Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 31 қаңтарында жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің даму кезеңдерін және қазіргі уақытта елдің алдында тұрған экономикалық мәселелерді атап көрсетті.
Қазақстан Бірінші жаңғыру кезеңінде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшті. Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» Стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Екінші кезеңнің нәтижесінде еліміз әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.
Өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанның Үшінші жаңғыру міндеттерін атап өтті. Бірінші басымдықта елдің үдемелі технологиялық жаңғыру мәселелері көрсетілген. Ол, ең алдымен, өмірдің барлық салаларына ақпараттық (IT) технологиялар енгізу қажеттігін білдіреді. Еліміздің дамуы жаңа инновациялар IT-технологиясымен байланысты. Қазақстан тек тұтынушы емес, сондай-ақ, IT өнімдерін өндіруші елге айналуға тиіс.
Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту болып табылады. Қазақстанның Үшінші жаңғыруында бизнес шешуші рөл атқаруға міндетті болады. Президент айтқандай, бизнес үшін шығындардың барлық түрлерін қысқарту ең маңызды шаралардың бірі болуы керек және бұл тек электр энергиясына, байланысқа, логистикаға, коммуналдық шығындарға ғана емес, сонымен қатар, әкімшілік шығындарға қатысты дейміз. Экономикадағы мемлекеттік сектордың функциялары барынша жеке бизнеске өтуі тиіс.
Үшінші басымдықта Президент макроэкономикалық тұрақтылықты белгіледі. Бұл салада, ақша-несие саясатында және экономиканы қаржыландыруда жеке капиталды тартуды ынталандыру рөлін қалпына келтіру керек. Біздің ойымызша, Ұлттық банк туралы Президент өте маңызды мәселе көтерді. Ұлттық банк тек қана инфляция ғана емес, сонымен қатар, экономиканың өсуіне жауапты болуы тиіс. Бұл Ұлттық банк миссиясының түбегейлі жаңа анықтамасы болып табылады.
Президент экономиканы қолжетімді және ұзақ мерзімді қаржыландыруды қамтамасыз ету үшiн Ұлттық банк пен Үкіметке нақты тапсырма берді. Мұндай қаржыландырусыз экономиканың қайта өсуі мүмкін емес.
Төртінші басымдық – адами капиталдың сапасын жақсарту. Осы басымдықтың маңыздылығы, яғни ХХІ ғасырдағы жаңғыру барысы тек білімді, белсенді қоғамға ғана сүйенгенде жүзеге асатыны ешқандай талас тудырмайды.
Бесінші басымдықта Президент институттық реформалар мен қауіпсіздік мәселесі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті атап көрсетті. Меншік құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлықты азайту елдің жаңғыруы кезеңінде стратегиялық маңызы зор қадам болып табылады. Осылайша, Президенттің бұл Жолдауы Қазақстанның қазіргі замандағы рөлін және орнын анықтауда тағы бір ірі қадам болды.
Қанат ОСПАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының бөлім меңгерушісі