Кеше Парламент Мәжілісінде Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф «Дін істері және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң жобасын таныстырып, тұсаукесерін жасады.
Қазір қоғамымызда көкейкесті мәселенің бірі болғандықтан, оған деген қызығушылық ә дегеннен орасан болды. Қайрат Лама Шарифтің баяндамасында жаңа заң жобасының негізгі тұжырымдамалары мен ерекшеліктері, мақсаты мен қағидаттары туралы айтылды. Соның ішінде елдегі қазіргі діни ахуалға шолу жасалып, заң жобасының қажеттілігіне назар аударылды. «Дәл қазір мемлекеттің діни қоғамдастықтармен тығыз, өзара әрекеттесуі мен сындарлы үнқатысуы арқылы біздің елдегі дінсіздік, сондай-ақ діни көзқарастың шектен шығуы сияқты келеңсіз құбылыстардың таралуына жол бермеуге ықпал ететін уақыт келді. Дін – біздің қоғамымыздың ажырамас бөлігі. Сондықтан да мемлекет Қазақстандағы діндердің дамуына әрқашанда назар аударатын болады. Қарастырылып отырған заң жобасы қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдігін сақтауға бағытталған», деді ол.
Діни сенім-наным бостандығы заң жобасында үш негізгі қағидатқа сүйенетіні айтылды. Олар бейтараптық, толеранттылық және теңдік, деді шешен. Заң жобасы бойынша діни бірлестіктер 18 жасқа толған азаматтардың бастамасымен құрылады. Бұдан 18-ге толмаған жастың діни бірлестікке мүше болуға құқы жоқ деген ұғым туатын секілді. Заң жобасы діни бірлестіктердің қай конфессияға жататындығын көрсетпей, жалпылама атаумен тіркелуіне де жол бермейтіні белгілі болды. Бұл «Ата жолы» деген секілді жалпылама аттарды жамылатын секталардың тіркелуін шектейтін дұрыс тұжырым екен. Сонымен қатар, отбасын бұзуға, дүние-мүлкінен айыруға шақыратын немесе мәжбүрлейтін бірлестіктер де тіркелмейтін болып шықты.
Баяндамада ауруханалар, қарттар мен мүгедектер үйлері және түрмелерде әкімшілік адамдардың діни сенім бостандығын сақтау жөніндегі тілегін қанағаттандырып, діни қызметшілерді шақыруға көмек көрсетеді делінді. Сонымен қатар, сырттан әкелінетін діни әдебиеттерге сараптама жасалынатындығы айтылды.
Миссионерлік қызметтерді ауызға алғанда Қ.Лама Шариф көптеген елдерді мысалға келтіріп, оларда шетелдік миссионерлерге тыйым салынғанын немесе қызметтеріне шектеу қойылғанын атап өтті. Солардың қатарында Қытай, Грекия, Австрия, Малайзия аталды. Ал бізде бүгінгі күні 27 мемлекеттен шамамен 300-ден астам миссионер келіп, тіркеуден өтіпті. Олар көбінесе Польша, Корея, АҚШ, Германия Ресей, Украина, Италия, Швейцария және Испаниядан келгендер екен.
Заң жобасында шетелдіктер миссионерлік әрекетті Дін істері жөніндегі агенттікте тіркеуден өткеннен кейін ғана жүргізе алатындығы және жыл сайын қайта тіркеуден өтетіндігі міндеттеліпті.
Шешен сөзін аяқтаған бойда сұрақтар жауып кетті. Соның ішінде депутат Қ.Уәли Қазақстанның батысында пайда болған ағымдарды, сондай-ақ «Асыл Арна» телеарнасын, әйелдер мен жас қыздардың хиджап киюін сынап, осыларға қандай тосқауыл болатындығын сұрады.
Әрине, кәсіпкер дипломат болған төте сұрақтарға мүмкіндігінше жұмсақ жауап беруге тырысты. Соның ішінде хиджаптың араб бәдәуилерінің ұлттық киімдері екендігін деректерге сүйеніп айтып берді. Депутат Н.Сабильянов діни ғибадатханаларға әке-шешесінің атын беруді шектеу туралы арнайы бап неге енгізбеске деген ұсыныс жасады. Сондай-ақ ол жобада ғибадатханалардың өндіріспен айналысуына рұқсат берілетінін жақтырмайтынын білдірді. Ғибадатханалар коммерциялық құрылым емес қой, сондықтан олардың өндіріспен айналысуына жол берілмегені дұрыс, деді депутат.
Депутат Б.Тілеухан діни мақсатпен заң бұзушылық жасағандарға 50 АЕК көлемінде айыппұл салудың аз екендігін, оларға қылмыстық іс қозғалуы қажеттігін көрсетуді сұрады. А.Смайыл заң жобасының кіріспесінде дін дегеннің өзі не екеніне түсінік берілуі қажеттігін еске салды. Депутат Г.Сейітмағанбетова жатақханада тұрып, намаз оқитын студенттерден қауіптенетінін жеткізді. Маған бір ата-ана шағым жасап, Еуразия университетінде оқитын қызының жанында тұратын қыздардың дін жолында екендігінен шошынып, оны басқа бөлмеге ауысуға көмек беруін сұрады, деді ол.
Осы сұрақ туралы пікірін айтқан Сәдуақас Ғылмани мешітінің имамы Бақтыбай Қыдырбайұлы адамдардың намаз оқитын жастардан қауіптенетініне қынжылысын білдірді. Керісінше, ата-ана қызының ондай иманды адамдармен бірге жүргеніне қуануы керек. Әрине, кейбір қауіпті ағымдардың бары рас, бірақ жас қыздардың сондайлардың қатарында екеніне көзі жетпей тұрып байбалам салу қателік, деді ол.
Сөйтіп, көп пікірталастар мен түрлі ұсыныстар тудыратын заң жобасы Парламенттің қарауына алынды.