03 Ақпан, 2017

Мал ауруы белең алып тұр

398 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Атырау облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Мал саны, одан өндірілген өнімдер көлемі артқанымен, шешуін күткен мәселелер әлі де бар. Қызылқоға ауданында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мал шаруашылығы төңірегіндегі түйткілді жайттар айтылды. Шыны керек, алыстағы ауыл халқы мемлекеттік бағ­дар­ламалардың игілігі мен қолжетімділігі жайында біле бермейді. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша Исатай, Құрманғазы, Мақат аудандары мен Атырау қаласы мал сатып алу жоспарын орындамаған. Мұны өңір басшысы насихат пен ақпараттың аздығымен байланыстырады. Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығын өрістетуге қолайлы мекен. Алайда, төрт түлік мал арасында жұқпалы дерттің азаймай отырғаны алаң­­­даушылық туғызады. Өт­­кен жылы «Жасқайрат» жауап­­­кершілігі шектеулі серік­­тестігінде 635 бас қой пастереллез ауруынан өлді. Тайсойған ауылында бруцеллезге шалдыққан 47 бас ірі қара, 507 бас қой-ешкі малы түгелдей жойылды. Аудан әкімі Мақсот Мұқанов мал басының өсуіне бруцеллез індетінің кері әсер етіп отырғанын жасырмады. «Жыл сайын мыңға жуық мал жұқ­палы дертке шалдығады. Аурудың алдын алу жұмыстары әлі нәтиже бермей келеді», деді ол. Мал ауруына байланысты тағы бір дерек, өткен жылы мұ­найлы аймақта 6 912 бас ірі қара нодулярлы дерматит дертіне шалдыққан еді. Бұрын-соңды елімізде кездеспеген індеттен 1150 бас мал өлді. Бұл дерттің себебін мамандар ауа райының ыстық болуына орай қан сорғыш жәндіктердің тым көбеюімен түсіндірді. Әлі күнге дейін аталған аурумен ауырып шыққан жануарлардың вирус тасымалдау­шы ретіндегі қаупі ашық мәселе болып тұр. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұр­бай Әбдірахмановтың айтуынша, ауруға шалдыққан жануарларды емдеу үшін 5 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 785 адамға өлген малдары үшін өтемақы төленді. Ал наурыз айы­нан бастап ірі қара малға ауруға қарсы екпе жүргізіледі. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан»