07 Ақпан, 2017

Димаш – қазақтың Димашы

505 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америка құрлығына табаны тұңғыш тимегеніне, әлбетте, қазақ кінәлі емес. Сондықтан «қазақтың Колумбы» жоқ. Ешқашан болмайды да. Оның есесіне, бізде «қазақтың...» деп бас­талатын бөгде «аналогиялар» жетіп жатыр: «қазақтың Гомері» – Жамбыл Жабаев, «қазақтың Гагарині» – Тоқтар Әубәкіров, «қазақ­­тың Гастеллосы» – Нұркен Әбді­­ров, «қазақтың Ломоносовы» – Елдес Омарұлы, «қазақтың Чеховы» – Зейін Шашкин... Кезінде ақын Зейнолла Шүкіровті «Қазақтың Островскийі» дейтін, қазір оның жанына ғалым, жазушы Немат Келім­бетовті қосатын болды. «Қа­зақ­­тың Ибн Синасы» да екеу: «Ши­пагерлік баянды» жазды дейтін Өтей­бойдақ Тілеуқабылұлы мен Алаш ардақтысы, ғалым, дәрігер Халел Досмұхамедұлы. «Қазақтың Есе­нині» үшеуге жетіпті, олар: Бернияз Күлеев, Өтежан Нұрғалиев және Мұқа­ғали Мақатаев... Сөйтіп, «қазақтың пәленшесі», «қазақтың түгеншесі» деген бодан тү­сініктің аясында қалыптасқан «дәстүрді» жалғастырып қана қоймай, қызды-қыздымен тұлғалар арасындағы бәсекеге айналдыра бастағандаймыз ба, қалай? Теңеудің, шендестірудің, салыстырудың жөні, жобасы, жүйесі болса керек-ті. Жоқ, біз өзіміздегі елеулі тарихи яки тұлғалық құбылыстың бастауын шеттен іздейміз де, бір сәйкестік көргендей болсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз. Көбіне мән-мағынасына үңіліп те жатпаймыз. Мысалы, Аңырақай шайқасын «қазақтың Бородиносы», Кенесарыны «қазақтың Шәмілі» деген сияқты. Бергі уақытта мұндай дағды жал­пы ұлттық ауқымды қойғанда, ай­мақтар мен ауылдарға дейін таралып бара жатыр. Облыстық басылым беттерінен «Көзі тірісінде-ақ қазақтың Горькийі атанған Адамбек Ықыласов...», «Ол қатысушыларға кезінде қазақтың Маяковскийі атанған, Қайнар ауылының тумасы, өзінің саяси-әлеуметтік өлеңдерімен қалың оқырманды бау­рай білген ақын, драматург Қашаф Айтжанұлы...» деген жолдарды ұшы­растырғанда, кәдімгідей ойланып қалдық. Әрине, бұл мақалаларда есімдері аталған кісілердің қаламгерлігіне бірде-бір дүниесін оқымай тұра баға беруден аулақпыз. Таланттары танылмай келген жандар болса, білместігімізге кешірім сұрай­мыз. Бірақ Горький мен Маяковский секілді әдебиет классиктері қолына қалам ұстаған кез келген адамның қанжығасына байл­ай салатын жазушылар еместігі анық қой. Естеріңізде болса, 2015 жылы Витебс­кідегі «Славян базары» әнші­лер сайысында топ жарған тұста біршама жұрт Димаш Құдайбергеновті «қазақтың Витасы» деп атай бастаған. Биыл Қытайда өтіп жатқан I am a Singer музыкалық бәйгесінде әлгі салыстыру қайта жаңғырды. Бәлкім, бұған Димаштың екінші турда Аспанасты елінде жанкүйері көп Витастың репертуарындағы «Опера №2» атты күрделі композицияны кемеліне келтіре шырқағаны түрткі болған шығар. Әлде, үзіліп кетердей үздіктіріп, ұшар көкке созыла самғайтын сирек даусынан әлдебір ұқсастық іздегені ме? Бірақ БАҚ-қа берген сұхбатында біздің өнерпазымыз: «Менің «екінші Витас» емес екенімді музыканың қыр-сырын білетін мамандар түсінеді», деп, бұл пікірмен мүлде келіспейтіндігін айтты. Расында да, музыка білгірлерінің бірауызды байламынша, Витас төменгі және ортаңғы нотада әнді тақпақтап, тақылдап қана айта алады екен, Димаштың әуезді әуелетуіндегі құбыла құйқылжыған көркем пластиканы табиғат оған тарту етпепті. Жә, бұл төңіректегі таласты мамандар құзырына қалдырайық. Маңыздысы – Димаштың Витасқа ұқсайтыны не ұқсамайтыны емес. Бізді талантты жас әншіміздің ешкімнің көшірмесі болғысы келмейтіндігі қуант­ты. Өйткені, озық үлгіні басқа ұлт­тың ішінен тауып, сосын өз ортасына әкеліп, теңдесерлік балама қарас­тыру – кемшін сана көрінісі. Өзге халық­тың құндылықтарын малданып, «бізде де, шіркін-ай, сол сипаттас мынау бар» деп жаңалық ашу – жарасымды әдет емес. Көп ретте мұнымыз ақын Есен­ғали Раушановтың «Үстінде тұрып алтын­ның, басқаның күмісіне таң қалдық» деген қапалы күйіндей болып шығады. Қазір әлемде ақпараттық майдан өршіп тұрған заман. Адамдардың таным-түсінігінде символдардың, кодтар­дың, таңбалардың текетіресі жүріп жатыр. Әр ұлт, әр ел онда өз ұпайы­ның түгел, мерейінің үстем болғанын қалайды. Осы тұрғыдан алғанда, әнші Димаштың жоғарыдағы жауабы сахна ғана емес, сана сайысында да дұрыс жолда екенін аңғартты. Айтпақшы, соңғы ақпаратқа сүйен­сек, Витастың продюсері өз «жұл­дызының» әнін Димаштың орында-уы­н­ан қызғанғаны сонша, қытайларға «қалам алып, хат жазып», қиғылық салып жатқан көрінеді. Біле білсеңіз, бұл да – біздің жеңісіміз. Димаштың әншілігінің басым түсіп, тыңдарман жүрегін көбірек жаулап алғандығының айғағы. Иә, Димаш – қазақтың Димашы!

Талғат Батырхан,

«Егемен Қазақстан»