08 Ақпан, 2017

Білім беруде нені ескеру керек?

314 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Тәуелсіз еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруді, оның сапалық деңгейін үйлесімді дамытуды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев басты мақсат етіп қойып отыр. Демек, Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына қосу үшін ұлттық-рухани қасиеті қалыптасқан, өзіндік тәрбиесі мен білімі, іскерлігі мен дағдысы бар жас ұрпақ өсіруіміз керек. Осы орайда орта және жо­ға­ры білім беру жүйесінде бі­лім мен тәрбие сапасын көтеру ба­ғытында жүргізілген реформалар осы мақсатты басшылыққа ала отырып, ғылыми негізде жүр­гізілуі қажет. Жалпы білім беретін орта мектептердегі білім беру жүйесін сапалы деңгейге көте­ру­де мек­тепішілік бақылау мен зерт­теудің маңыздылығы ерек­ше. Бұл жауапкершілікті, әді­лет­тілікті, біліктілікті қажет етеді. Мұғалімдердің білімін тексеру, бақылау белгілі бір ұстаздың сағын сындырып, кек алу үшін емес, олардың қабілеттерін, іскерлігін, шеберлігін зерттеу, үйрену мақ­са­тында жүргізілгені жөн болар еді. Бақылауды әділдікпен, сауаттылықпен жүргізбесе, басшылар мен ұстаздардың арасында дау-жанжал туындауы мүмкін. Сондықтан, мектепішілік бақылау белгілі бір мақсатқа байланыс­ты жүргізілсе ғана тиімділігін береді. Басқаша айтқанда, саны бар да, сапасы жоқ, тек сабаққа қатысудың санын толтыру үшін емес, белгілі бір ұсыныстар мен тиімді нұсқаулар беру үшін, ұстаздардың кәсіби шеберлігін, теориялық білімін, жаңалықтарын білу бағытында жүргізілгені пайдалы болмақ. Мүмкіндігінше, сабаққа қатысушының мамандығы сабақ өткізіп тұрған ұстаздың мамандығымен сәйкес болуы қа­жет. Мектепішілік бақылау кезінде ұстаздың теориялық бі­лімі, сабақ беру кезінде тиімді әдіс-тәсілдерді таңдап алу ше­бер­лігі, оқушылармен қарым-қатынасы, логикалық ойының тереңдігі байқалады. Сонымен бірге, мектеп директоры болып тағайындалатын тұлға (негізі сайланып қойылса дұрыс болады) мектепті басқарудың бар­лық баспалдақтарынан өткен, кемінде 8-10 жыл педагогикалық өтілді меңгерген әрі мектепте жүргізілетін негізгі пәндерден жалпы түсінігі бар педагог болуы керек. Елбасы Н.Назарбаевтың «5 реформа және 100 нақты қадам» деп аталатын Ұлт жоспарына зер салып, зерделей қарасақ, білім беру жүйесіне де ерекше мән бергендігі байқалады. Әсіресе, сапалы білім беруге, білікті маман дайындауға жіті назар аударылып отыр. Мәселен, 76-қадамда 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, мектептегі оқыту стандарттарын жаңарту міндеті қамтылған. Өкінішке қарай, 12 жылдық білім беру эксперименті 2003 жыл­дан бері жүргізіліп келеді. 2019 жылдан бастап орта мектеп­терге 12 жылдық бі­лім беруді енгізетін бол­сақ, әлі де аса мән бе­ретін тұстарымыз бар. Негізінен келтіріп отырған дәлел-дәйе­гіміз төмендегідей. Біріншіден, 12 жылдыққа қатысты нормативті құжаттар дайын емес. Екіншіден, оқулықтар мен оқу құралдары жеткіліксіз. Үшіншіден, елімізде 140-қа жуық апатты жағдайдағы жә­не үш ауысымдағы мектептер бар. Төртіншіден, ХІ, ХІІ сынып­тар­ға білім беретін білікті магистр­лер дайындала қойған жоқ. Енді, Елбасының нақты бақ­ы­лау­ы­мен осы кемшіліктердің орнын толтырғаннан кейін ғана 12 жылдық білім беруге көше аламыз. Сондай-ақ, оқушыларды ерте жастан бастап күрделі бағ­дарламалармен оқытып, күрделі тапсырмалар беру олардың пси­хофизиологиялық жетілуіне жә­не ақыл-ой дамуына кері әсер ететінін, сонымен бірге, олардың білімге деген ынтасын шектейтінін әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 12 жылдық мектептің бастауыш сыныптарына білім беру стандарты мен барлық пәндердің оқу бағдарламалары әлі де болса мұқият талқыланып, оларды жетілдіру мақсатында тиянақты жұмыстар атқарылуы қажет. Сонымен қатар, 12 жылдық мек­тептің білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларына және оқу-әдістемелік құралдарына жеке оқушының ұлттық, рухани-адамгершілік құндылықтарын, патриоттық және зияткерлік қасиеттерін, ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған материалдарды молынан енгізу керек. Ал енді 79-қадамда білім беру жүйесінде жастарды ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшіру, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру міндеттері көзделген. Себебі, электронды байланыстың 70 пайы­зы, техникалық байланыстың 80 пайызы ағылшын тіліне тәуелді. Дегенмен, қос тілділік проблемасын зерттеп жүрген канадалық ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, біріншіден, оқушыға өз ана тілінің уызына жарығаннан кейін ғана шет тілін оқыту керек. Екіншіден, ана тіліне басымдық бере отырып, шет тілін үйретуіміз қажет. Академик Асқарбек Құсайы­нов бастауыш сыныптар­ды үш тілде оқыту мәселесі жөнінде әлемнің өркениетті 20 еліне зерттеу жүргізіп көрген. Сонда осы елдердің ішінде 2 тіл 1 сыныпта 4 елде, 2 сыныпта 5 елде, 3-6 сыныптарда 13 елде ғана оқытылады екен. Бірде-бір елде үш тіл оқытылмайды. Ғалым Алматы қаласы мен Алматы облысының 8 қазақ мектебіне әлеуметтік зерттеу де жүргізген. Бастауыш сынып оқушыларына 3 тілді оқытқанда, олардың 3 тілді де меңгеру деңгейі төмендеген. Балалар тілдерді шатастырып, сөйлегенде өздері де оған мән бермей, үш тілді қосып сөйлеу фактілері кездесетіні байқалған. Міне, осындай себептер 76, 79-қадамдарды іске асыру үшін де білім беру жүйесін жетілдіре түсуімізді талап етеді. Жалпы, білім беру жүйесіне үш тұғырлы тіл саясатын енгізуге байланысты өзіндік ой-пікірімізді де білдіргенді жөн санаймыз. Біріншіден, қазақ елінің жас ұрпағы балабақшада, мектепалды даярлық топтарында, бастауыш мектепте білім мен тәрбиені тек қана қазақ тілінде алуы қажет. Таяу және алыс шет мемлекеттердің тілдерін 5-6 сыныптардан үйренсе де меңгеріп кете алады. Себебі, қазақ халқының жас өркені дарынды, талантты, қабілетті екендігі талас туғызбайды. Оның үстіне педагогиканың тұжы­рым­да­ма­сында балаға шет тілін 11-12 жастан бастап оқыту көзделген. Екіншіден, 2019 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептердің жоғары сыныптарындағы физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылмақшы. Осыған орай, ең басты ұғымдар мен түсініктерді ғана ағылшын тілінде беріп, негізгі тақырып мазмұны мектептің оқытылу тіліне сәйкес (қазақ немесе орыс тілдерінде) түсіндірілуі керек. Үшіншіден, қазір жоғары оқу орындарында көптілді топтар ашылып, осы топтарда білім алатын студенттерге негізгі пәндерден дәрістер мен тәжірибелік сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде түсіндіріліп жүр. Біздің пікірі­міз­ше, үш тілде бір мезгілде оқы­ту студенттерге күрделі лин­гво-психологиялық ахуал қа­­­лыптастырады. Сондықтан, әсі­ре­се, болашақ педагог маман­дар­ға жекелеген пәндерді оқыту әдіс­темесі (мысалы, физика, химия, биология, информатика) элек­тивті курс түрінде орыс немесе ағылшын тілінде жүргізілсе тиімді болар еді. Шындығында, еліміздің білім беру жүйесіне аса сергектікпен қарап, байыпты да байсалды шешімдер қабылдап, айрықша мән бергеніміз абзал. Айдар САБЫРОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті