрамдас бөлігін құрайтын болады.
Міне, осындай жағдайға сәйкес қазіргі күні дамыған елдердің барлығында ақпараттық салалар аса шапшаң қарқынмен дамып, осы салалардың мамандарына деген сұраныс барған сайын арта түсуде. Мәселен, АҚШ-та жоғары оқу орындарын бітірушілердің басым көпшілігін қазірдің өзінде ақпараттық технологиялық және ақпараттық сервистік сала мамандары құрайды екен.
Ақпараттық технологиялардың маңызы мен рөлі туралы көптеген мысалдарды келтіре беруге болады. Сол мысалдардың бірі ретінде қазіргі күні әлемдегі ең бай адамдар нақ осы салада жұмыс істейтіндігін айтуға болады. Мәселен, Билл Гейтс ақпараттық бағдарламаларды жасаушы және қамтамасыз етуші Microsoft компаниясының негізін қалады. Сөйтіп, кеше ғана жатақханада өмір сүрген қарапайым студент аз жылдың ішінде дүние жүзінің №1 бай адамы болып шыға келді.
Басқа салаларда адал еңбек ете отырып материалдық игілікті жасау мен қалыптастыру тұрғысынан алғанда дәл осындай жетістікке жету мүмкін бе? Біздің ойымызша, өте қиын болар. Мәселен, автомобиль өндірісінің атасы атанып, Американың Америка болуына өте үлкен ықпал еткен Генри Форд дәл осындай жетістікке жеткен жоқ. Бәлкім қаржы саласында байлықты тез жинауға болар. Бірақ әлемдегі қазіргі экономикалық дағдарыстарды туындатушы саланың өзі нақ осы қаржы саласы емес пе? Әлемді шулатқан ең үлкен алаяқтық істердің өзі де нақ осы қаржы саласынан шығып жатыр. Біздің ойымызша, әлемде соңғы онжылдықтарда қалыптасқан қазіргі қаржы жүйесі қаржы капитализмінің соңы, бүкіл бір формацияның басты ауруы болып отыр. Ал ақпараттық сала – жаңа заманның басы.
Билл Гейтстің ақпараттық технологиялар мен интернет жүйесінің маңызын түсіндіретіндей көптеген қанатты сөздері бар. Соның бірнешеуін келтірейік: «Егер кім де кім электронды поштамен жұмыс істеуді барынша жетік меңгеретін болса, ХХІ ғасырда сол адам миллионер болады», «Болашақта рынокта компаниялардың екі түрі ғана қалады: интернетте жұмыс істеуші компаниялар және бизнестен кеткен компаниялар», «ХХІ ғасырдың аясындағы бизнестің жаңа іргелі заңының басты қағидаты интернет бәрін де өзгертеді деген ұғымға келіп тіреледі. Соның ішінде интернет-технологиялар ең аз дегеннің өзінде компаниялардың өз қызметкерлерімен, әріптестерімен және қызмет көрсетушілерімен арадағы әрекеттестік тәсіліне үлкен өзгерістер енгізетін болады», «Таяудағы онжылдықтарда өз жұмысын электронды құралдардың көмегімен қайта құра алған компаниялар ғана табысқа жете алады. Өйткені, бұл жағдай оларға дұрыс шешімді тез қабылдап, тиімді әрекет жасауға және өз клиенттерімен барынша тығыз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік береді». Міне, Билл Гейтс осылай дейді.
Ал атақты Aple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс өзінің жастық шағын еске ала келіп, былай дейді: «Студент кезімде жатақханада менің бөлмем де болған жоқ. Сондықтан мен достарымның бөлмелерінде еденде жатып жүрдім. Тамақ тауып жеу үшін бөтелке жинап саттым. Ақырында менің түйсігім алдағы уақытта қандай жолмен жүруімнің дұрыс болатындығын көрсетіп берді. Осының негізінде мен ақпараттық технологияларды жасау саласына түсіп, өмірде үлкен табысқа жеттім». Қазіргі күні Стив Джобс әлемдегі ең бай 150 адамның қатарында тұр.
Сонымен, ақпараттық технологиялар дегеніміз жаңа дәуірдің негізгі кілті болып табылады. Осы кілт арқылы біз сол дәуірге еніп келеміз. Бұл кілт адамдардың бүкіл қарым-қатынас жүйесіне серпінді әсер етіп, бүкіл жер шарын интернет шырмауығы арқылы шырмап тастады. Демек, алдағы өмірде одан тыс тұрудың өзі мүмкін емес. Алдағы уақытта интернеттен тысқары қалу дегеніміз өмірден де тысқары қалу деген ұғымды білдіретін болады. Сондықтан да көптеген мемлекет басшылары өз елдерінде нақ осы саланы барынша дамытуға үлкен мән беруде.
Үстіміздегі жылдың 17 мамырында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ауыл халқының жағдайын сол ауылдарға ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жеткізу арқылы жақсарту жайында ұран тастады. Ол былай деді: «Дамушы елдердегі 1,4 миллиард адамды құрайтын ең кедей халық ауылдарда тұрады. Олардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ауылдарға жеткізуіміз керек. Егер интернет желісі ауыл мектептеріне жететін болса, ауыл балаларының білімге қолы жетімді болар еді. Егер телемедицина ауылдағы емдеу мекемелеріне жететін болса, егер ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен балықшылар ауа райы туралы нақты ақпараттарға жедел ие болатын болса, егер ауылдағы тауар өндірушілер нарықтағы құбылыстар мен бағалар туралы ақпараттарға дер кезінде ие болып, пайдалана алатын болса, бұл ауыл халқының жағдайын көп жақсартқан болар еді».
Сонымен, ақпараттық технологиялар дамып, оның байланыс құралдары дамыған және кеңейген сайын өмір мен тұрмыс жақсара бермек. Сондықтан көптеген елдер ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді барынша дамытуды өздерінің стратегиялық мақсаттарына айналдырып отыр. Біздің Қазақстан да қазіргі күні осындай жолмен жүріп келеді. Елімізде ақпараттық-коммуникациялық сала ең жедел дамушы саланың біріне айналды. Бұл саланың мемлекеттік бюджет кірісіне қосып отырған үлесі де қомақты. Ең бастысы қазіргі күні ұялы байланыс қызметі әрбір адамға дейін жетіп, өмір мен тұрмыстың бұлжымас қажеттіліктерінің біріне айналып үлгірді. Интернет желісі барынша жедел дамуда. Оның қызмет бағасы жылдан-жылға арзандап, сапасы да жақсарып келеді. Қазақстандық азаматтар үшін бұл қызмет түрі де барған сайын қолжетімді бола түсуде. Міне, осы жағдайлар Қазақстанда ақпараттық қоғамды қалыптастырудың басты алғышарттары болып табылады. Өйткені, мұның өзі көптеген мемлекеттік, сауда, банктік және басқа да қызмет түрлерін бірте-бірте компьютерге көшіру мүмкіндігін береді. Қазіргі күні Қазақстанда осының үлкен бір қозғаушы күші «Электронды үкімет» жұмысы болып табылады.
Елімізде электронды үкімет құру идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру міндетін алға қойған атақты Жолдауында ұсынған болатын. 2004 жылы 10 қарашада электронды үкіметті енгізу туралы Үкімет қаулысы жарық көрді. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама электронды үкіметті қалыптастырудың кезеңдерін белгіледі. Бірінші кезеңде ақпараттарды жариялау және тарату мәселелері қолға алына бастады. Екінші кезеңде мемлекеттік органдар мен азаматтардың өзара қарым-қатынасын қалыптастыратын интерактивті қызмет ұсыну жүзеге асты. Үшінші кезеңде қаржылық және заң операцияларын үкіметтік порталдар арқылы жүзеге асырудың транзакциялық қызмет көрсету ісі қолға алынуда. Төртінші кезеңді шешуші кезең деп айтуға болады. Өйткені, дәл осы кезеңде елімізде ақпараттық қоғам қалыптасуы тиіс.
Енді, осы бойынша жүзеге асырылған істер туралы нақты әңгіме қозғайтын болсақ, 2005 жылы бастау алған жоғарыдағы бағдарлама негізінде екі жылдың ішінде «Электронды үкіметтің» инфрақұрылымдары қалыптастырылып, базалық құрамдас бөліктері құрылды. Олар – веб-портал және шлюз, ведомствоаралық электронды құжат айналымы, куәландырушы орталықтар, бірыңғай ақпараттық тасымал ортасы.
Міне, осылардың негізінде 2007 жылы бүкіл еліміз бойынша бірыңғай тізімге біріктірілген жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік деректер қоры тұрақты пайдалануға енгізілді. Веб-портал арқылы мемлекеттік органдардың 20 интерактивтік қызметі іске қосылды.
Осы 2007 жылы электронды үкіметті одан әрі дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасында электронды үкіметті қалыптастырудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Осы бойынша электронды үкіметтің базалық инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру, адамдар үшін қол жетімділігін кеңейту, мемлекеттік басқаруды және әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді ұсынудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсаттары алға қойылды.
Үшінші кезеңде транзакциялық жүйе бойынша «Электронды мемлекеттік сатып алулардың» ақпараттық жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдете түсуге мүмкіндік берді. Олар енді өз кеңселерінде отырып-ақ, тендерлерге қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Мұнан кейінгі уақытта Қазақстанда электронды үкімет құру оның аясын кеңейту мақсатындағы бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асты. Бұл жағдай елеусіз қалған жоқ. Еліміздегі электронды үкіметтің даму жағдайына 2010 жылы БҰҰ тарапынан жоғары баға берілді. Қазіргі күні еліміз соңғы біраз жыл ішінде аталған саладағы өзінің жетістіктері бойынша әлемдік рейтингтегі 81-ші орыннан 46-шы орынға дейін көтеріле алды. Сөйтіп, Қазақстан бұл мәселе бойынша қазіргі күні ТМД елдеріндегі көшбасшылардың бірі болып отыр. Мәселен, бұл іспен белсене шұғылдану үстіндегі Украина 54-ші орында, Ресей 59-шы орында, Белоруссия 64-ші орында тұр.
Әрине, әлем бойынша алғанда электронды үкіметті енгізу мәселесіндегі бәсекелестік барынша күшейіп келеді. Осыған сәйкес бұл мәселеде бір орында қозғалыссыз тұрып қалу жоқ. Әлемде пайда болған жаңалықтарды пайдаланып, жаңа технологияларды игеру арқылы үнемі алға баса беруге тиістіміз. Мұны Елбасымыз да атап көрсетіп отыр. Сондықтан үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында бұл мәселеге жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінген. Бағдарламаның «Болашақ экономикасы» секторларын дамыту бөлімінде ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту және барған сайын ауқымдандыру еліміздің алдындағы маңызды міндет екендігі айтылып, осыған қатысты нақты шаралар белгіленген.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.